БИЫЛҒЫ САПАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ҒАНА
Әбілмансұр Серіков «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі Елбасының бозбала шағын сомдаумен қалың елге етене таныс. Ол –«Біржан сал» фильмінде Ләйлімнің інісі Мамайды, «Вопреки всему» сериалында Рүстемді, «Таңдауда» Алдиярды, «Жібек» сериалында Мирасты сомдаған жас актер.
Осы аптада Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры гастрольдік сапармен Қызылордаға келді. Біз Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым» қойылымында Ілияс рөлін сомдап, елдің шынайы ықыласына бөленген Әбілмансұрмен театр тақырыбында тілдестік.
− Әбілмансұр, Сыр өңіріне қош келдіңіз! Өзіңіз басты рөлді сомдаған «Қызыл орамалды шынарым» қойылымы көптің көңілінен шыққанын байқадық. Бұл Алаштың анасы атанған өлкенің сіздерге сыйлаған шабыты болар... Қалаға келгендегі әсеріңіз қандай болды?
− Қызылорда – әдемі қала, мұнда алғаш рет алты жыл бұрын келіппін. Сол кезде ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлының ұйымдастыруымен Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда есеп беру концертін өткізгенбіз. Қалаға кіргеннен-ақ, Қызылорданың құлпыра түскенін байқадық. Сыр елі қонақжай, мейірімді, бізді қарсы алуынан-ақ өнерді жоғары бағалайтынын аңғардық.
− Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуарында қырыққа жуық қойылым бар екен. Гастрольдік сапар үшін қойылымдар қалай таңдалды? Алдағы уақытта республиканың қай қаласында жалғасын табады?
− Биылғы жылы гастрольдік сапармен тек Қызылордада ғана боламыз. Ал былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барлық облыс пен қаланы аралап, қойылым көрсеттік. Осы аптада қойылатын алты туынды басшылық тарапынан таңдалып, халыққа ұсынылды.
− Актер Бекжан Тұрыс «Өмірзая» спектакліндегі кейіпкерін сомдау үшін жүйке аурулар ауруханасына барып тұрған екен. Сізде де осындай кейіпкеріңіз үшін тәуекелге барған сәттер болды ма? Жалпы рөлге қалай, қанша уақыт дайындаласыз?
− Иә, әдетте барлық кейіпкердің образы өмірден алынады. Оны бастан кешірген адам тәрізді сезіну көп еңбекті талап етеді, сондықтан әрбір рөлді алған сайын тыңғылықты дайындаламын. Дайындыққа ең қысқа мерзім дегенде бір жарым ай уақыт жұмсалады, ал үлкен қойылымдарды даярлау кейде екі-үш айға созылады.
− «Қызыл орамалды Шынарым» қойылымында біз сізді Ілияс бейнесінде қабылдадық. Тіпті қойылым соңында күйініп тұрып билеген сәт көрерменге шынайы әсер қалдырды. Айтыңызшы, рөлді сомдау актер психологиясына қаншалықты әсер етеді?
− Рөлдің әсері көп жағдайда кейіпкердің болмысын қабылдауыңа байланысты. Кейде қойылымнан соң біраз уақыт рөлден шыға алмайтын кездер болады. Қойылым барысында кейбір ауыр рөлді сомдағанда жүрегің қысылатын сәттер де кездеседі.
− Болашақта сізді тағы қандай бейнеде көруіміз мүмкін?
− Алдағы уақытта кино саласынан көретін боласыздар, әзірге сериалға емес, көркем фильмге түсуді жоспарлаудамын. Қазір бір киностудияның шақыртуы бойынша киноға түскелі жатырмын, әзірге құпия болсын.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН