22&22

  1. Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халқының өмірімен біте қайнасып, бес мың жыл бойы тойланып келеді. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.
2. Бұрынғы қариялар 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» дейді екен Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы. Сөздің шығу төркіні де осы елдің төл тіліне тиесілі. Қазақ халқы Наурызды Амал мерекесі деп тойлаған.
3. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санына байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақ шақырып, өзі де 7 үйге қонаққа барады. Өзбекстанда «сумалақ» – наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті азықтық заттан әзірленеді.
4. Наурыз мерекесі ХVIII ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда атап өтілген, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде кездеседі.
5. Наурызды тойлау тарихы Ұлы Абай өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманымен ұштастырады.
Парсының «нау» сөзі әр түрлі өзгерістерге ұшырағанмен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша нов (ай),
немісше нойе, латынша нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халық еншілеуден да бұрын пайдаланылған.
6. Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – қытымыр қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.
7. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқанын» мәлімдеді. Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
8. Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиетті бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрам.
9. Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халқының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халық Наурызды бірнеше күн тойлаған.
Яғни, олар Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған екен: Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.
10. Наурыз мейрамына байланысты мынадай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы.
11. Наурыз мерекесінің туу тарихы турасында талас көп. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм мен шаманизм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Парсы патшасының жорықтарымен де байланыстыратын тарихшылар бар.
12. Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі – көрісу. Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге барлығы «Бір жасың құтты болсын!» деп амандасады, яғни жыл ауысып, жасыңа тағы бір жас қосылуы құтты болсын деген мағынаны білдіреді.
13. 1926 жылдан бастап тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.
14. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Н.Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.
15. Наурыз Қазақстанда ғана тойланбайды. Жақын шетелдің барлығы (Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей) Наурыз мерекесін қарсы алады. Ауғанстан, Иран секілді алыс шет елдері мерекенің келуін тағатсыздана күтеді.
16. Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталды. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне «Бұлақ көрсең, көзің аш!» деген мәтелге байланысты болды, яғни таң атысымен айналаны тазартып, бұлақ көзін ашып, табиғатқа жанашырлық таныту – Наурыз мерекесінің мәні зор айрықша дәстүрінің бірі.
17. Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың деп сендіреді. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынадай қанатты сөз бар: «әз болмай, мәз болмайды».
18. Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Шығыс елдерінің (шамси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.
19. Наурыздың мағынасы – наурыз парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн) Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Ол күнтізбелік жылдың үшінші айы (31 тәулік), көктемнің басы. Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды.
20. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түрік тілдес халық тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені «Бәйшешек», «Гүлгардон» не «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган», бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп атаған.
21. Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.
22. Наурыз айы туғанда өтетін «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.
                                                                  Дайындаған Ж.САҒИДА
26 наурыз 2019 ж. 730 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031