» » КӨПТІҢ КҮЛКІСІ КҮННЕН ДЕ ЖЫЛЫ

КӨПТІҢ КҮЛКІСІ КҮННЕН ДЕ ЖЫЛЫ

  Ғалымжан ҚАППАРОВ, "Шаншар" театрының артисі:

«Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал» демекші, сахнаның киесі саңлаққа ғана бұйырады. Өнер – он іспен тең, өнерпаз – он кісімен тең деген баға бар. Осындай киелі өнерді серік еткен, көптің көзайымына айналған, өз биігін өнерімен байқатқан Ғалымжан Қаппаров сондай саңлақ сипатқа ие айтулы азамат. Ол – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік «Шаншар» әзіл-ысқақ және сатира театрының белді артисі. Әрине, бұл әзіл отауын білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені, өнер ұжымы қоғамның көлеңкелі тұстары мен шынайы бейнесін қазақы қалжыңмен, астарлы әзілмен жеткізуге шебер. Осындай театрда кейуана болып та, ата болып та сан түрлі рөлдерді сомдап жүрген Ғалымжан – Сыр елінің тумасы. Қаратау етегіндегі Бірлік ауылының түлегі. Біз сәтін тауып Ғалымжан Қаламбайұлымен сұхбаттасып көрдік. Өнерде әзілкеш болғанмен өмірде салмақты азаматпен өткен-кеткенді сабақтастырып сөйлестік.
–  Жасыратыны жоқ,талантты ұлдардың дені ауылдан шығады. Соның бірі өзіңіз. Ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтардың алтын қазығы десек, ең алғаш өнер әлеміне қадам басудың баспалдағы мектеп сахнасынан шаң берген  шығар?
Ол рас. Ауылдағы түлеп ұшқан қасиеттті білім шаңырағы көптеген танымал өнер иелерінің қабілетін шыңдаған киелі орда. Жастайымнан қазақы қалжыңға жақын болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі мәдени шараларда, көңілді тапқырлар клубында, скетчтік қойылымдарда ойнадық. Алайда ең алғаш өнерге деген талпынысым тоғызыншы сыныпта ашылды. Бірде тау беткейде қозы бағып жүрген жерімнен ауылдық клубқа алып кетті. Бұл 1992 жыл болатын. Содан не болды десей, барған бойда, Бірлік ауылдық клубы халық театры атағын қорғағалы жатыр екен, кірістім де кеттім. Қозы баққан қара балаға спектакльден кішігірім рөль берді. Міне, киелі сахнаның құдіретін осы қойылым барысында ұқтым. Өнерге деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Бірақ 1994 жылы мектепті бітіргеннен кейін әкем мені Алтайбай деген кісінің қолына қойшыға көмекші қылып жіберді. Ал, енді артист болып көр. Аңсар болған арман аяқасты қалды. Әкеге қарсы шығасың ба, амал жоқ, дегеніне көндім. Сөйтіп, тау етегінде төрт түлікке ие болып, қойшының қолқанатына айналдық.
Десе де, табиғи талантың болса, Жаратқан жерде қалдырмайды екен. Ауылда Нұрғайша Қыпшақбаева деген режиссер әпкеміз бар.
Мәдениет майталманы. Міне, осы кісі Жетісай қаласындағы Ш.Қалдаяқов мәдениет училищесін тәмамдап келгесін, ауылда қызмет атқарды. Кәсіби тұрғыда өнер жолына түсуіме себепкер болған Нұрғайша апайға қашанда алғысым шексіз. 1995 жылы Бірлікте өзім секілді бойында таланты бар талапкерлерді жинап, өзі тәлім алған Жетісайдағы училищеге алып барды. Нұрғайша апайым барғанша Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты пьесасындағы «Шыбын» деген монологты жаттатты. Шыны керек, училище бойға біткен «базарлық» шеберлігімді бағалап қабылдады. Өйткені, қолымда аттестатым да жоқ еді. Әдірәм қалғыр, аттестат қайда қалғанын кім білсін, оны ойлауға менде мұрша болған жоқ. Әйтеуір оқуға түскеннен кейін, алты айдан кейін мектепті әктеп жүрген апайларым тауып алған ғой аттестатымды. Бұйырған деген осы. Араға төрт жыл салып, дипломы бар артист болып шыға келдік.
– Тектілік  тұқымнан тарайды, ал өнерлі болудың өзегі қайда?
– Меніңше, екеуі де бір ұғым. Тегіңде болмаса бәрі бекер. Біз шаңырақта он ағайындымыз. Марқұм анам Жанат он құрсақ көтерген. Оның сегізі өнерге жақын. Әкеміз Қаламбай көпке сыйлы, ақжарқын аптал азамат еді. Ұзақ жылдар фермада бас есепші болып абыройлы қызмет етті. Оған қоса, саналы ғұмырын ауыл-аймақта ағайын-туыс пен бұқара халықтың қуанышына ортақтасып, қырық жыл асабалық қызмет көрсетіп, елдің ықыласына бөленді. Сөзге шешен, ұйқасы жарасымды өлең құрау оның өзіне тән табиғаты еді.Міне, алманың ағашынан ұзаққа түспейтінінің белгісі.
Ал, артист Ғалымжан алғашқы еңбек жолын қалай бастады?
– 1999 жылы Жетісай мәдени-ағарту колледжін тәмамдағанан кейін, осы қаладағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрға артист болып жұмысқа орналастым. 2012 жылға дейін осы театрда шығармашылық шабытымызды шыңдап, қалыптастық. Осы жылдар ішінде 60-қа жуық спектакльдің 80 пайызында басты рөльдерді сомдадым. 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен халықаралық театрлар фестивалінде «Алпамыс батыр» спектаклін сахналап, бас жүлде алдық. Сондай-ақ театрмен қоса өзім сатираға жақын болғандықтан «Шымшыма» әзіл-сықақ отауының негізін қаладым. Драма мен сатира театрын қоса алып жүріп, көпшіліктің ықыласына бөлендік. Содан 2012 жылы Шымкент қаласында «Күлкі күніне» орай фестиваль өтті. Байқауға «Шымшыма» театрымды алып барып, авторлық «Өгізбайдың отбасы» атты қойылымды сахналадық. Осы жерде «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың көзіне түстім. Содан ары қарай осы сатира театрындағы жерлес інім Дәурен Әбиев себепкер болып, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының артист атандық.
Шынын айтсақ, күлдіре білу де үлкен өнер. Себебі бүгінгі бұқараны арзан күлкімен алдай алмайсыз. Осы тұста талғампаз көрерменді шынайы күлкіге қарық қылу қаншалықты қиын?
Сөзің рас,халықты күлдіру оңай шаруа емес. Жеңіл-желпі, арзан күлкімен көрерменді жарылқай алмайсың. Сондықтан жүз ойланып, мың толғанып театрда әзілдерді көбіне өзім жазамын. Образды алыстан іздемейсің, жұрттың бергенін өзіне қайтарасың. Әсіресе, гастролда болсын, немесе ауылға барғанда уақытты босқа жібермей образ жинап жүреміз. Боямасыз өмірдегі қарапайым адамдардың байқамай тұрған тұсын байқап, қиялмен суреттеп сахнаға алып шығамыз. Жалпы, қазақы қалжыңның әзілі мен мысқылы, қайталанбас қағытпа сөздері сүйегіңнен өтетін өткір келеді. Кешегі Бейімбеттің мысқылы, Қалтайдың қалжыңы, Асқардың сықағы, Оспанханның әзіл-оспағы деген теңеулер осыдан қалса керек-ті. Біздің театр көбіне қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді уытты әзілімен түйреуге қалыптасқан. Бір ғана «Өгізбайдың отбасы» атты қойылым қоғамдағы шырқы бұзылған отбасылардың бейнесін сомдайды. Оған қоса, доллар бағамының көтерілуі, білім реформасындағы өзгерістер жайлы сын-сықақтарымыз елдің көңілінен шықты.

«Шаншар» десе, ел ішер асын қоя салып, теледидарға телміреді. Көзіқарақты көрерменнің көңілінен шыққан сәтті сықақ сірә ұмытыла ма? Әсіресе, өзіңіз басты рөльде ойнайтын ұялы телефонға қатысты қойылым өте ұнамды секілді.
Жасыратыны жоқ, телефонға үңілген жастардан түңілетін заман туды. Бұрындары майл-ру сән еді. Бүгінде «Уацапсыз» уақыты өтпейтіндердің саны өсуде. Қайда барсаң да, телефонға телмірген жастарды көресіз. Әрине, жас буын қалтафонның ішіндегі интернетті игілігіне икемдесе қуанамыз. Бірақ көбісі ойын ойнап, әлеуметтік желінің әлегіне түсуден әрі аса алмай жатыр. Бір сөзбен айтқанда, уақыттың қадірін түсінбей жатырмыз. Себебі, уақыт – адамзат баласына берілген баға жетпес құндылық. Міне, осындай қоғамдағы өзекті де өткір мәселеден туындаған ойдың нәтижесінде телефон туралы тамаша көрініс шықты. Яғни, ұялы тетіктің кесірін өткір әзілмен көрсеттік. Негізі біз халықтың өз бидайын өзіне қуырып береміз. Астарлы әзіл аспаннан емес, ел ішінен шығады. Сондықтан  жас буынға айтарым, ұялы телефонға телміргеннен гөрі, әдеби кітаптар оқыса көкжиегі кеңейер еді.
Туған жер дегенде ең әуелі есіңізге не түседі?
Ес біліп, ер жеткен шағымның он сегіз жылы Жаңақорғанда өтсе, өнерге бейімделіп, кәсіби маман болуыма себепкер болған Жетісай қаласында он сегіз жыл тұрыппыз. Ауыл деген шіркін, қашанда ыстық қой. Туған жерге табан тіресек, ағайындарды көрген сайын марқұм ата-анамызбен қауышқандай болып қайтамыз. Өздеріңізге белгілі, Елбасы рухани жаңғыру мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Өйткені туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді» деп жазды. Жүрек тебіренетін сөз. Себебі, туған жерге деген сүйіспеншіліктің барлығы да кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтан  Қарт Қаратаудың етегіндегі Ақүйік ауылына қашанда құрметім жоғары.
– Тау баласы тауға қарап өсетін еді...
– Рас қой, Құдайдың кереметін көргің келсе тауға бар деген, ол тек биіктіктің өлшемі емес, мың қатпар тастың, тарихтың қоспасы. Адам оған қарап бой түзейді,  тарихынан тағылым алады.
– «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, отбасыңызда өнерге бейім ұрпақ өсіп келе жатқан шығар?
Шүкір, жарым екеуміз Алланың берген төрт ұл, бір қызын тәрбиелеудеміз. Төрт ұлымның барлығы да өнерге жақын. Уақыт төреші. Бәлкім, біздің жолды жалғастырып, танымал, ел сыйлайтын мәдениет майталмандары шығып қалар. Бастысы, Алла тіл-көзден сақтап, еліне елеулі, халқына адал қызмет ететін патриот болып өссін.
–Рақмет,  күннен де жылы көптің күлкісі көбейе берсін!
Ерасыл ШӘРІБЕК.
 
 
05 сәуір 2019 ж. 1 380 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930