КӨШЕ ӨНЕРІНІҢ КЕРЕМЕТІ
Әзірге көп қабатты үй қабырғасына салынған суретті Сыр бойылықтар ғаламтордан ғана көргені анық. Стрит-арт деп аталатын көше өнері Нұр-Сұлтан, Алматы сынды ірі қалаларда қарқынды дамығанмен бізде әлі күнге дейін қолданыс таба қойған жоқ. Осы жолы қағазды қойып, қабырғаны сөйлеткен стрит-арт тарихын, қоғамға пайдасы мен қиындығын кәсіби суретшілермен бірге талқыладық.
Стрит-арт пен граффити – бір ұғым
Стрит-арт – қоғамда орын алған өзекті мәселені және елге еңбегі сіңген ұлы тұлғаның келбетін ғимарат қабырғасында бейнелейтін ерекше өнер. Қазіргі уақытта көпшілік стрит-артты граффити ұғымымен қатар қолданады. Бірақ граффити ғылыми тұрғыда қабырғаға жазылған мәтін немесе магиялық сипаттағы жазу мағынасын білдіреді. Граффитидің ескі үлгілері ежелгі үңгірлерде, орта ғасырдан қалған қала орны мен археологиялық қазбалар арасында көп кездеседі. Жуырда ғана мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты атанған жерлесіміз Аққали Зәкіров көше өнерінің Қазақстанға 90-жылдардың соңы мен 2000 жылдың басында келгенін айтады. Ал АҚШ-та өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап шығармашыл жастар билікке қатысты пікірін стрит-арт арқылы жеткізіпті. Тауар вагондары мен биік ғимарат қабырғасындағы кесіндеме халық арасына тез таралып, 1970 жылдардың ортасында батыста бұл өнер толықтай мойындалады. Кейбір деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанда шамамен 50-ден астам стрит-артшы топ бар екен.
Бүгінде граффити кескіндемесі жұртшылық тарапынан жоғары бағалануда, әсіресе озық туындылар музей қабырғасынан орын тауып, аукционға шығарылады екен. Бұл турасында стрит-арт шебері Аққали кеңінен тоқталды.
«Қазіргі кезде стрит-артпен граффити бірігіп, ортақ ұғымға айналды. Граффити – зор еңбекті қажет ететін ерекше стиль. Сонымен қоса спрей-арт деп аталатын түрі де бар, бірақ ол аэрозольды баллон көмегімен салынады. Спрей артты стрит-артпен шатастыру үлкен қателік. Граффитидің бізге «бомбинг теггинг» сынды тағы бір бағыты белгілі, бірақ ол вандализмге, яғни тағылық сипатқа көбірек ұқсайды. 1990 жылдары Алматыда көше суретшілерінің басын біріктірген «Номадз» тобы құрылды, негізі біздің елге граффитиді солар әкелген. Ал мен қабырғаға сурет салу тәсілін аудио-касетадан тыңдап, ескі кинолардан көру арқылы үйрендім. Себебі біздің кезімізде қазіргідей мүмкіндік, ғаламтор, тіпті бағыт сілтейтін ұстаз да болмады», − дейді Сыр перзенті.
Қабырғада қазақы сурет басым
Сөз басында, стрит-арттың бас қалаларда көрініс тапқанын айттық, оны дамыту үшін соңғы уақытта арт-жәрмеңкелер де жиі
ұйымдастырылады екен. Сол кезеңде стрит-артшылар бас қосып, ел аралайтын көрінеді. Мұндай кездесу бізге шабыт пен құлшыныс
береді, − дейді Аққали. Жалпы көшеге сурет салатын шеберді көпшілік «райтер» деп атайды. Райтер жұмысы қағазға сурет салуға
қарағанда бірнеше есе қиын болатыны анық, себебі оған епті болумен қатар биікке бой үйрете алу қажет. Аққали қабырғаға сурет салу үшін лайықты кран табудың оңай емесін, әрі үлкен масштабта бейнені дәл кескіндеуге көп уақыт жұмсалатынын айтты.
ұйымдастырылады екен. Сол кезеңде стрит-артшылар бас қосып, ел аралайтын көрінеді. Мұндай кездесу бізге шабыт пен құлшыныс
береді, − дейді Аққали. Жалпы көшеге сурет салатын шеберді көпшілік «райтер» деп атайды. Райтер жұмысы қағазға сурет салуға
қарағанда бірнеше есе қиын болатыны анық, себебі оған епті болумен қатар биікке бой үйрете алу қажет. Аққали қабырғаға сурет салу үшін лайықты кран табудың оңай емесін, әрі үлкен масштабта бейнені дәл кескіндеуге көп уақыт жұмсалатынын айтты.
"Осы кезге дейін еліміздің 5-6 облысында жұмыс жасадық, шамамен 10-15 үйдің дуалына сурет салынды. Көбіне барған өңіріміздің белгілі тұлғаларын бейнелейміз. Егер үй қабырғасы үлкен болса, қала әкімдігінің рұқсатын аламыз, кейде сурет салынатын қабырғаны бірге таңдаймыз. Ең бастысы, көше халыққа анық көрінетіндей кең, таза әрі түзу болу қажет. Бүгінге дейін Дина Нұрпейісова, Құрманғазы, Шәкен Айманов, Кәмшат Дөненбаева, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Айдын Айымбетов, Генадий Головкин, Серік Сәпиев сынды тұлғаларды бейнеледік. Қабырғаға салынған жұмысымның ішінде «Текемет» атты туынды өзіме ерекше ұнайды. Қазақы оюмен бедерленген суретті салып жатқан екінші күні журналисттер «қызғалдақ ұстаған қызды бейнелеп жатырсыз ба?» деп сұрады. Солай бұл туынды халық арасында «Қызғалдақ» аталып кетті. Одан бөлек сызықпен нүкте арқылы салынған «Бәйге» атты жұмысым бар. Тіршілік үшін арпалыс, қозғалысты көрсететін туындының композициялық құрылымы мен түйіні шынымен де жаңалық болған тәрізді. Көшеде салынған суретке ауа-райы да ықпал етеді, егер күн қатты ыстық немесе жаңбыр жиі жауса 20 жыл тұратын көрініс 5-10 жылда ескіріп қалады", – дейді ол.
Айта кетейік, Аққали биыл әріптесімен бірге көп қабатты 3 үйдің қабырғасына 10 күн ішінде сурет салып, рекорд жаңартқан.
Стрит-арт Сырға келеді
Стрит-артты көпшілік сиқырлы өнер деп те атайды, оған кең ауқымды бағындыра білген еңбек пен сурет астарындағы тың идея әсер етсе керек. Дүйім елге қабырғадағы суретімен танымал Аққали алдағы уақытта туған жерге келіп, стрит-артты дамытатын жеткізді. Бірақ Сыр жұртының көше өнерін нақты қай кезеңде көрері белгісіз екенін де жасырмады.
"Алаштың анасы атанған Сырда есімі елге белгілі ұлы тұлғалар көп. Болашақта сол кісілердің бейнесін «халық көрсін, үлгі алсын» деп қана емес, ұлылар рухына және туған жеріме деген перзенттік парызым ретінде салғым келеді", − дейді «Tigrohaud crew» тобының мүшесі.
Таяуда facebook әлеуметтік желісінен талантты суретші Дәулетбек Тойшыбаевтың «Street art жақында!» деп қалалықтарды сүйінішілеген жазбасын көрдік. Дереу кәсіби маманға хабарластық.
"Стрит арт – суретшіге еркіндік сыйлайтын дала өнері. Әдетте ақын жазушылар ойын сөзбен жеткізеді ғой, сол тәрізді суретші де
айтарын туынды арқылы көрсетеді. Стрит-артты өңірімізде кеңінен дамытуға болады, бірақ оған мемлекеттік мекеменің арнайы рұқсаты қажет. Ол үшін басқа қаладан райтер шақыртудың керегі жоқ, өзіміздің облысқа танымал суретшілер де граффитиді керемет кескіндей алады. Егер әкімдік тарапынан рұқсат беріліп, демеушілер табылса өлкеміздің тарихын, зиялы тұлғаларды және қаламыздың 200 жылдығына арнап әртүрлі тақырыпта композиция құруға болады. Әзірге шағын жеке ғимараттарға сурет салу жоспарымызда бар. Граффити қала тынысын сезінуге мүмкіндік береді, бірақ қиындығы да жоқ емес. Қабырғадағы бейнені иллюстрация құрлымына байланысты 3-7 күн ішінде бітіруге болады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қаласында стрит-артшыларға арналған фестиваль, конкурстар жиі өткізіледі. Біздің қаламызда да осындай жобалар қолдау тапса, көше өнері арқылы керемет туындылар дүниеге келер еді", − дейді Дәулетбек.
P.S. Стрит-арт – қабырғаны ғана емес, қоғамды әрлендіретін өнер. Ол сананы сәулелендіріп, қиялға қанат бітіреді, себебі сұлулық бар жерде көше көрікті, адам көңілді болары даусыз. Шерхан Мұртазаның мынадай жазбасы бар: «Мұражайлар, театрлар, кітапханалар, вокзалдар, мектептер ғана емес, түрмелер де сәулетті болсын. Сонда түрмелердің керегі жоқ болып қалады» дейді. Стрит-арт та осы секілді, онда ойлы мағына, көркем бейне, шынайы шеберлік бар. Былтыр қаладағы көпқабатты үйлер түрлі-түсті бояумен безендірілді, енді стрит-арт туындысымен толықса, Ордамыздың шырайы көпке ұнайтынына сенім мол.
Гүлдана ЖҰМАДИН