» » ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ

Наурызда әзірленетін ұлттық тағам – Наурыз көже. Түрік халықтары үшін жеті саны қасиетті саналғандықтан Наурыз көжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша бұл күні Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады.
Көженің негізі – су, ал ол –  тіршіліктің белгісі. Бұл «Ұрпақ өрбіп, судай тасып, көбейе берсін» дегенді білдіреді. Екінші дәм – көжеге қосатын ең маңызды тағам жылқының сүр еті. Жылқы етінде минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, жылқы бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Бұл дәрумендер адамның есте сақтау қабілетін жақсартады, жылқы жүрегі мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді.
Көжеге қосатын дәмнің бірі – арпа. Ежелгі шығыс емшілері арпаның емдік қасиеттері туралы көп айтады. Арпаны тағам ретінде жиі пайдаланатын адамның қаны бұзылмайды, әрі бұл – тойымды ас. Ирак тәуіптері арпаны «ғажап құтты дән» деп атайтын көрінеді.
Наурыз көжеге, сонымен қатар, тары қосылады. Мұның астарында «бір тамырдан өсіп-өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін» деген мағына жатыр. Тарының емдік қасиеті жоғары, ол күш-қуат берумен қатар, сүйекті нығайтады. Халық тарыны «жауынгер дақыл» деп те атайды.
Наурыз көжеге құрт пен айран қосады. Айран ұйытылғаннан кейін құрамы өзгеріп, пайдалы бактериялардың саны артады. Олар ағзадағы зиянды бактерияларды жойып, иммундық жүйені нығайтады.
Ертеректе әйелдер өздерімен бірге көже толтырылған ыдыс ала жүрген. Қонақтап барған жеріндегі көжеге өздерінің дәмін де қосып, араластыру дәстүрі болған. Бұл – дәм-тұзымыз араласып, ынтымағымыз жарасып, бірлікте болайық деген ниет. Көжені құйып беруде де үлкен мән бар. Әдетте, бұл дәмді ыдысқа толтыра құяды. Бұл несібеміз ортаймасын, дәм-тұзымыз мол болсын деген мағынаны білдіреді.
НАУРЫЗ КӨЖЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?
Күләш ЖҰМАХМЕТОВА, аспазшы:
– Наурыз көже дайындау үшін су, сүрленген ет және қазы, жүгері, бидай, тары жармасы, айран, тұз керек. Көжені дайындау үшін алдымен сүрленген ет пен қазыны жақсылап жуып, 2 сағат қайнатамыз. Негізінен көжеге соғымнан арнайы сақталған сүр ет қосылады. Ет пісіп жатқанда жүгері мен бидайды жуып, қалауыңызша тұз қосып, 1 сағаттай қайнатамыз. 1 сағаттан кейін тары жармасын саламыз. Тары жармасы тез піседі, сондықтан тарыны салғаннан кейін көжені 15 минуттай ғана қайнатамыз. Дайын етті турап, көжеге араластырамыз. Көже суыған соң айран қосып, дастарқанға қоямыз.
ӨЗГЕ ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ НАУРЫЗДА ҚАНДАЙ ТАҒАМ ӘЗІРЛЕЙДІ?
Өзбекстанда Наурыз мерекесін қарсаңында «сумалак» деп аталатын ұлттық тағам даярланады. Бидайдан жасалатын бұл тағамды 20-24 сағат қайнатады.
Ал ирандықтар Наурызды екі апта тойлайды. Ол жақта «чарсанби сури» деген ежелден келе жатқан дәстүр бар. Яғни балалар көршілерді аралап сыйлық сұрайды. Мерекеге үш күн қалғанда «саманук» тағамын даярлайды. Бұл асты өзбек халқы да дайындайды. Оның дәмі халваға ұқсас.
Түрік халқымейрамда «ашура» деп аталатын ұлттық тағамын әзірлейді. Сондай-ақ Наурыз кезінде түрік халқы айналасын денсаулық, сәттілік, бақыт әкелетін заттармен қоршауға тырысады. Ал салт-дәстүрге келетін болсақ, от жағып оның үстінен жеті рет секіреді. Негізінде аталмыш рәсім бүгінде сирек өткізіледі. Дегенмен көпшілік бұл дәстүр адамға жетістік әкеледі деп сенеді.
Ұйғырларжыл бастауын көтеріңкі көңіл-күймен, берекелі дастарқан басында қарсы алуға тырысады. Ұлыстың ұлы күнінде ұйғырлар «санза» деп аталатын тағамды пісіреді. Сондай-ақ түрлі өсімдіктен жасалған «Бидашүшір» тұшпарасы да осы көктем мерекесінде молынан жасалады. Мейрам қарсаңында ұлттық тағамдарды әзірлеуден әйелдер арасында сайыстар ұйымдастыру міндетті шаралардың бірі болып саналады.
Қырғыз елі жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдарын дайындайды. Бұл күні алыс-жақын туыстар кең жайылған дастарқан басында жиналып, бір-біріне ізгі тілектер айтады.
Түрікмен халқы жыл басын «Невруз» деп атайды. Бұл күні дайындалатын тағам неғұрлым көп болса, соғұрлым келер жыл ырысқа толы болады деп болжайды. Невруз күніне орай түрікмен халқы «семени» деп аталатын ұлттық тағамдарын дайындап, келген қонақтарға ұсынады.
Әзірбайжан халқы үшін наурыз айындағы барлық сәрсенбі күндер қасиетті болып саналады. Бұл күндерді «юскю» деп атайды. Сейсенбі күні ер адамдар қайтқан туған-туыстарының бейітіне барып, дұға қылады. Невруз қарсаңындағы сәрсенбі күнін «ахыр чершенбе» деп атайды. Жеті ұлттық тағам қосылған «йеди-левин» асы әзірленеді.
Әсел БЕГМАН


21 наурыз 2018 ж. 1 747 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031