ҚАРЖЫ МЕН ЖАҒДАЙҒА ТӘУЕЛДІ ЕМЕСПІН
Шынар ӘБІЛДӘ, аудармашы, журналист:
АУДАРМА – ӘДЕБИЕТ ҚАЗЫНАСЫ
АУДАРМА – ӘДЕБИЕТ ҚАЗЫНАСЫ
− Шынар апай, оқырманға жол тартқан «Жетілудің 7 жолы» атты кітабыңыздың жарық көруімен құттықтаймын! Көпшілік сізді аудармашы, психолог ретінде танығанмен қарапайым қойшының қызы, отбасында жеті баланың кенжесі болғаныңызды біле бермейді. Әңгімемізді бала күннен бастайықшы...
− Бала күнім Алматы облысы, жыраулар мен ақындар елі саналатын Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылында өтті. Сол жерде он бір жылдық мектепті тәмамдадым. Әкем мен туғанша қойшы болған екен, кейін денсаулығына байланысты ауыл ортасына көшкен. Тоқсаныншы жылдары ортаншы ағам үйленіп, тағы да қой бақты. Әкем оған көмекші болды. Демалыс сайын қойлы ауылға барып, атқа мініп, қой бағуды романтика санайтынбыз. Бесінші сыныпта алғаш рет жайлауға шықтым. Таудың асқақтығын көріп, көлікте отыруға қорқып, алғашқы асуға жаяу шыққаным есімде. Алғаш рет тау деген осынша ғажап болатынын көрдім. Таудағы өзен суының гүрілімен оянып, таңғы шыққа бет жуған кездер де болды. Жастығымыздың астынан жылан, бақа шығып, айғайға басқан сәттер сол жайлаудың тамашасы еді. Таудың басына бұлт жиі қонады. Біз сол бұлттың арасында ойнайтынбыз. Бұлттың ортасында жүргеніңді көрудің өзі бір ғанибет. Табиғатпен етене жақындастырған балалық шақты, жерошақ пен самаурынның заманын қатты сағынамын. Мына таудың басында қой бағып жүрсең, арғы таудың басында «ит-құс» ұлып отыратын. Үйдің кішісі болғандықтан жұмсалуымыз көп болды, содан болар еркелікті көп сезіне қоймадық. Әкеме еріп, көршілердің қымызын ішуге, думанды кештерге баратынмын. Көңілі түссе, бөлек ат ерттеп береді, болмаса артына мінгестіретін. Жайлаудың қызығы – ерулік, бір-бірін қонаққа шақырысып, тау арасын аралап жүргенге мәз болатын кездер ғой.
«Жетілудің 7 жолы» тек менің кітабым емес, оны құрастырып, жинақтаған Мырзагелді Кемел деген белгілі аудармашы, профессор ағамыз. Ол кісінің кім екенін көпшілікке таныстырудың өзі артық болар. Бәріміз де сол кісінің «Ақыл қалтасын» оқып өстік. Ол кісінің руханиятқа қосып жатқан еңбегі ерен, әсіресе бес томдық «Кемел», екі томдық «Өзіме сабақ» деген кітаптары оқырманға жақсы таныс. Ол кісі соңғы бір жылда жеті кітап шығардым деген, солардың қатарында екеуміздің аудармамыздан құралған «Жетілудің 7 жолы» деген жинақ та бар. Ағамыздың қолдауымен шыққан бұл кітапты маған берілген үлкен сый деп білемін. Себебі, өз басым кітап шығарсам деп талап қойған емеспін. Мен әлеуметтік желідегі ақпараттар сәл де болса қазақыланып, пайдалы дүниемен толықса деген оймен жұмыс істедім. Алайда оқырманның көпшілігі аударманың өзін алып, атымызды атамай кетеді. Сондықтан кітап шығару – заман талабына сай өз еңбегіңе деген құқық болып тұр. Басқаша айтсақ, өз еңбегіңнің өзіңдікі екенін дәлелдей алмайтын күйге жеттік. «Сен тегін жұмысты көп істейсің» деп Мырзагелді аға еңбегімді ескеріп, осындай әдемі жинақ шығарыпты. Ол кісіге алғыстан басқа айтарым жоқ. Бірнеше рет демеушілер кітабымды шығарып берейік деп ұсыныс айтты, бірақ артынша еңбегің бір кітапқа сыймайды екен деп, орта жолда қалдырған еді. Енді қарасақ, біраз дүние жиналып қалыпты. Мұның бәрі ізденістің нәтижесі деп білемін. Адам да, заман да бір орында тұрмайды, ал көштен қалмаудың ең әдемі тәсілі – ізденіс.
− «Астана ақшамы» газетінде қызмет еткен кезіңізде ерлі-зайыпты Докучаевтардың семинарына қатысып, психологияға қадам басқан екенсіз. Жалпы аудармаларыңыздың басым бөлігі де осы тақырыпты қамтиды, мұның себебі неде?
− Иә, газеттің берген тапсырмасымен әйгілі тектанушы ғалымдардың семинарына қатысып, психологияның қаншалықты қажет екенін білдім. Сол жиында адамның өзін өзгерте алатынын, өз тағдырына өзі иелік етуі қалыпты құбылыс екенін толық түсіндірді. Семинарда бірнеше адамның жеті атасын тану арқылы өмірлік шешім қабылдағанын көріп таң қалдым. Өлі балық қана ағынмен ағатынын түсіндім. Солай өмірден өз үлесімді алуым керек деген тоқтамға келдім. Аларым да көп, берерім де баршылық екен. Берерге келгенде көп ойланбайтынымызды байқадым. Мен байқағым келмеген дүниенің бәрін Тәңір өзі алдыма келтірді. Өзгер деді. Өзгердім. Өзімді таптым. Мен өмірлік сценариімді қайта жазып жатқан адаммын. Адасып, күйзелуді доғардым. Қазір бәрі жақсы.
− Бүгінде сіздің психологияға қатысты аудармаларыңыз трендте. Айтыңызшы, небір сойқан соғысты, жойқын күресті көрген қазақ қоғамының жиі күйзеліске түсуіне не себеп? Қазір ақылы тренингтер мен ақылды мотиваторлар да көбейді...
− Ол да заман талабы болар. Коуч − сізге шабытпен жұмыс істеу қажеттілігін ғана айтатын адам. Ол психолог та, ғалым да емес. Ол − оратор. Өмірде өзіңе керектіні тап, соған еңбек сіңір, сол еңбектің жемісін көр дегенді үйретеді. Бұл – қарапайым ғана нәрсе. Мұндай кеңеске зәру болуымыздың бірден-бір себебі, жақсы ұстаздың аздығы, жан-жақты білімнің таяздығы. Күйзеліс көбіне өзін таппай, өз жолынан адасқан адамдарда болады. Қателеспесем, Дейл Карнегидің мынадай сөзі бар «күйзелістен шығудың жолы – еңбек ету. Қолы бос адамдар ғана күйзеледі» деген. Қазір өз жұмысына, өміріне көңілі толмайтын адам көп. Бұл − нарық әкелген дерт, бәлкім, өтпелі кезеңнің ауытқуы. Біреуге экономикалық білім керек, біреуге психология қажет. Негізі батыс елдеріне қарағанда шығыс елдерінде күйзеліс аз. Олардың өмір сүру сапасы нашар болса да, ақша бәрін шешпейді, бәрін реттейтін адамның ниеті деген пәлсапаға беріктігі дейді ғалымдар. Расында ақшаға, жағдайға тәуелді адам күйзеліске ұрынғыш. Өмірде тым тәртіпті бола берген ауыр. Кейде өмірді оңай етіп қараған абзал, себебі фәни дүние ғой. Жақсылық жаса. Қалғанын Құдай өзі жасайды. Менің аудармаларымның дені, түпкі ойы осы ұғымға сай келеді. Қаржыға да, жағдайға да байланбаймын. Барымды бағалауға тырысамын. Қазір бәрінен балаларымның балалық шағын артық көремін. Керек кезінде солардың жанында болсам екен деп тілеймін. Ананың махаббаты, мейірімі өте маңызды екенін осы психология үйретті. Ананың мейіріне қанбай қалған кез келген ересек адам өмірді де, өзін де, өзгені де жақсы көріп қарық қылмайтынын түсіндім.
Әдеби аударма ақсап жатыр
− Аударма − ел мен ел арасындағы әдеби шекараны бұзатын алтын көпір. Қазір еліміздегі аудармашылардың мүмкіндік деңгейі мен қабілеті қандай? Жалпы аудармашыға қандай талаптар қойылады?
− Аудармашылар сан алуан саланы қамтиды. Синхронды аудармашының мағынаны беруі маңызды, ал әдеби аудармашы бір сөзін қалдырмай, автордың ойын тиянақты жеткізуі тиіс. Қазір өлеңнің ұйқасына дейін тура беретіндер бар. Бұл − өнер. Әр саланың аудармашысына талап әркелкі. Бастысы, автордың көңілінен шығуы тиіс. Аударма қай заманда да ілгері дамудың көрсеткіші. Өзгенің жақсысын көрмекке, тануға жетелейтін жол. Аударма стиль қалыптастырады, жазуға машықтандырады. Тек қара жұмысқа айналып кетпесе болғаны. Себебі, сезімсіз, шабытсыз аударылған дүние жүрекке қонбайды. Көп аударма оқылмай қалатыны да сондықтан. Шын ықыласпен аударылған дүние қай уақытта болмасын оқырманын табады.
− Көршілес Ресей мемлекеті әлемде жарық көрген жақсы туындыны көп ұзатпай орыс тіліне аударады. Ал бізде бұл бастама жолға қойылған деп айту қиын. Бұл жағдайға не кедергі? Қазақ ақын-жазушыларының еңбегі шет тілге аударылып, дүйім елге бірден таралды дегенді де сирек естиміз...
− Иә, интеграция дәуірінде өмір сүріп жатқан қазіргі буын аудармаға бұрынғыдан да көп көңіл бөлгені абзал. Бүгінде әдеби аударма ақсап жатыр. Аудармашының да еңбегі еленбейді. Бірен-саран ақынның, жазушының еңбектері аударылады, оның өзі жекелей ізденістің арқасы. Аударма – мәселесі көп сала. Бірақ түбінде аудармашылар альянсы құрылатыны сөзсіз.
− Аудармада тіл білу маңызды. Көп жағдайда оқырман автордың айтар ойын түсіну үшін түпнұсқаны таңдайды. Осы орайда әлем классиктерін қазақша сөйлететін аудармашы алдымен ана тілін терең меңгеру керек тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз?
− Ол аудармашының деңгейіне байланысты. Екі тілді, кейде үш-төрт тілді де терең меңгеретіндер бар. Аударманы қай тілге аударса, сол тілде еркін сөйлеп, жаза білуі тиіс. КСРО-ның кезінде аударма қатты дамыған еді. Классик жазушылардың көбі сол кезде аудармамен айналысты, мүмкін қаржысы қомақты болған шығар. Сол аудармаларды қазір оқып, қызығын көріп жатырмыз. Біздің де Нобель сыйлығын алған, жалпы кітабы әдеби ортада таныла бастаған жазушыларды қазақ тілінде сөйлетуге қауқарымыз жетер еді. Тек соны әкімшілік ұйымдастырып бір ізге түсірсе, шіркін. Бұл − Жазушылар Одағына қатысты мәселе. Әйтпесе кәсіби білікті аудармашылар баршылық.
− 1945 жылы АҚШ-та бестселлер болған Ше Лаоның «Ришка» шығармасын қытай тілінен аударған Эван Кинг туындыға көп өзгеріс енгізгенін айтады, яғни кітап оқырман талабына қарай бейімделген. Сол тәрізді сізде аудитория қажеттілігіне қарай аударма мәтінін өзгертесіз бе?
− Әрине, онсыз болмайды. Негізі талап бойынша мәтінге өзгеріс енгізбеу қажет. Кейде орысша нұсқасы ұзақ болады, сол кезде аударманы бір ауыз сөзбен түйіндей салам. Кейде орысша мәтін тым қысқа беріледі, қазақшасында сол ойды ұғынықты болсыншы деп артық сөзбен сипаттаймын. Мұның бәрі оқырман түсінбей қалмасын деген ойдан туындайды. Кейде сөзбе-сөз емес, ойын қазақыландырып жіберемін. Менің аудармам еркін болғандықтан оқырманға жақын. Сөзбе-сөз аударған мәтін адамды тез жалықтырады. Сосын да тапсырыспен келген аударманы сөзбе-сөз аударамын деп өзім қиналып кетемін, әрі ол көңілімнен шықпай қалады. Аударманың да басты талабы автордың ойын өз тіліңе етене жақын ету, қазақ тілінде ойлағандай суреттеу ғой.
Қытай мен Ресей жылына мыңдаған кітап аударады
− «Нарықтың талабына қазақ әдебиетінің көші қолдаусыз ілесе алмайды. Жағдайсыз жақсы дүние жазылмайды» деген екенсіз Әдебиет порталына берген пікіріңізде. Бүгінгі қоғам жайын бағамдасақ, аударма саласындағы қаламақы да сын көтермейтін тәрізді...
− Ұлтты ұлт ретінде тірі сақтайтын – әдебиет қана. Көзі ашық елдің бәрі мұны біледі, сондықтан әдебиетке көзқарастары ерекше. Кез келген мотиваторды, не психологты алып қарасаңыз, кітап қана адамды бар етеді дегенді айтады. Менің ойым, өзіміз кенжелеп қалған ұлтпыз, санымыз да азғантай, өзімізді ұлт ретінде сақтап қалуымыз үшін ең алдымен әдебиетке басымдық беруіміз керек. Қазір жазайын десе қабілеті бар қыз-жігіттердің көпшілігі тұрмыстың тауқыметін тартып, нағыз жазар шағында бар күш-қуатын басқа салаға бұрып жіберіп, нәпәқа табудан аса алмай жатыр. Обал. Жазушыларға тыныштық керек. Оңаша өмір керек. Кейде оқшауланудың пайдасы зор болады. Ақшасыз оған мүмкіндігі бар ма? Жазушыларға қолдау керек. Аударма тіпті еленбей жатыр. Нил Гейманның қиял-ғажайып ертегілері де бізге әлі келмеді. Ол − баланың қиялын шарықтатуға еңбегі зор автордың бірі. Жылына Қытай мен Ресей өзара мыңнан аса әдеби кітап аударады, ал біз қарап отырмыз. Әдеби аудармашыдан синхронды аудармашылардың бәсі жоғары, солардың ғана қаламақысы қомақты. Елдің идеологиясы ақсағандықтан әдебиетке көзқарас төмен боп тұр. Аудармаға да сондай.
− Алғашқы аудармаңыздың «Қоңыр мұң», ал ауқымдысы Робин Шарманың 200 кеңесі екенінен хабардармыз. Сіз аударған «Анна Франктің күнделігі» де көптің сұранысына ие. Ал қазір қандай туындыны тәжірмалаудасыз?
− Қазіргі таңда әлемге танылған бестселлер кітапты аударып жатырмын. Аударып бітпейінше атын атауға қақым жоқ, себебі баспамен сондай келісім бар. Маған «Анна Франкті» Моңғолияда туып-өскен қазақ қызы Райса Қадыр деген баспагер аудартты. Ол − өте ұлтжанды, патриот ханым. Әлемдік үлгіде «Steppe and the world» деген баспа ашып, қазақ руханиятына үлес қосқысы келетін қайраткер жан. Facebook әлеуметтік желісінде аудармаларымды көріп, ұнатқан соң, қазір екінші кітапты аударуға тапсырыс алдым.
− Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бастау алды. Әлемнің озық туындыларының бастапқы легі оқырман қолына тиді. Осы жоба аясында аударылған кітаптардың сапасын қалай бағалар едіңіз? Жоба барысында сіз де аударма жасауға атсалысқан боларсыз...
- Иә, Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» деген кітапты аударуға үлес қостым. Бұл бюроның аударған кітаптары өте сапалы. Оларды көбіне өз саласының мамандары аударып жатыр, түнеугүнгі астанаға барған Терминологияға қатысты конференцияда Аударма бюроның басшысы Рауан Кенжехан баяндама жасады, осы кітаптардың сапалы шығуы үшін қаншама адамның маңдай тері төгілетінін айтты. Алдымен маман аудармашылар аударады, сосын ғылыми деңгейі жоғары редакторлар тексереді. Сын айтатын, қатесін түзейтіндей мықты мамандардың қолынан шыққан соң қазақ тіліне жетік редакторлар тағы бір ізге түсіріп шығады. Олар оқырманның жағдайын ойлайды. Сондықтан бұл аударма кітаптар ел игілігіне жарайтын мол қазына деп білемін.
Әр адамның бақыт формуласы өз жүрегінде
− Елімізде аударма мектебін қалыптастыру үшін не істеу керек?
− Бұрын өмірін аударма ісіне арнаған Хамит Ерғалиев сынды аудармашылар мектебі бар еді. Қазір тұралап тұр. Мәлік Отарбаев деген аудармашы бір сөзінде «қазір аудармамен тек альтруистер айналысады» депті. Айтқаны әдеби аудармаға қатысты сөз. Кітап аудару өте сирек, ал аударатын кітап саны өте көп. Бұған мемлекет тарапынан арнайы жүйе қажет. Баспалар тек ақысы төленген кітапты аударады. Қазір аударманы Фолиант, Аруна деген шағын баспалар жасап жатыр. Бұл теңізге тамған бір тамшы тәрізді. Оқулық аударып жатқан «Аударма» бюросы сияқты жылына мың кітап аударатын әдеби аударма ұйымы керек-ақ. Осы кезге дейін арманның бәрі орындалатынын көріп келемін. Бұл арман да ертеңгі күні заман талабы болады. Орындалар.
− Соңғы сауалымызды психологияға арнасақ. Бақытты өмірдің формуласы көрсетіңізші...
− Бақыт деген не? Әркімді бақытты ететін дүние әртүрлі ғой. Сондықтан біркелкі формула жоқ. Әр адамның формуласы өз жүрегінде. Жүрек мың бөлмесі бар зәулім сарай болуы мүмкін. Не бір бөлмеден тұратын бір ғана қуыс. Біреу бір бөлмемен шектеледі, біреуге мың бөлме аз. Бақыт әркімнің өз қолында. Ақшаны қалай табуды үйретуге болады. Білімді қайдан алу керегін айтуға болады. Ал бақытты әркім өзі жасайды. Тек ниет түзу болсын!
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН