Кітапханашы
Білім – адам жанының азығы, кітап – білім алудың басты құралы. Жас ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындату жолын кітапсыз, кітапханасыз елестету мүмкін емес. Әсіресе дер кезінде жанымыздан табылып, керегімізді жылдам тауып беретін кітапханашы еңбегі ұшан-теңіз. Осындай ізгі ниетті жанның бірі Қармақшы ауданы, Ақжар ауылындағы №28 мектептің кітапханашысы – Бейбіт Жұмабаева.
Кітапханаға кірген бойда-ақ мұндағы жауапты маманның мұнтаздай тазалығы, өз ісіне зор жауапкершілігі бірден байқалады. Әсіресе соңғы уақытта жарық көрген кітаптардың көптігіне көңіл сүйсінеді. Көңіл толтырар құнды кітаптар көрмесін де бір шолмай кітапханадан шықпайсыз. Бейбіт кітап сұрай келген оқушының түр-түсін жазбай таниды, сұранысын да бөгелдірмей тауып береді. Әсіресе балалар лық толатын үзіліс арасындағы жылдамдығы мен жинақылығына риза болмау мүмкін емес. Ол кітапхананың қамқоршысы ғана емес, тәрбие жұмыстарын жиі ұйымдастыруға мейлінше көңіл бөледі. Кітапханада ақын-жазушылардың шығармашылығынан сыныптар арасында сайыс жиі өткізіледі. Мұнымен қоса арнайы күндердегі әдеби кештерден соң оқырман ықыласына бөленген кітапханашының бал-бұл жанған жүзінен өз ісін жақсы көретін және содан рухани ләззат алатын адамды тану аса қиын емес еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық мақалы, осындай жаны жайсаң адамдардың жанымызда жүргені қуантады. Егер әр адам өз жұмысын Бейбіт сияқты істесе, кәсіби қарым қатынас мінсіздігі деген осы болар сірә. Еңбегі ескерусіз емес, қайсы бір жылы аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.
Бейбіттің жолдасы – Бейсен Садақбаев – мұғалім. Сыйластықтың, ауызбіршіліктің, отбасы ынтамығы мен бірлігінің айнасындай бұл әулеттің өнегесі өз алдына бөлек әңгіме. Отағасы мен отанасы Бейсен мен Бейбіт бірі – аяулы ана, бірі – асқар таудай әке, бірі – немерелерінің қамқор атасы, бірі – ақ жаулықты әжесі. Төрт бала тәрбиелеп, өсіріп, өмірден өз орнын тапсын деп оқытты-тоқытты. Бәрі де – өз алдына түтін түтетіп, шаңырақ көтерген, жоғары білімді азаматтар. Ата-ана үшін ұрпақ қызықшылығын көруден артық қандай бақыт, қандай қуаныш бар?! Мектеп ұжымы мен ауылдастары алдында адамгершілігімен абыройға бөленген кітапханашы еңбегі жайлы осы шағын жазбам бүгінгі біздің тыныс-тіршілігіміздің бір парасындай.
Жанар ЗИЯБІЛҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы,
Ақжар ауылы.