Жас жігітті тепкіге алып өлтіргендер 1,5 жылдан бері жазасын алмаған
Алматы облысында тойдан шыққан жігітті топ болып тепкілеп өлтіргендер бір жарым жылдан бері жауапқа тартылмай келеді. Себебі, Талғар аудандық соты прокуратураға, ал қадағалаушы орган болса полиция басқармасына сілтеп әлек. Марқұмның туыстарының көңіліне күдіктілердің бірінің кепілмен босатылғаны да кірбің ұялатып отыр. Ал, екіншісі қамауда делінгенмен, оған да сеніміміз аз дейді.
Құзырлы органдардан әбден күдерін үзген жәбірленуші тарап "Еуразия" арнасына хабарласып, өрімдей ұлдарының өмірін қиғандар әділ жазасын алса екен дейді.
23 жастағы Сұңғат Сәрсемхан осыдан 2 жыл бұрын досының тойына барған. Оны тойдан шыққан сәтте бір топ жігіт тепкінің астына алған. Ауыр соққыдан жас жігіт сол жерде көз жұмған. Қылмыстық істі полицейлердің бір жарым жылдан бері тергеп біте алмағаны жәбірленуші тараптың шамына тиіп отыр.
"Негізі бұл алты бала болады ұрып өлтірген. Екеуі отырады, біреуі қазір бостандықта жүр. Екіншісі мүмкін ол да бостандықта жүр, оны білмейміз. Енді бұл екінші рет ДС-қа қайтарған кезде үшінші адам бар бұның жанында, ол екінші адамға көмектескен өлтірген кезде. Ол баланы да тапқан жоқ. Енді мен білмеймін бір жарым жылдан бері не сот дұрыс болып жатқан жоқ", - дейді марқұм Сұңғат Сәрсемханның анасы Жазира Қалығұлова.
Сұмдық оқиға 2017 жылдың 27 қазанында Талғар ауданында орналасқан Көлсай мейрамханасында болған. ресторандағы бейнебақылау камерасына жастардың төбелескен кезі түсіп қалыпты. Одан Сұңғатты соққыға жыққан сәтті де көруге болады. Төбелеске қатысқан 10 баланың тек екеуіне ғана айып тағылған. Марқұмның туыстары іс сотқа жетпей сыйырқұймышақтанып кете ме деп қауіптенеді. Өйткені, құзырлы органдар бір-біріне сілтеумен келеді екен.
"Прокуратура сотқа жібереді, сот прокуратураға жібереді. Тергеушіге айтсаң біз дұрыс тергедік дейді. Бұл жерде тергеуші басында қалай тергеді солай қойып қойды. Сотқа барса біз кінәлі емес, прокуратура дейді. Шындығына келгенде прокуратура дұрыс тексермей тұр", - дейді марқұмның әкесі Оспандияр Бегдалиев.
Қылмыстық істі тергеу барысында бірнеше тергеуші ауысыпты. Ақыры оншақты адамның ішінен екі адамға қасақана дене жарақатын салу және бұзақылық бабы бойынша айып тағылған. Оның бірі қамалса, екіншісі кепілмен босатылған. Дегенмен, марқұмның туыстары қамауға алынған сезікті осы уақыт бойы әлі изоляторда отыр дегенге күмәнмен қарайды. Ал, іІсті қараған тергеушілер үшінші күдіктінің кім екенін сол күйі анықтал алмапты. Қылмыстық іс сотқа екі мәрте жолданғанымен, шала тергелуіне байланысты кері қайтарылыпты.
"Бірінші сот Мұхамеди қайта тергеуге қайтарған кезде прокуратура тарапы өзінің тағылған айыбымен келіспей, кері қайтаруына көңілі толмай Алматы облысының опеляциялық алқасына шағым түсірген болатын. Бірақ, ол шағымды қанағаттандырған жоқ", - дейді жәбірленуші тараптың адвокаты Кәшат Шынтекова.
Ал облыстық полиция департаментінің өкілдері күдіктілердің бірінің босатылғанын растады. Ал істі қайта тергеу әлі жүріп жатыр екен. Бірақ, құзырлы орган өкілдері үшінші күдіктіге қатысты тіс жармады.
"Сотқа дейінгі тергеу кезінде қылмысқа қатысы бар екі күдікті анықталды. Талғар ауданының соты бір күдіктіні қамаққа алу туралы санкция шығарса, бір күдікті тергеу кезінде кепілдемемен жіберілді. Қылмыстық іс облыстық тергеу басқармасының өндірісінде. Қазіргі таңда тергеу амалдары аяқталуға жақын", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.
Ал, марқұмның туыстары айдың-күннің аманында келінін жесір, немересін жетім атандырған күдіктілердің бір жаорым жылдан бері жауапқа тартылмағанына наразы. Өйткені:
"Жемқорлық деп ойлаймын. Жемқорлық болмаса неге заңды түрде бәрі заңды нәрсемен жүріп отырған кезде бұлар өздерінің жазаларын алып кетпейді?" - дейді олар.
Stan.kz