АнтиБит

    – Жеңеше, өләәә, түсімде бит көріп жүрмін, – деді Бағила таңертең көп қабатты үйдің қоқыс жәшігіне қатар кеп қалған көрші абысынына жерден жеті қоян тапқандай қуанышты екпінмен.
– Басыңда бит жоқ па еді, – деді абысыны қулана күліп, қолындағы қоқыс пакетін басынан асыра лақтырып жатып.
Арыны су сепкендей басылды. Әдетте түсінде бит көрсе, баййды деп білетін Бағила жарым ырыс – жақсы сөзін қимаған абысынының сөзіне біртүрлі боп қалды. Жасыратын несі бар, әрі қайнысының жақында ғана бастаған ісіне береке тілеп, ниеттестік білдірер деп ойлаған.
– Қойыңызшы, тәйірі! – деді ренжігенін жасыра алмай.
Кенеттен бейне бір абысынының сөзін естіп қойғандай қызғылт орамалының астындағы басы дуылдап қоя берді. Орамалын түзеген болып, әрі-бері білдіргісі келмегенмен әзір қоятын түрі көрінбейді. Қазір қасыса, қасындағы абысыны жалма жан шашын қарап беріп, қолына бит ұстатып жіберердей болып қымсынды да, кетуге асықты.
– Ойбуу, газге шай қойып кетіп едім, қайнап кеткен шығар. Сіз бірге ішпейтін бе едіңіз, – деді сасқанынан абысынының жұмысқа кетіп бара жатқанын киім киісінен көріп тұрса да.
– Ішуге болады. Бүгін ертерек шығып едім, әй, бірақ кете берейін, анау 20 маршруты құрғыр келіп болмайды ғой, – деді абысыны, шайды да қимай әрі жұмысқа да асығып. – Өзің жұмысқа бармайтын ба едің?
– Бүгін сұрандым, – деді бұл қысқа қайырып.
– Қашпақ болсаң – зымыра. Қой, мен кеттім.
– Мейлі, өзіңіз біліңіз.
Көрген түсінің күл-талқанын шығарғаны үшін шай беруге зауқы соғып тұрғаны шамалы еді. Орамалының сыртынан басын ауық-ауық сипаған күйі аяңдай басып үйге беттеді. «Расымен-ақ биттеп кеткенім бе, басыма не көрінді бүгін сонша дуылдап» деп кіреберіске өз-өзінен күбірлей кірді. Пәтеріне кірген бойда-ақ жатын бөлмедегі айна алдына асықты. Шашының екі айырылған тұсынан жау қуғандай безек қағып бара жатқан бір битті шап беріп ұстай алды. Көзіне сенер-сенбесін білмеді. Бұл абысын көріпкел болып жүрмесе игі. Әлде білгені бар ма? Айна алдына сеспей қатқан Бағилада ес қалмады. Ойпырмай, шынымен биттеп кетіппін. Бұл қалай болғаны а?! Мынау сұмдық қой. Түсінің өңіне айналарын кім білген? Абысыннан басқа. Ойпырмай, түс көрмегенде биттегенімді қашан білуім неғайбыл екен-ау.
Кеше, алдыңгүні, бүрсігүні, арғы күні, оның арғы күні... Құдай-ау кіммен кездесті? Қайда болды? Қайда барды? Кинотаспасындай зырғытып көз алдына ойша елесте бастады. Кімді көрсе де бәрі бұның басындағы битті байқаған болды ғой. Түнеугүні жиналыста болып еді. Масқара-ай жұрттың бәрі көрген болды ғой! Бәсе, соңғы кездері басы қыши беретін болып еді. Бірақ бұл ақ шаштан шығар деп жүрген. Шашы да біраздан бері боялмап еді. О тоба, айдың-күннің аманында, күн жаумай су болып, қара басып, биттегені несі? Мына қыстың күнара жаңбырлатып, жылы болғанының да әсері ғой, – деді бір уақ өзін өзі жұбатып. – Әлде әлсіздік пе екен? Ойбай, анау балабақшаға баратын қыздың басы аман ба десейші? Өз ойынан өзі селк ете түсті. – Көгергір-ай, бәленің басы содан болды ғой. Енді қайттім? Кеше ғана ауруханада жатқан құдағайға барайын деп жұмыстан әдейі сұранған Бағила үшін бұл бір ғасырдан да ұзақ күн болатын сыңайлы. Мұрнына майдың исі келгендей болды. Қап! Ерте тұрып, ет салған екен-ау қазанға. Битті ойлап тұрып, тарс ұмытыпты. Басына орамалын жүре тартып, жеделдете асханаға жетті. Қазанның сорпасы тасып, газы өшіп қап, май мен газдың иісі қатар шығып жатыр екен. Дереу терезені ашты. Көбігі тарап кеткен сорпаны бір-екі рет сапырды да, газды баяу отқа қойып, астыңғы қабаттағы көрші Күнімжанға құстай ұшты. Қоңырауды басуы мұң екен, декретте үйде баламен отырған келіншек құдды есіктің аузын күзетіп тұрғандай, дереу аша қойды.
– Күнімжан, өләәә, шашымнан бит алдым жаңа ғана, – деді ентігін баса алмай. Көршісі аң-таң:
– Саламатсыз ба?!
– Ойбуу, амандаспаппын да ғой есім шығып. Қалайсың? Жақсысың ба? Өсіп жатсыңдар ма?
– Шүкір, шүкір. Келіңіз. Кірсеңізші, босағада тұрмай.
– Қой, кірмеймін. Асығыспын. Бәлінсаға тамақ істеп жатырмын.  Жаңа айнаға қарап, басымнан бит алдым.  Жүрегім ұшып кетті. Жай жүрген бір бит пе әлде биттеп кеттім бе, білмеймін. Шашымды бір қарап жіберші, жаным, – деді Бағила орамалын басынан жұлып алып еңкейген бойы.
– Құдай-ау, есіктің алдында тұрамыз ба енді осылай? – деді Күнімжан алакөлеңке дәліздің жарығын жағып жатып. – Иә, сірке бар басыңызда. Әсіресе төбеңізде.
Жайсыз хабарды жеткізген көршінің үні бәсең шықты.
– Желкем, дуылдап бара жатыр. Желкем ше?
– Иә, иә, желкеңізде де бар. Негізі енді түскен-ау деймін. Ондай көп емес, – деді және жұбатып.
– Шынымды айтсам, басым істеп тұрған жоқ. Енді не істеймін, Күнімжан? – деді Бағила жыламсырай көршісінен көмек сұрап. – Базардан бит тарақ алам ба?
– Иә, бит тарақ аласыз. Бірақ базарды қайтесіз, дәріханада арнайы сататыны бар. Ақ матаға шашыңызды сүзіп тарайсыз, сіркені жақсы түсіреді. Бірнеше рет тарасаңыз кетіп қалады өзі-ақ.
– У ше? Уласам қайтеді?
– Иә, уласаңыз да болады. Бірақ сол уы құрғыр көбейтіп жібере ме бірдеңе. Не бәлесі барын қайдам? Онша көмегі жоқ сияқты. Қазір баяғыдай емес, көп қой, битке қарсы спрей, шампунь толып тұр аптекада.
– Өләә, рақмет, саған Күнімжан. Алла разы болсын. Мен кеттім ал. Жақсы. Қызымды уайымдап тұрмын бәрінен бұрын. Негізі содан болды-ау, – деді Бағила есіктен шығып бара жатып орамалын түзеп.
– Түк уайымдамаңыз. Екінің бірі биттеп жатыр қазір, – деді көршісі де көңіліне дем беріп.  
Биттің азы не, көбі не деп ойлады Бағила табалдырықпен көтеріліп келе жатып. «Ол бәлесі құрғыр бір туғанда мыңдап балалайтын шығар». Үйге кірген бетте еттің қамырын илеуге кірісті. Біраздан соң оны жайды, қазанға салды... ауруханаға барды. Түске дейін битті ойлауға мұршасы болмас еді, бірақ дуылдатып бара жатқан басы болса мынау, өң мен түстің ортасында жүргендей болды. Құдағайдан қайтып келе жатып, бит тарақ, антибит деген дәрі мен шампунь сатып алайын деп жолай дәріханаға соқты. Удың заманауи спрей түрі 7000 тұрады. «Удай қымбат қой мынау!». Жақында ғана бір газеттен: «Бит сатылады. Бағасы – 6000 теңге» деген хабарландыруды көзі шалған. Қымбат болатындай да жөні бар екен-ау деп ойлады.
Жұмыстан күнде сұрана бермейді ғой, бос күнін пайдаланып, үйдегі көрпе-көпшікті қағып-сілкіп алмақ болды, бірақ әуелі басымның битін тазалап алайын деп бір тоқтады. Кілем, алаша, көрпе-жастық, жайма – бәрінде бит өріп жүргендей өне бойы дірілдеп қоя берді. Түс ауа мектептен бірінен соң бірі келген ұлдарының басын біртіндеп қарап шықты. Уф! Шүкір! Таза екен. Бала күнінде шешесінің бұларды жылатып отырып, шашын тазалайтыны есіне түсті. Сол кезде шашымды жұлдың деп қашушы еді, енді сол шешеге зар боп қалғаным-ай! Қазір жетіп барғанмен, бит тазалауға оның көзі жетсе бір жөн ғой. «Қайбір көз қалды дейсің» деп көрші қаладағы шешесін ойлап қамығып қалды. Қыздың бұл да бір бейнеті екен-ау. Кешкісін балабақшадан келген қызының бас салып басын қарады. Байғұсым-ай, сірке тұтасып тұр. Жабысқақ деген құйқаны басып қалған. Бит өріп жүр. Сұмдық-ай сұмдық! Бұндайды кім көрген?! Масқара! Бала шіркін, қанша алдандырса да жылап бой берер емес. Басыңда бит бар дегенді екі жасар бала қайдан түсінсін? Мәмесіне күнде жабысып жататын бұл қыздың басындағы бит бұған жұқпағанда кімге жұғады?!
 – Ертең СЭС-ті шақыртып, балабақшаның шаңын бір қағып алсам қайтеді, – деді кешкісін шай үстінде отағасымен ақылдасып.
– Қатын-ау, шақыртуын шақыртасың-ау. Сосын ол балабақша кем дегенде бір аптаға карантин деп жабылады. Қызыңды не істейсің? Үйде отырасың ба? Жұмысың ше? – деді ол сұраулы жүзбен.  – Оны үлкен үйге әрі-бері кім тасып жүреді?
– Е-е-е, сенікі де жөн екен, – деді бір уақ сабырға кеп. Әр айдың соңында жетіп кеп тұратын ірілі-ұсақты сегіз несиесі де есіне түсті. – Балабақшаны шулатқанша биттеп жүре бергеніміздің өзі жақсы шығар.
– Қызымның басын тазаладым дейін, ертең тағы жұқса ше, қой болмас, ескертейін, – деді әлден уақытта отағасына қарап.
– Ескертсең, ескерт! Басқалар да балаларының басын тазартсын, – деді күйеуі дастарқан басынан тұрып бара жатып басын қасып.
– Үйде боласың ғой я, – деді күйеуінің соңынан дауыстап.
– Иә. Не болды?
– Қазір ана қыздың басына у жағам. Көзіне тиіп кетпеу керек. Басын ұстап отырасың ғой. Сосын жуғанда да көмегің керек.
– Жақсы.
Бағила суып қалған кесесін қолына алды.
– Анашым, телефоның шырылдап жатыр, – деп ортаншы баласы қалта телефонын ұстата салды.
– Кім?
– Сәнду жеңшем ғой, – деді ұлы үлкен үйдегі кіші келінді меңзеп.
– Алло?!
– Сәлем бердік, жеңеше!
– Бақытты бол, айналайын!
– Қалайсыздар?!
– Шүкір, шүкір, жақсымыз.
– Таңертеңнен бері сізге хабарласам деп сәті түспей қойды. Сіз түсті күшті жоритын едіңіз ғой, жеңеше!
– Иә, қандай түс?
– Түсімде бит көріп жүрмін. Не болады енді? Айтыңызшы, – деді келіні тағатсыздана телефонның ар жағынан тап бір көріпкелмен тілдесіп тұрғандай.
«Басың биттеп кеткен жоқ па екен?» – дей жаздап, Бағила тілін тістей қойды.
                                                                                              Ж.САҒИДА
07 наурыз 2019 ж. 2 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930