Baikonur conus

   «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр қалалық филиалы мен Байқоңыр жастар ресурстық орталығы және «СП Бәйтерек» АҚ ұйымдастыруымен Жастар жылы аясында «Baikonur conus» конференциясы өтті. Айтулы шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов, Байқоңырдағы сала басшылары мен облысқа қарасты барлық аудан әкімінің орынбасарлары, жастар ресурстық орталығының басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының төрағалары, партия белсенділері қатысты.
Шара барысында №45 және №43 ұшыру алаңында орналасқан ракеталық қондырғылар, құрылғылар таныстырылды. Бүгінде Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшыру алаңынан «Зенит СМ» Қазақстан – Ресей мемлекеті бірлескен «СП Бәйтерек» АҚ құрамына алынып, қазақстандық ғарыш саласын дамытуға жемісті қызмет етуде. Мамандардың айтуынша, «Зенит СМ» ұшыру алаңынан алғаш рет 1985 жылдың 13 сәуірінде  жүк кораблі ұшырылса, соңғы рет 2017 жылдың 26 желтоқсанында көтерілген. Міне, осы жылдар аралығында аталмыш алаңнан 48 рет ракета көкке жол салған. Меймандар №45 ұшыру алаңындағы, яғни 1960 жылдың 29 қазанында Кеңес Одағының Маршалы М.Неделиннің басшылығымен көкке ұшырылатын кезекті ракетаны тәжірибеден өткізу кезінде апат болған оқиға орнына барып, қаза тапқандар рухына тағзым ретінде орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
«СП Бәйтерек» АҚ «Байқоңыр» кешенінде «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр қалалық филиал төрағасының бірінші орынасары Бақытбек Бекпанов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын ортаға салды. ҚР Президенті өкілдігінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары Мырзабек Демесінов Байқоңыр қаласының әлеуеті мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін нығайтуда атқарылып жатқан істерге тоқталды. Соңғы жылдары қала тұрғындары үшін медициналық және халыққа қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілгенін, сондай-ақ бұған дейін ресейлік білім беру стандартымен оқытылған 5 мектеп пен 1 балабақшаның қазақстандық білім стандартына көшкенін, 1 мектеп мен 1 балабақша және 5 бес қабатты тұрғын үй салынғанын айтты. Оның айтуынша, биыл 7 үш қабатты тұрғын үй құрылысы басталады және Бармин көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі, қаланы көгілдір отынға қосу да жоспарланған және электр энергиясы мен ауыз су желісін модернизациялау жұмысы қолға алынады.  
«2019 жылдың басынан бері өңірде аймақ басшысының қолдауымен жастарды кәсіпке, білімге, жалпы алғанда, еңбекке баулуда 44 жоба жүзеге асырылса, оның 29-ы қала және аудандық, ал 15-і облыстық деңгейде жүзеге асырылуда. Ал, Байқоңыр өңіріндегі жастар саясатын қолдауда 2017 жылдан бастап, Қызылорда облысы және РФ Байқоңыр қаласы арасындағы жастардың өзара әріптестік қызметінің жұмысын ұйымдастыру жобасы аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин бекіткен жоспар негізінде жұмыс жүргізілуде», – деді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов. Байқоңыр қаласында бүгінде 1 жоғары оқу орнында 683 студент, 4 арнаулы оқу орнында 1130 студент білім алуда. Шет елдерде білім алушы студент саны – 13. Сонымен бірге жастар саясатын қолдауда қала орталығындағы Абай даңғылы №2 мекен-жайдың екінші қабатынан жастар ресурстық орталығын ашу жоспарлануда.
 «СП Бәйтерек» АҚ «Байқоңыр» кешеніндегі филиал басшысы Мақсат Анаров өз сөзінде  мекемеде еңбек ететін 170 азаматтың 92 пайызы қазақстандық екенін, алдағы уақытта мекеме қызметкерлері мен жұмысшылар санын 500-ге жеткізу жоспарланғанын айтты. «Мұнымен қоса мекеме қызметкерлерінің барлығы да біліктілігіне сәйкес өз ісінің майталмандары», – деді ол. Жиында мәдениет, спорт, жастар саясаты және туризм басқармасына қарасты жастар мәселесі бөлімінің басшысы Татьяна Сафронова қаладағы Ресей мен Қазақстан жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы жобалардың іске асырылуына, «Нұр Отан» партиясы Жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес пен «ҚазҒарыш сапары» кәсіпорнының басқарма басшысы Аманкелді Бекішов өз саласы бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды. Бұдан кейін конференцияға  қатысушылар Байқоңыр қаласындағы мұражайды аралады, қалалық мәдениет үйінде өткен концертті тамашалады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Байқоңыр қаласы
18 сәуір 2019 ж. 603 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031