САЗ СИҚЫРЫ БӨЛЕКШЕ
– Мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің 1 курс студентімін. Бірақ музыкаға деген әуестігім бала кезімде қалыптасты. Өйткені нағашы атам домбырашы, әжем кәсіби музыкант. Ата-анам да музыкадан хабары бар жандар.
– Қазір қандай бөлімде білім алып жатырсың?
– Үрлемелі аспаптар бөлімінде оқимын. Бірақ бұған дейін "Өнер" мектебінде домбыра класында оқыдым. Бірде Алматыдан әпкем Хорлан салып жіберген сазсырнайды тартып, үрмелі аспапқа деген қызығушылығым оянды. Жалпы, "Жігітке жеті өнер де аз" дейді ғой.
– Үрлемелі аспап болса джаз стиліне жақын болдың ғой?
– Жо-жоқ, мен барлық жанрдағы әндерді тыңдаймын. Бәрін араластырып музыка тілімен айтқанда микс жасағым келеді. Болашақта музыка өнеріне жаңа бір жанр алып келгім келеді.
– Эстрадада қай әншіні немесе музыкантты пір тұтасың?
– Жоғарыда айтып кеткендей барлық жақсы әнді тыңдаймын. Өнердегі өрнегі бөлек "А, Студионың" орны ерекше. Сосын әлемді аузына қаратқан Димашты көбірек тыңдаймын. Шет елдің әншілерін қосып қоямын. Бірақ біреуді пір тұтамын деп айта алмаймын.
– Музыка сен үшін не?
– Музыка мен үшін жеке әлем. Мәселен, сәл-пәл ауырып тұрсам, музыка тыңдасам басылғандай болады. Ол мен үшін жан азығы, мұңымды да, сырымды да шертетін жан серігім. Айтпақшы, қазір гитара үйреніп жүрмін. Бала кезімнен үйде тұрған аспап мен үшін жаңа қырынан "ашылып" жатыр десе де болады.
– Өмірлік ұстанымың, мақсатың қандай?
– – Мен қатып қалған бір қағидамен өмір сүргім келмейді. Артқа қарамау керек деп есептеймін. Өз мақсатыңа жету үшін бар күш-жігеріңді салу керек. Шындықпен өмір сүру, мәселеден қашпау, бұл – менің ең басты өмірлік ұстанымдарым.
Байтүгей СУАН