ТАТУЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫНДАЙ

Қазақылық қаймағы бұзылмаған өңірімізде өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде еркін сөйлеп, кез келген басқосуларда өз үндеулерін жеткізіп отырады. Басына іс түскен өзге ұлт өкілін бауырына басқан қазақ жұртының қамқорлығын менің аталарым да көрген. Қуғыншылықтан бас сауғалап келген біздің туыстарымыз қазақтан пана тапқан. Мен мұны әке-шешемнің әңгімесінен естігенмін. Осы орайда, әлемдік аренада өзіндік қолтаңбасын қалдыра отырып, Қазақстан атты мемлекетті жалпақ жұртқа танытқан Елбасы еңбегі ерен. Бүгінде ширек ғасырдан астам уақытта шарықтап дамыған мемлекетіміз өркендеу жолында. Міне, әркез татулықтың діңгегі болған Отанымыз алпауыт мемлекеттер қатарына қосылуға нық қадам басты. Ең бастысы, Алғыс айту күні – тыныштық пен үндестікке негіз болған барлық ел азаматтарына деген құрметтің орнығуына бастамашы айшықты мереке. Ұлттар жарасымдылығы – жан-жақты бітімгершіліктің айғағына айналған еліміздің бет-бейнесі. Қазақ жұртшылығы қаймағы бұзылмаған қалпынан тайған емес. Елімізде мәңгілікке тұрақтаған бауырлас ағайындар егемен елдің ертеңіне сеніммен қарап, қазақстарға алғысын айта бермек.
Е.МЯСЦОВ,
өзге ұлт өкілі