» МУЗЫКАҒА БЕЙІМДІЛІК БАРЛЫҒЫНДА БАР, БІРАҚ ЖЕТІЛДІРУ БІР БАСҚА

МУЗЫКАҒА БЕЙІМДІЛІК БАРЛЫҒЫНДА БАР, БІРАҚ ЖЕТІЛДІРУ БІР БАСҚА

Өз ісіңнің нағыз маманы болу – үлкен бақыт. Әсіресе, бұл – салаңа қатысты сөз қозғалса, адамның барлығы сен туралы айта бастағанда көрініс табады. Баланың музыкаға қызығушылығын байқасақ, үйірмеге жүгіреміз. Бүгін соның ішінде фортепиано аспабын алдық. Облыста фортепианодан сабақ беретін үздік ұстазды іздегенде бәрі «Виканы» айтты. Арнайы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне іздеп бардық. Расында жүзі жылы, сабырлы дауыспен сөз бастайтын Виктория ШВИГЕЛЬДІҢ кәсіби ұстаз екеніне күмән келтірмедік.
Ол кезде 6 жастамын
Үйдегілерге ескертпей, 6 жасымда музыка мектебіне бардым. Қайдан екені белгісіз, бала күнімнен бойымда музыкаға деген қызығушылық ерекше болды. Мүмкін ата-анамның шығармашылыққа жақын адамдар болғаны ықпал еткен шығар. Мектеп табалдырығын аттадым да, «мені алыңыздаршы» дедім. Оқытушылар аң-таң. Бір-екеуі күлді де. Сосын «алдымен сені тыңдап көрейік» деді. Осылайша мектепті бітіріп, музыка училищесіндегі фортепиано сыныбына түстім. Ары қарай білімімді консерваторияда шыңдадым. 2000 жылы оны аяқтап, туған жерге келдім. Иә, Алматыда қалуға болар еді. Келуімнің себебі, біріншіден, Алматының ауа-райы денсаулығыма жақпады. Дәрігер сырттай оқу бөліміне көшу керегін айтқан. Екіншіден, музыка саласындағы тәжірибемді өзіміздің облыс жастарына бергім келді.
Неге фортепиано?
Көп аспаптың ішінде не себепті дәл фортепианоны таңдағанымды білмеймін. Бұл сұрақ төңірегінде аса ойланбаппын. Өмір өзі реттеді бәрін. Әкем музыка мектебінде білім алған, анам да ән айтатын. Осы қабілет қанмен берілген болар. Математика сабағында отырып, музыка мектебіне баратын уақытты тағатсыздана күтіп отыратыным әлі есімде (күліп). 7 жыл бойы музыка сабағының біреуін қалдырған емеспін.
Ұстазым
Бойымдағы музыкаға деген махаббатты ұстазым Елена Черсуновна қалыптастырды. Осы ретте менің жолым болды деп есептеймін. Ол өз саласының нағыз маманы. Маған көп уақыт бөлді. Әркез ұстамдылық танытты. Қазір Мәскеуде. Ұстаздық қызметте. Әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз.
Бастысы – қызықтыру
Алдыңа «ақ парақ» секілді келген студент төрт жылда өнерде өз жолын тауып, «Рақмет сізге, сіздің арқаңыз» деген сөзді естігенде еңбегің еш кетпегенін түсінесің. Бұл – энергияңды, күшіңді, эмоцияңды бейтаныс балаға не студентке сарп етуге тұрарлық сәт.
Бұл істе бастысы – баланы қызықтыру. Иә, бастапқыда кез келгені аспапты көріп, бірнеше жеңіл композияция үйренуге асық болады. Бірақ бағдарлама қиындаған сайын жалыға бастайды. Осы кезде мұғалімнің табандылығы керек. Бұл – педагогиканың қиын тұсы. Биікке қол жеткізу үшін көп жаттығу керек. Әрине, жауыр болғандай естіледі. Бірақ ақиқаты осы.
Есту қабілеті бәрінде бар
Табиғат сыйлаған «слух» барлық адамда бар. Тек әркімде деңгейі әртүрлі. Сондықтан уақыт бөліп, дайындалса, оны шыңдауға болады. Сабақ бергеніме 22 жыл болды. Қазір академияда біліп алып жатқан, тіпті оны бітіріп, менің әріптесіме айналған шәкірттерім көп. Арасында лауреат атанғаны да бар. Айтпағым, олардың арасында бастапқыда ашылмай, (мәселен, I, II курста) өзіне қатысты «ай, осыдан ештеңе шықпайды-ау» деп ойлағанда кейін ізденіп, талпынып көзге көрініп жүргендерден де асып кететін жағдай көп.
Бах және Рахманинов
Бала кезден маған органдық музыка ерекше әсер ететін. Әсіресе, Бахтың және Рахманиновтың шығармалары ұнайды.
Ойып беруге:
Орган – үрмелі-клавишті музыкалық аспап. VII ғасырдан бастап  шіркеуде хорды сүйемелдеу үшін пайдаланылған. Органның дыбыс тембрі ерекше және түрлі регистрде шығады. Әр регистр үрлеп ойнайтын бір музыкалық аспаптың дыбысын береді. Органның 1-7 мануалы (әрқайсысында 72 клавиштан), аяқпен басатын педалі болады.
Органға арнап БахМоцарт, Бетховен, Й.Гайдн,  И.Брамс,   Д.Шостакович сынды композиторлар шығарма жазған. Ал Алматыда бұл аспап 1967 жылы Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясының үлкен залына орнатылып, орган класы ашылған.
Қазіргі жастар
Жастардың заманауи ойлайтыны қуантады. Қазір ақпарат көп. Олар көп тыңдайды, көп көреді. Әлемдік музыкаға қатысты ақпарат қолжетімді. Сондықтан еліктеп болса да жаңа дүниелерге талпынады. Еліктеуге қатысты қарсылығым жоқ. Ол да даму. Қалай алсақ та, біздің студенттердің өзге музыкалық оқу орнындағыларға қарағанда ерекше екенін байқаймын. Олардың ойлауы басқаша.
Жас музыка мұғаліміне менен 5 кеңес
Біріншіден, өз ісіңді жақсы көр. Өнерге деген махаббатың болмаса, бәрі бекер.
Екіншіден, табандылық. Әр студентке әртүрлі «подход» керек. Ол көп энергияны талап етеді. Осыған дайын бол.
Үшіншіден, шыдамдылық. Төртіншіден, шыдамдылық. Бесіншіден, тағы да шыдамдылық.
Әсел БЕГМАН
---
21 ақпан 2019 ж. 635 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031