» » МУЛЬТФИЛЬМНІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

МУЛЬТФИЛЬМНІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

   БағланТӨЛЕБАЙ, жас аниматор:

Жақында облыс орталығында өткен «Senińýaqytyń»
атты жастармен кездесу жиынында анимация саласына бастамашыл, қарқынды жаңа толқынның қосылғанын аңғардық. Әсіресе Бағлан Төлебайдың «Қызылордада анимация студиясын ашып, Қорқыт ата жайлы фильм дайындағым келеді» деген ұсынысы көпті сүйсінтті. Болашақ IT саласының маманымен мультфильмнің мүмкіндігі турасында әңгіме өрбіттік.
Өткен жылы «Мұзбалақ» атты қыран мен адам арасындағы достықты суреттейтін толық метрлі көркем анимациялық фильм даярладық. Бұл – Тұрдыбек Майдан пен Тілек Тілеуқазының идеясынан шаққан фэнтези жанрындағы туынды. Екі жарым жыл жасалған мультфильмді дайындауға барлығы 60 адам қатысты, ал компьютерде 95 мың сурет салынды. Мен фильмнің менеджері ретінде мультфильмдегі артқы көріністерді яғни тау, су сынды элементтерді жасауға атсалыстым, одан бөлек «Мұзбалақтың» қаладағы кинотеатрда қойылуына бастамашы болдым. Себебі мультфильм көрсетілетін қалалар тізімінде Қызылорда жоқ еді. Отандық туындыны біздің өңірдің тұрғындары да көру қажет деп басшылықтың арнайы келісімін алдым. 
Мультфильм – идеологиялық құрал, сол арқылы кішкентайлармен қатар ересектердің де санасына сілкініс жасауға болады. Анимациялық фильм түсіру бала күнгі арманым болғандықтан, мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ заманауи бағдарламамен таныстым. Қазір әлемді кез келген дүниемен таңқалдыру қиын, жаһандану кезінде жұртшылық баламасыз жаңалық күтеді. Анимация саласы да осыған ұқсас, бұрын көрерменді «Өрмекші адам», «Marvel» сынды мультфильм қызықтырса, қазір жапондардың аниме жанрындағы туындысы трендте. Себебі жапондардың мультфильмі – әлем көрмеген мәдениетті бейнелейтін таңсық дүние. Одан кейін поляктардың вилмак атты ойыны шықты, ол да тек сол ұлтқа тән ерекшелікті көрсететін туынды. Біздің ұлттық мәдениетімізде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жыры, «Ер Төстік» ертегісі бар, бірақ әлем одан әлі бейхабар. Халқымыздың бай мұрасын мультфильм арқылы өзгелерге көрсетіп, өмірде болған тарихи тұлғалар туралы тартымды дүние жасасақ, әлем үшін үлкен жетістік болар еді.
Алдағы уақытта түсірілетін Қорқыт ата анимациялық фильмін мистикалық жанрда беруді жоспарлап отырмын. Бала күнімізде грек мифологиясындағы Геркулестің таңғажайып бейнесін көрдік, сол тәрізді Қорқыт ата фильмін әзілмен, көз тартар оқиғалармен өрбітуді де ойластарып жүрмін. Қорқыт − түркі әлеміне ортақ тұлға, сондықтан әлем назары біздің мультфильмді көрген кезде оның техникалық сапасы мықты, мағынасы терең дүние болу керек. Болашақта анимация және ойын саласы бойынша жұмысымды жалғастырғым келеді, Димаш Құдайбергенов ән арқылы елімізді көпке танытса, мен анимация арқылы қазақ атын әлемге әйгілегім келеді.      
 
Тоғызқұмалақты теледидармен де ойнауға болады
Бағлан  осы кезге дейін анимациядан бөлек, алғаш рет тоғызқұмалақ ойынының электронды кітабын дайындаған. Сол кезеңде облыстық «Сыр үміті», қалалық «Самғау» сыйлығын иеленіп өзгелерден дараланған жастан электронды тоғызқұмалақтың техникасы жайында сұрадық.
− №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатында оқып жүргенімде анимацияға қызығушылығымды байқаған ағам 3D MAX бағдарламасының кітабын әкеліп берді. Бәрі де осыдан басталды. Алғашында «Шахмат әліппесі» деген жоба жасап, 2013 жылы тамыз кеңесіне қатыстым. Жобамен танысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «шахмат – әлемде дамып келе жатқан ойын түрі. Одан да ұлттық ойынымыз тоғызқұмалаққа арналған бағдарлама жаса» деп тапсырма берді. Қазір тоғызқұмалақтың 2D форматындағы электронды нұсқалары бар, бірақ оның сапасы нашар, техникалық мүмкіндігі аз. Ал мен дайындаған 3D форматындағы тоғызқұмалақтың негізгі үш ерекшелігі бар. Біріншіден, жоба кросс-платформа нұсқасында жасалған, демек компьютерде де, телефонда да ойнауға болады. Екіншіден, онлайн қосылу мүмкіндігі қарастырылған, келесі артықшылығы арақашықтықты қолмен басқарып теледидарда да ойнай аласыз. Жалпы 3D MAX бағдарламасын үйрену оңайға соқпайды, себебі ол үшін ағылшын тілін, физика-математика пәнін жетік білу қажет. Біліміңді тың идеямен ұшатастыра алсаң, 3D MAX арқылы көптеген жаңа дүние жасауға болады.
Ақпараттық қауіпсіздік алаңдатады
Қазір ақпараттың алақұйын уақыты, ал сандық технология сәт сайын жетіліп келеді. Осы орайда Бағлан ақпараттық қауіпсіздіктің жастар үшін маңызды дүние екенін айтты.
− Бүгінде Сүлеймен Демирил атындағы университетте «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша IV курс студентімін. Болашақ IT маманы ретінде ақпаратты қорғау, сақтау, залалсыздандыру жолдарын зерттеудемін. Ақпарат – үлкен әлем, оны жүйелеп, басқара алу өте маңызды. Мысалы, адамның күнделікті тамақтану рационын қадағалайтыны сынды, ақпаратқа да талғаммен қарау керек. Қазір ата-аналар баласының интернеттен қандай дүние көріп, нендей ойын ойнағанын білмейді. Сол үшін ақпараттық кеңестікті тек қазақ тіліндегі сапалы сериалдар, пайдалы кеңестер, мазмұнды мультфильмдермен толтырсақ, қоғамға қосар үлесіміз артар еді. Осы мақсатта балалар көп қызығатын PS4 ойынына  Ер Төстіктің оқиғалары деген ойын түрін енгізудемін. Бұл кезге дейін Өрмекші адам, Супермен басты кейіпкер болса, енді оның орнын Ер Төстік, Желаяқ алмастырады.
Гүлдана ЖҰМАДИН
31 наурыз 2019 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031