» » Қонақ келе жатыр

Қонақ келе жатыр

                                                                                    Bugingi angime

  • Ал, үй жинайық, балам!
  • Апа, не үйге қонақтар келе ме?
  • ...
Гүлдәрі абдырап-ақ қалды. Шынымен-ақ қонақ келетін кезде ғана үй жинап жүр ме жазған басы. Үйдегі көгергірлердің әр жерде шашылып жатқан киімдерін ұстаған күйі шкафқа тыға жүріп қанша ойланса да, жан-жағынан шашы бұрқырап тұрған орамалының сыртынан құйқасын ауық-ауық қасыса да, соңғы рет қолына қашан сыпырғыш ұстағанын есіне түсіре алмады. Соған қарағанда бұл үйге қонақ келмегеніне біраз болған-ау шамасы. Расымен-ақ ат ізін ешкім салмағаны ма сонда? Е-е-е түнеугүні абысыны келіп кеткен екен ғой. Бірақ ол үйдің де қашан барса, едені шаңнан көрінбейтіні есіне түсіп, бұл да сыпырғыш ұстауға ерінген де қойған. Сөйтті де: «Өйбуу-у-у, жеңеше-ай, үй шашылып жатыр. Үлгермей қалдым. Жаңа ғана кезекшіліктен келіп едім. Айыпқа бұйырмаңыз» деп жуып-шайып, абысынының қайырмасын өзіне қайырған. «Түк етпейді, бәріміздің де үйіміз осы ғой. Жұмыста жүрген соң қайсыбіріне үлгересің?! Ештеңесі жоқ, таза ғой» деді абысыны да жұбатып. Енді бұл «...бәріміздің де үйіміз осы ғой» дегеніне әжептәуір шамданып қалды, бірақ онысын білдірмеді. Өзін тазайын санағандықтан ба, әйтеуір ұнамай қалғаны анық.
– Апа, апа!
– Құдай-ау, не болды?!
Ойдан ой қуалап жүріп, селт ете түскен Гүлдәрі балалар бөлмесіне қалай жүгіріп жеткенін өзі де аңғармай қалды. Әзірде ғана умаждап-умаждап тыға салған киімдерге сықа толған кішігірім шкафты баласы екі қолымен әзер тіреп тұр екен.
– Бұның ішінен не іздедің, тұқымың жайылғыр! Құдай-ау, адамға көмектерің бола ма десе, осы ғой, бір жағынан үлгермей жатқанда, бір жағынан бірдеңені шығарасың да тұрасыңдар. Не боп қалды? Неге келдің мұнда?!
Гүлдәрі шкафты орнына итеріп жатып, баласын жерден алып, жерге салды.
 – Апа, апа!
– Тағы не боп қалды, – деп төргі бөлмеге озды.
– Е-е-е, сен бе?! Болдың ба? – деді теледидар алдында отырған үш жасар қызын түбегінен тұрғызып жатып.
– Су ішем, апа!
– Су немене менің төбемде тұр ма? Барып ішсей енді!
Бес жасар ұлын ала көзімен атты. Түбекті көтеріп орнынан тұрған бойы сол еді, бесіктегі баласы оянды.
– Дүдән, тербет ана баланы. Туу-у-у, осы ғой бірдеңе істейін десең. Енді сен бір ауық тербетіп отыра тұр. Мен тездетіп, еден жуып алайын.
Легенге су құйып, шаң сүртетін шүберегін қолына алды.
– Апа, мен көмектесейінші! – деді қызы қиылып.
– Ой, отыра тұршы диванда. Қазір үсті-басыңның бәрін су қыласың. Қолыңды бүлдіресің. Осы ғой, енді бірдеңе істейін десең, жағаласасыңдар да жүресіңдер. Тыныш қана отыруға болмай ма? Үстіңе не болған сенің?! – асханадан шығып келе жатқан ұлын көріп шошып кетті.
– Столдағы суды үстіме төгіп алдым, – деді баласы жыламсыраған күйі.
– Әне, осы ғой, осы. Бар, құры, көзіме көрінбе. Киіміңді ауыстыр. Шкафты абайлап аш. Әй, Құдай-ай, ол да үстіңе құлап кетер. Тұра тұр. Мен алып берейін, – деді балалар бөлмесіне ұлымен қоса ентелей кіріп. – Асхананың еденін малмандай су қылған шығарсың, көгергір. Өзім-ақ алып беруім екен сол суды. Ту-у-у, қашан адам боласыңдар, сендер!
Ашуға булығып жүріп, әлгіндегі умаждап-умаждап тығып жіберген киімдердің арасынан керегін әрең тапты-ау.
– Апа, мен де киім ауыстырайыншы.
– Отырайын сол, сендердің киімдеріңнің бірін шешіп, бірін кигізіп. Баршы анда. Сосын киесің басқасын.
Көзінің жасы мөлтілдеген қызының көңілін қимады сірә.
– Кел, мұнда. Қайсысын киесің?
– Апа!
– Не? Әй, саған бесік тербет дегенім қайда?
– Шешіп алайықшы. Ұйықтамайды. Ояу ғой. Көзін дым жұмбайды.
– О-ой! Оны тағы бес сағат киіндіреміз ғой сосын. Қай уақытта үй жинап үлгерем мен. Шыдай тұрсаң қайтеді шамалы! Түнімен дастарқан дайындаған еңбегім еш кететін болды-ау. Қазір келеді адамдар. Отырайық сол ботқамыз бен сорпамыз араласып. Сәл ерте тұрғанымда, Құдай-ай...
Айтып ауыз жиғанша, есіктің қоңырауы да басылды. Қонақтар да келді.
– Ой-буу-у, үйіміз шашылып жатыр. Айыпқа бұйырмаңыздар, – деді Гүлдәрі есікті ашып жатып. –  Төрлетіңіздер! Келіңіздер! Жоғары шығыңыздар!
                                                                 
                                                                                                       Ж.САҒИДА
 
07 ақпан 2019 ж. 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930