ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯСЫ НЕГЕ ӘЛСІЗ?
Жақында үйде інім екеуміз ғана қалдық. Бірге мультфильм қараудың сәті түсіп, алдымен ақылдастық. «Қазақ елін» көрген болсаңыз, онда «Балеринаны» көрейік. Мен қайталап көре бергім келеді,-деді ол. «Неге басқа қазақ мултьфильмдерін қарамаймыз?» «Иә, қазақы мультфильмдер топтамасы бар. Бірақ олар біртүрлі. Қозғалғанда теңселіп, жүгірсе шалқайып кете ме» деп, солардың бейнесін салып, шиқылдап күлгені. Сонымен, ақыры «Балеринаны» көрдік. Өнімнің сенімділігі, көркемдігі сондай, бала тұрмақ өзің де мотивация алып, бір серпіліп қаласың. Демек, балалар сөзінің жаны бар. Өкінішті тұсы, әлі күнге қазақ анимациясы әлемдік мультипликация өнерімен бәсекелесе алмайды...
Өткен 2017 жылы қазақ анимациясына 50 жыл толды.1967 жылы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ұлттық анимацияның шымылдығын ашқан еді. Арада жарты ғасыр өтіпті. Сонан бері Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауованың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері халық арасында танымал болып, жалпы саны жүзден аса графикалық және қуыршақ фильмдер дайындалған. Алғашқы мултьфильмнің түсірілу тарихы да қызық. Әмен Қайдаров ВГИК-ті бітіріп, «анимацияны дамытамын» деп Алматыға келсе, киностудияда мултипликация атымен жоқ болып шығады. Мемлекеттік кино бұл салаға ақша бөлмеген соң, Камал Сейітжанұлы «Ұлттық анимацияны дамытамын» деп «Қыз Жібек» фильмінің бюджетінен азғантай қаржы бөліп, Әмен Қайдаровқа бергізіпті. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмі осылайша қазақ балаларына жол тартыпты. Неліктен қазақ анимациясына сол уақытта көңіл бөлінбей, саланың дамуына тоқтау салынды? Себебі, анимация – ұлттық идеологияны насихаттап, тарихыңды ұрпағыңа ұқтырудың ең төте жолы. Сонымен, 1991 жылы ел тәуелсіздік алғаннан кейін мультфильм түсіру жұмыстары да біраз уақыт тоқтап қалған. Кейінірек жекелеген студиялар мультфильм түсіруді қолға ала бастады. Жақсы дүние жерде қалмайды. Айталық, «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке», «Қазақ елі» мултьфильмдері қазақ балаларына ұнады, тіпті халықаралық байқауларда бірнеше рет марапатталды. Ал, «Azia animation» студиясы ұсынған, ағайынды Артур, Игорь Краустың идеясымен түсірілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ер Төстік», «Алдар көсенің қызықты оқиғалары» біріне ұнаса, бірі «жоқ болғаннан жақсы» деп бағалады. «Алдар көсе» ертегісіндегі байдың тойымсыз, қолапайсыз, бәйбішенің ебедейсіз оралған кимешегі мен сүйкімсіз бейнесі қазақ даласындағы барлық байларды бірдей етіп көрсетті. Қысқа шашын бөрік астында желпілдетіп жайып жүретін Қыз Жібек те көрер көзге ерсі. Ал дыбыс пен қозғалыстың, бет қимылының үйлеспеуі бір бөлек мәселе. Мұндай кемшіліктер үлкендер түгілі, баланы да сендірмейді. «Ер Төстік»-тің сюжетінде балаға түсініксіз, бір-біріне байланыспайтын оқиғалар бар. «Бөгенбай», «Қобыланды» батырларға арналған мултьфильмнің «youtube» желісіндегі қаралымын, төмендегі пікірлерді бір қарап шықтық. Көрермендер графикасына қатаң сын айтқан. Ал «Батырлар» сериясымен шыққан Қабанбай, Наурызбай сынды ержүрек жауынгерлерге арналған мультфильмдер бұған қарағанда тәуір. Ең бастысы, барлық мултьфильмде негізгі идея, ұлттық менталитет бар. Көне сөздерді, Төлегеннің Бекежанға қарап «қоқиланған қораз қазанға өзі түседі» дегенінен-ақ, көп ести бермейтін мақалды да біліп қаласың. Бірақ сапа деңгейі әлгіндей.
Қытайда «тележүргізуші» бұлан неге пандаға өзгертілді?
Мултьфильмді балалар ғана көреді деген түсінік баяғыда жойылған. Әлемдік анимациялық фильмдерді ересектер де тамашалайды. Себебі, мультфильмдер арқылы ұлттық сананы оятып, сілкініс жасауға болады. Ең танымал «Зверополис» мультфильмі өткен жылы танымал болды. Мұны көрші Қытай елі де сатып алған. Бірақ олар «тележүргізуші» бұланды өздерінің ұлттық символы пандаға, америкалықтар мен ресейліктер қар барысы етіп өзгерткеннен кейін ғана балаларға көрсетті. Дайын өнімді өзгерткені үшін шығарушы тарапқа қосымша қаражат та төленеді. Қосымша шығын неге керек? Себебі, Қытайда халық бұлан жануары туралы біле бермейді. Есесіне, мултьфильм кейіпкері арқылы ұлттық символы панданы насихаттап, балалардың ұғымын қалыптастырды. Әріден ойлайтын көршілеріміз, балалар арқылы болашақты жасап отыр. Ұлт келешегі солардың қолында, сол үшін балалардың ойы таза болу керек. Байқадыңыз ба, Қытай идеологтары өзгелер арқылы өзінің ұлттық брендін танымал етті, шығын шығарды, есесіне елдегі қаржыны ең көп тапқан мультфильм «Зверополис» болды. Ал бізде ше? Жақында «Тайно коко» мультфильмі кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Мексикалықтарда о дүниелік адамдарды еске алатын күн бар. Сол күні адам жерленген жерді басып, үстіне тамақ төгеді. Сенім бойынша, тамақты көп төккен сайын сол адамға деген құрметіңді білдіресің. Осы дәстүрдің қазақ балаларына не қажеті бар? «Өлгендер де өмір сүреді» деген ұғымды сіңірген мультфильмді көрген балақайлар сан сұрақпен шықты.
Байқадыңыз ба, ұлттың руханият тұрғысында баюы үшін анимацияның орны бір бөлек. Қазақ елін жақсы көруге, ғылымға, тапқырлық пен ізденімпаздыққа, әдептілікке бөбекті мультфильм арқылы баули алмасақ, «қолымызды мезгілінен кеш сермегеніміз». Бес-алты батыр мен бірнеше ертегіні түсіргенімізге тоқмейілсімей, жаңа заманға лайық дүние жасалу керек.
«Pixar» қызметкерлері бір мультфильмді 5 жыл жасаған