Осы ма?

Енді бір үлкен кісі алақанын жайып көшеде әр көлік жүргізушісінен ақша сұрап жүр. Оған жастар да тиын ұстатып жатыр. Артынша-ақ дүкенге кірді. Оған жүз грамм ішімдік сатып алды. Бұл не сонда?
Бір мекеменің тізгінін ұстап отырған үлкен кісіні білуші едім. Жұмысын әп-әдемі-ақ істейді. Жауапкершілігі, ұжымды басқарудағы қабілеті тәнті етеді. Бірақ жұмыстан тыс уақытта жап-жас қыздармен кафеден-кафе жағалайды. Бір сөзбен айтқанда, қыдырымпаз. Жақында бір танысым жұмысқа тұру үшін мекеме басшысымен кездесуге барған. Үлкен кісі екен. Зейнетке шығып, өзі кәсіп ашып алған көрінеді. Айтуынша, бойдақ қыз керек екен. Отағасы, бала-шағасы жұмысқа кедергі келтірмеу керек. Бір сөзбен айтқанда, "айтқанға көніп, айдауға еру" керек. Кешкілік іскерлік кездесуден қалмау керек.
Бұлар да ата-ана ғой. Бізді тәрбиелейтін кім? Әр үйде кемінде екі немесе үш бала бар. Олар ата-анасына қарап бой түзейді емес пе?
Мөлдір САБЫРЖАН