МЕМЛЕКЕТ БАСҚА, МАҚСАТ – БІР
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ, Түркиядағы Эге университетінің магистранты:
− Айнұр, әлемдегі барлық дерек жойылып кетті деп елестетейік. Сол кезде өзіңіз жайлы қандай ақпарат берер едіңіз?
− Қызық сұрақ екен. Бүкіл әлемнің жойылып кеткенін елестеткенмін, бірақ деректердің жойылуы жайлы ойламаппын. Қазір ақылыма салсам, «бізден мың жыл бұрын өмір сүріп, бүгінге аты да, еңбегі де аңыз боп жеткен ғұламалардың қасында елеусіз қалмаймыз ба?» деген ой туады. Ал өзім жайлы әлемдік ақпаратты толтыру қажет болса, мен үнемі ізденіс үстіндегі, жаңа мәдениет пен халықтар достығына қызығушылықпен қарайтын, ақиқатты қолдайтын жас буынмын. Осы кезге дейін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде топырақтану және агрохимия мамандығы бойынша білім алдым. Ал биылдан бастап Измир қаласындағы Эге университетінде магистратурада оқуымды жалғастырудамын. Алдағы уақытта Оңтүстік Кореяда өтетін «Жастар және әлем» деп аталатын конференцияға баруды жоспарлап отырмын.
− Конференция тақырыбы қызықты екен. Ол қандай жиын?
− Бұл конференция бірінші кезекте Оңтүстік Корея мемлекетінің мәдениетімен танысуға негізделген. Сонымен қатар қазіргі жас буынның әлемде орын алған әр түрлі жағдайға, табиғатты қорғауға қатысты көзқарасын талқылайды. Әзірге конференцияға дайындығым аз, егер құжаттарым қабылданып, шақырту келсе өз елімнің мәдениетін толықтай көрсететін мәліметтер жинақтап, ауқымды жобамен қатысамын деген ойдамын.
− Шетелде жастар әлемнің әр түкпірінен жиналады, оларды не біріктіреді? Сіздің ойыңызша қай елдің жастары тез тіл табысқыш, бауырмал?
− Жастар арасындағы достық турасында ұлт өкілдерін бөліп жарып пікір айта алмаймын. Себебі сырт жерде, туған елінен алыста жүрген жастың барлығы бауырмал, бәрі де туғаныңдай болып кетеді. Шекара асқан соң адамдар бір-бірін бағалай түседі. Олармен әр минутымыз бірге өтетіндіктен, қызығушылығымыз да бір арнада тоғысады, бізді ортақ мақсат біріктіреді.
еректерге сүйенсек, ағылшындар әңгімені алдымен ауа-райы жайында, ал қытайлар тағам жөнінде айтып бастайды екен.
– Бастапқыда тілі бөтен, бітімі басқа ұлт өкілдері үшін қандай тақырып маңызды болады? Өзіңіз шетелдегі достарыңызбен тілдескенде алдымен қандай тақырыпты арқау етесіз?
− Мен жүрген ортада көбіне белгілі бір мемлекеттің мәдениеті жайлы айтылады. Мәселен ұлттық асхана, музыка, киім, мемлекет рәміздері сынды тақырып бәріне қызықты. Әдетте біздің қазақ елінде дайындалатын тағамдар, мерекелер жөнінде сұраушылардың қарасы қалың. Саясаттан басқаның бәрі өзге ұлт өкілдеріне қызықты. Ал өзіме тарихи ескерткіштер жайлы әңгіме өрбіткен ұнайды, сол үшін басқа елдегі тарихи орындар және сол мемлекеттің қазіргі бейнесін көруге тырысамын.
− Қазақта «адам тілдескенше, жылқы кісінескенше» деген мәтел бар...
− Сенесіз бе, адамдармен араласуда жасына, ұлтына, сыртқы бейнесіне мән бермейді екенмін, себебі бәрімізді Тәңір жаратты ғой. Мен үшін жанымдағы досым әділ, жауапкершілігі жоғары болса болғаны. Ал мінезі құбылмалы, «бірде көл, бірде шөл» жүретін жандармен араласа алмаймын.
− Шетелде жастар ынтымақтастығы күні қалай аталып өтеді? Жалпы атаулы күн жайлы сіздің көзқарасыңыз қандай?
− Шетелде жүргенде ұлттық мәдениетімізді қолда бар дүниелермен ғана көрсетумен шектелеміз. Әрине еліміз жайлы өзге ұлт жастарына барынша түсіндіріп айтамыз, бірақ ол көзбен көргендей болмайды ғой. Бұл күні университет арасында әр ұлт өз тағамын даярлап, бір-бірімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Сонымен қатар түрлі прензентациялар дайындап, конференция ұйымдастырамыз. Әлемдегі барлық елдің жасын ынтымақтастықпен біріктіретін бұл күн осы сипатымен құнды тәрізді.
Гүлдана ЖҰМАДИН