Халықаралық би турнирі өтті
«Еуразия» спорт кешенінде облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен екінші рет «Feerіe Dance – 2019» халықаралық балдық би турнирі өтті.
Еуразия кубогі үшін барлығы 500-ге жуық биші бақ сынады. Атап айтар болсақ, Оңтүстік Корея, Белоруссия, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызтан және республиканың әр аймағынан мықтылар іріктелді. Қазылар алқасының құрамында Ұлттық би кеңесінің президенті Игорь Ким, халықаралық дәрежедегі төреші Виталий Лучанов, Беларусь би одағының, Спорт комитетінің төрағасы Артем Козыро сынды мамандар болды. Сондай-ақ жас бишілер еуропалық және латын-америкалық би бағдарламалары, танго, румба, джайв, самба, ча-ча-ча және вальс түрлері бойынша сынға түсті.
– Сыр өңірі – адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Соның белгісі "Байқоңыр" ғарыш алаңынан қаншама ұлт пен ұлыс өкілі өз арманын орындап, алыстағы айға аяқ басты, әлемдік зерттеуге жол ашты. Олай болса, досқа құшағын кең ашқан Сыр жеріне басқан қадамдарыңыз сәтті болсын. Кез келген ұлттың өнері мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, жастар арқылы тез таралатыны белгілі. Өйткені ілім-білім қусам деген жастар шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алуға талпынады. Осылайша өзара мәдениет алмасуын қалыптастырады, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Екі күнге созылған турнир шоу бағдарламаға ұласты.
Бибарыс ТӨЛЕН
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ