Сарбаз күнделігінен немесе шекарашы-жауынгер өмірінің бір күні
Шекара заставасы. Акпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесінде "Айбын" журналын ақтарып отыр едім әйгілі қазақ актері Асанәлі Әшімовпен сұхбатқа көзім түсті. Журналға берген сұхбатында атақты актер: "Отан қорғаушының образын сомдау – сауапты іс" дей келе, ел қорғаны батырдың ролін ойнау әрбір актердің арманы екенін айтыпты. Еліміздің біртуар қайраткерінің осы сөзінің астарында қандай үлкен мағына жатыр десеңізші?! Ал сол мезетте, өзінің өмірін Отан қорғау жолында сарп еткен, батырдың рөлін өмірлік образы ретінде қабылдаған шекарашылар қатарына жататыным үшін қандай мақтаныш сезіміне бөленгенімді білсеңіз ғой.
Бала күннен Қобыланды, Алпамыс батыр сынды эпостық жырларды көңілге тоқып, осынау сайын даланы еркін кезген ерке елдің батырлары Қабанбай мен Бөгенбай сынды баһадүрлер біздің тікелей ата-бабаларымыз екенін, батыр елдің қайсар ұрпағы біз екенімізді ойлағанда жұдырықтай жүрегімнің түпкірінен ұлттық рухтың ұшқынын сезінгендей болдым және ол маған түсініксіз, түйсігімнің арғы жағынан білінген еді. Демек, ғалымдардың ДНК туралы ой-тұжырымдары анық болғаны ғой. Менің де ой-санамның қатпарларында, қанымның қызыл түйіршіктерінде, керек десеңіз ағзамның әрбір жасушасында сақталған туған еліме, туған жеріме деген сүйіспеншілік, Отаныма деген шексіз махаббат сол бір көзге көрінбейтін гендік деңгейде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқанын мойындамасқа болмайтын секілді. "Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем" деп ақын жырлағандай, маған Отанымның аспанмен астасқан асқар таулары, шексіз дария даласы, мөлдір тұнық өзен-көлдері, керек десеңіз, әрбір тасы, әрбір құм түйіршіктеріне дейін қымбат! Жастайымнан шекарашы болуға ұмтылуым осы тұжырымды сөзбен ғана емес, іспен дәлелдегім келгендіктен де болар...
"Застава қаруға" деген застава кезекшісінің пәрмені ойымды бөліп жіберді. Әскери машыққа бейімделген мен формамды лезде киіп, қару сақтау бөлмесіне жүгірдім. Дабыл тобы қаруланып болып, УАЗикке секіре мініп шекараға аттандық. Бұл белгі дәл бір жоғарыдан түсіп: "Ал, бауырым, аттан! Дәлелде шекараға берілгеніңді..." дегендей болды. Еріксіз езуіме күлкі үйірілді. "Іздегенге – сұраған" дейді ғой, дәл осы сәтті аңдып отырғандай, шекара наряды мемлекеттік шекара бұзу белгілері байқалғанын баяндапты.
Шекара бұзылу орнына келіп, ізді зерттеп, "олардың" екеу екенін, бағыттары тылға қарай кеткенін анықтадық. "Лора" тіміскілеп арлы-бері жүрді де, ізді тапты-ау, жүгіре жөнелді, өкпемізді қолымызға ұстап біз де ұша жөнелдік. Өткен жолы тез қолға түсіп еді, осы жолы бірталай жүгірдік. Шамамен екі жарым шақырымдай қашықтықты бағындырдық, бірақ шекара бұзушылар көрінер емес. Он шақырымды да ойланбай жүгіріп өтуге әбден шамам жетеді. Мәселе жылдамдықта болып тұр ғой. Көк бөрінің қазіргі ұрпағы "Лораның" жылдамдығына ілесу мүмкін болмай келеді-ай. Өкпем өшіп, өзегім өртенді. Болдыраған бұлшықеттерімнен миыма сигналдар жетті ме, қайдам, "тоқтай сал, болды, жете алмайсың" деген ой миымды жеп келеді. Жеңілдім. Ағзамның мүмкіндігінен аса алмайды екенмін. Тоқтай қалдым. Оны көрген жанымдағы командирім мені тоқтамауға көндірмекші болып еді, түк шықпайтынын көріп, қалғанын қуып жетіп ұзап кете барды. Аптығымды баса алмай ырсылдап келем. Тағы да ой. "Әй, Патриотбегім-ай, сонша мақтанып нең бар еді. Осы ма дәлелдегенің, осы ма шекараға берілгенің, супер-шекарашы" деп мысқылдамасы барма?! Онсыз да өртенгелі тұрған алма бетім ұяттан жарыла жаздады. Ерік-жігерді қалай қамшылау керектің көкесін сонда түсіндім. Қамшыны бастым-ай кеп. Ата-бабамнан гендік жолмен Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар намыс та берілген болар, жаңа ғана зорласаң да жүрмеймін деп қатып тұрған аяқтарыма қанат біткендей, өкпемде көмпьютерлік ойындардағыдай "турбо" қосылып, екінші дем бергендей болды. Желдей ұшып қатарыма қосылдым. Командирім менің жеткенімді көріп, сорпа терге малынған қалың мұртын бір сүртіп алды да, жымиып қойды. Оның көзінен сол сәтте мен үшін медальдан да қымбат көрінген "Жарайсың, батырым!" деген ерекше алғыс пен ілтипатты оқыдым. Иә, адам өміріндегі жеңістердің Ұлысы өз-өзіңді жеңе білу шығар. Мен бұл жеңісіме қатты қуандым.
Қылмыскерлер алысқа ұзай қоймапты. Негізгі топқа қосылғаннан кейін көп ұзамай олардың қарасы көріне бастады. Қателеспеппіз, екеу екен. Адам жаратылысы сондай ма, әйтеуір, нысананың – осы сандалысымыздың түп мақсатының көрінгені бізге ерекше күш берді. Жылдамдықты "формула бірдегідей" қарқынмен үдете отырып, жете беріп едік, бізді байқап қойды ма екеуі екі айырылды. Итіміз сасқалақтап екі айырыла алмады, білем, не болса да дегендей оң жаққа кеткен шекара бұзушының артына түсті. Командир маған қолмен нұсқап, екеуміздің еншіміз сол жақтағы дегендей белгі берді. Мен "құп болады" деп ым жасап, артынан бұрылдым. Сол кезде байқадым, мұртты командирім "көзге көрінді, енді құтыла алмас" деді ме немесе қырықтың белесінен қол бұлғаған жүз келілік ағзасы болдырды ма, ары қарай өзің дегендей қолын бір сілтеп қалып қойды.
Қылмыскермен жүгіру жарысына енді мен шықтым. Ол құрғыр шекараның ар жағында марафонға қатысқан желаяқ па, жоқ арғы атасы Нигерияның тумасы ма, әйтеуір, қанша қиналсам да жеткізер емес. Тәңір адамды қандай шеберлікпен жаратқан десеңізші, өзім өлейін деп өкпем өшіп келем, ал миым неше түрлі оқиғаларды көз алдыма келтіріп, тыным таппай жағаласып келеді. Шекара институтында оқып жүргенде подполковник Майфат деген дене шынықтыру пәнінің оқытушысы сабақ беретін еді. Әлде командирім тәрізді ол да мұртты болғандықтан ба, жоқ әлде ол да желден жүйрік желаяқ болғандықтан ба білмеймін, сол кісі есіме түсе кетті. Ол кісінің сарбаз кезінде жүгіруден орнатқан рекордын, қателеспесем, әлі ешкім жаңарта қойған жоқ. 3000 метрлік қашықтықтың соңғы 100 метрін "финишняя прямая" деп атайтын да сол кісі болатын. Оның сыры – 3 километрге жүгірген кезде өз күшіңді саралап, біркелкі қолдана білу және шешуші саналатын соңғы 100 метрге қосымша күш сақтай отырып, сөреге жақындағанда бар жігеріңді салып жүгіріп өту. Онысымен бізді осындай жекпе-жекке дайындаған екен ғой ғұлама оқытушылар. Намысым қамшылаған ерік-жігерімді, қалған күш-қуатымды салдым. Ендігі мақсат қуып жетіп, қылмыскердің жігерінің сынуына қол жеткізсем, оны ұстасам болды деп ойладым. Жеттім ақыры... Бірақ бұл өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой. Жекпе-жектің соңы емес, басы екен бұл. Желкесінен шап бергенім сол еді, өзі де еңгезердей біреу екен (қуып келе жатып оны байқамаппын), айналып кеп жұдырық жұмсап, өтіп кетті (соққы тигенде бірден түсіндім). Әйгілі американдық кинода Рокки Бальбоаның "бокста ең маңыздысы – қалай соққы жасайтының емес, соққыны қалай қабылдайтының" деген сөзі бар емес пе?! Мен егер боксшы болсам, мықты боксшы шығар ма еді? Себебі, бірінші соққыны керемет қабылдадым. Енді өзіңнен биік алыптың дәл жағыңа бокс қолбағынсыз дөп тигізген соққысынан кейін аман қалу, тағы өзіңнің аты-жөніңді біліп тұру үлкен жетістік, меніңше. Мұнымен бокстасып қарық қылмайтынымды сездім. Қалыптасқан жағдайды бағалап, ұстаса кетіп алып ұру туралы шешім қабылдадым. Қанша дегенмен Қажымұқан бабамыз аунап өскен топырақта алысып жатырмыз, бір киесі қонатын шығар деп қоям, онымен қоса бала күнде күреспен айналысқаным бар еді. Не болса да, сол сәтте маған соққы алғанға қарағанда жерге аунаған қатты ұнап тұр еді. Бар білер бір әдісім – жамбасқа алып ұру. Толағайым маған қарай ұмтылған оңтайлы сәтті пайдаланып, өз салмағын өзіне жұмсап алып ұрдым. Басындағы бөрігі домалап түсті. Жарыс болса атып тұрып қолымды көтерер едім. Әттең, жарыс емес. Заң талаптарын аттап өтіп, шекарадан ары асуға тәуекел еткен адам оңайлықпен беріле қойсын ба?! Мені бір кішкентай қуыршақ сияқты құшақтады да айнала салды. Енді, міне, толағайдың астында мен қалдым. Талай қарсыласты көрдім, бірақ мынадай "пілді" көрмеппін, тырп етуге шамам жоқ. Сонда да берілмеу керек. Мені итеріп жіберіп қашып құтылуға тырысып еді, кенедей жабысқан менің жібермейтінімді сезген соң алқымымнан қыса бастады. Көзім шарасынан шыға жаздады. Қолымды олай сермедім, былай сермедім, нәтиже шамалы. Тырнаның аузына түсіп тырбаңдаған бақа болдым да қалдым. Соңғы ой. "Бағана өкпем өшіп тоқтай қалғанда қайдан ғана дәлелдегіш бола қалдым. Бәрібір ұсталатын адам еді ғой.. Алайда сол жерде қалған болсам өзімді өмір бойы кешірмес едім. Енді, міне, жау қолынан жазым болып кетсем, елімді, жерімді қорғап, батырлықпен бақилық болғанымды өзім де, халқым да білетін болады. "Есіл ер еді" деп есіне алады. Қош бол елім, мен сені әскери антта айтылғандай ақтық демім қалғанша күзетіп құрбан болдым. Қалғаны саған аманат..." Қалғаны маған беймәлім.
Көзімді ашсам, аспан дариясына алғашқы жұлдыз-кемелер шығып үлгеріпті. Қызылқұмның қапырық ауасына өмір сыйлаған қоңыр салқын желдің лебі байқалады. Қасымда жымиып командирім отыр. Қалың мұртымен қосылып қалған қастарына ақ түсіп кеткенін байқамай жүрген екем. "Амансың ба, бауырым? Адамның зәресін алдың ғой. Ендігәрі менен озушы болма" деп күліп қояды. Күлейін десем жағым ашылмайды. Езуімді тартуға ғана шамам жетті. Өңім бе, түсім бе деп абдыраған мен сасқанымнан командирімнің едірейген мұртынан шап беріппін. Өңім екен...
Кейін заставаға оралып, мән-жайды сұрастырғаннан кейін белгілі болғаны, мен ұйқыға аттанғанда келесі оқиға орын алған екен. Менің қоян-қолтық ұрысқа араласып кеткенімді көрген командирім (ол да намысын жақсылап қамшылаған болу керек) аяғын қолына алып жүгіре жөнелген. Менің анау алыптың астында қимылсыз жатқанымды көріп және өзінің күшін сараптай келіп, тапаншасынан аспанға бір ескерту оғын атып жібереді. Манағы мені жыққан алыбымыз пистолет даусын естіген кезде үстімнен орғыған қояндай ыршып түсіп, жерге жата кеп жалынған көрінеді. Командирім тізерлеп отырған алыпты пистолеттің рукояткасымен бір қойып құлатып, мені өмірге оралту процесімен айналысып кеткен. Артынша алқынып жеткен сарбаздар шекара бұзушының қолына кісен салып, көлікке мінгізген сәті екен – мен көзімді ашқан кез. Ал командирімнің қасы-мұрты қартайғаннан емес, шаң қонып, содан ағарған екен ғой. Мұртыңнан айналайын, сабазым!
Қылмыскерлер тиісті жазасына, батырлар лайықты бағасына ие болды.
Олжас ӘБДІРАЙЫМОВ
2024 әскери бөлімі