«Мұзбалақ» анимациялық мультфильмінің трейлері шықты
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұзбалақ» атты толықметражды көркем анимациялық фильмнің трейлерін жариялады.
Бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайтын бұл мультфильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Фильмді режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы жасап шыққан.
Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген. Ұзақтығы 65 минутты құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.
Біз осы «Мұзбалақты» жасаудан бұрын «Тастүлек» атты қысқаметражды анимациялық фильмді аяқтаған кезімізде, «Қазақфильмге» Бақыт Ғафуұлы басшы болып келген еді. Ол кісі анимация бөліміне келіп біздің «Тастүлек» анимациялық фильмімізді көріп, ұнатып, көңілінен шыққаннан кейін, осы фильмді әрі қарай толықметражды етіп жасауды тапсырып, қолдайтынын айтты. Содан бастап осы тақырып негізінде жаңа толықметражды «Мұзбалақ» мультфильміне сценарий жаздық, жаңа кейіпкерлерді қостық және экшн жанрында түсіреміз деп шештік. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осы мультфильмді жасап шықтық, - деді Тілек Төлеуғазы.
Авторлар «Мұзбалақ» атты анимациялық фильм арқылы тарих қойнауына еніп, жоғалып бара жатқан, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы, адаммен бүркіт арасындағы сенім негізіне құралған достықты жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді.
Бес жасар бүркітті қазақ Мұзбалақ дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық, - деді Тұрдыбек Майдан.
Естеріңізге сала кетейік, киностудия 2017 жылы екі толықметражды анимациялық фильмді өндірді. Соның бірі «Мұзбалақ» болса, екіншісі режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы картинасы. Аталған фильмдер толық аяқталған және прокаты мен тұсаукесері осы жылдың көктеміне жоспарланған.