» » Ісіне шын берілген адам

Ісіне шын берілген адам

  Жұмысына шын берілген жандар еңбектен нәтиже көруге асығады. Күнделікті жоспар құрып, еңбек күні аяқталғанда: «Мен бүгін не бітірдім? Нені аяқтамадым? Ертең не істеуім керек?» деп өз-өзіне есеп беретіндер де солар. Олардың әр күні үлкен бір іргелі іске қадам басқан баспалдақтай. Сондай жанның бірі 35 жылға жуық абыройлы еңбек етіп келе жатқан мұғалім – Арапбек Тұрмағанбетов.
Арапбек Газетбекұлы Қармақшы ауданының Ақжар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы тоғыз баланы тәрбиелеп жеткізген   ауылға сыйлы адамдар болған. Олар балаларына жақсы тәрбие беруге ерекше көңіл бөлген. Арапбек ауылдағы №28 орта мектепті бітірген соң Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдайды. Ұстаздық еңбек жолын туып өскен жері Ақжар ауылындағы №28 мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мектеп ұжымы жас мұғалімді құшақ жая қарсы алды. Жастайынан қайратты, өзіне тапсырылған қандай тапсырманы да ұқыпты орындап үйренген жас маман бірден көзге түсті. Өзінің талғампаз талабы мен табиғи таланты арқасында алғашқы қадамынан бастап-ақ білімді де білікті ұстаздардың назарына ілініп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Шәкірт тәрбиелей жүріп шығармашылықпен айналысып, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалары ұдайы жарияланып тұрды. Оның ұзақ жылғы тәжірибесі, сабақ беру әдістемесі әріптестері мен жас мұғалімдерге кеңінен таратылып, шағын кітапша болып басылды.
Қазақ отбасында әке орны қашанда бөлек. Арапбек ағай отбасының  асқар тауы ғана емес, балаларына  қиналғанда қол ұшын беретін, ақылымен жол көрсетіп, жетістіктері үшін арқаларынан қағып, арманға қанат бітіретін жақын жанашыры. Ал отанасы Сара – отбасының ұйытқысы. Бес баланы тәрбиелеп өсірген ана. Ол да – мұғалім. Ұлдарын ұяға қондырып, солардан бес немере  сүйіп: «Балам балдан тәтті, немерем жаннан тәтті» деп атасы мен әжесі немерелерінің қызығымен өмір жалғастығын сезінуде. Өмірінің бақытты кезеңдерін бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған бұл отбасының шаттығы ортаймасын деп ниеттестігімізді білдіреміз.
Жанар  ЗИЯБІЛҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы,
Ақжар ауылы
05 сәуір 2019 ж. 604 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031