» » Абайлаңыз: кене

Абайлаңыз: кене

  Әр жылда көктеммен бірге аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруының эпидемиологиялық маусымы да келеді. Яғни осы кезде табиғатта кенелер саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кенелер адам денсаулығына қауіп туғызады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкалатабиғи ошақтықаса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі өлім-жітім көрсеткіші – 30-70% аралығында.Көкала ауру бірінші рет 1944 жылы Қырымда тіркелген, 1945 жылы вирусы анықталған. 1956 жылы Конго мемлекетінде осыған ұқсас ауру тіркеліп, вирусын зерттей келе, Қырымда тіркелген аурудың вирусымен бірдей болып шыққан. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы дүниежүзінде Африка, Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия және Ресей мен бірқатар Европа елдерінде кездеседі.
Географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанның 4 аймағы осы аурудың табиғи ошағы саналады: Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы. Биыл Қызылорда облысында 123 елді мекен осы ауру бойынша қолайсыз деп анықталды. Атап айтсақ, Арал ауданында – 26, Қазалы ауданында – 12, Қармақшы ауданында – 15, Жалағаш ауданында – 12, Сырдария ауданында – 11, Шиелі ауданында – 17, Жаңақорған ауданында – 20 елді-мекен және Қызылорда қаласында – 10 аймақ. ҚКГҚ ауруы бойынша эндемиялық аймақта жоқ дегенде бір науқас немесе вирус тасымалдаушы кене тіркелген кезде бүкіл елді мекен эндемиялық ошақ болып саналады.
 Табиғи ортада ҚКГҚ вирусы кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлар мен үй жануарларының ағзасында болады. Аурудың негізгі тасымалдаушысы – иксод кенелері. Кенелер күннің көзі жылысымен жылы қанды жан-жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Сондықтан адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруы кенелердің белсенділігі артқан кезде жиі кездеседі, яғни көктемде наурыз-маусым айлары мен күзде қыркүйек-қазан айларында. Ауру кене шаққанда немесе қырқым кезінде кенелердің қаны арқылы не болмаса ауру адамның қанымен жанасқанда жұғады.  
               
Аурудың белгілері:Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы немесе халық аузында айтылатын «көкала» ауруы аяқ астынан тез басталады.  Басталуы кез келген вирустық инфекцияда болатын белгілермен сипатталады – дене қызуының күрт көтерілуі, бас ауруы, тамаққа тәбетінің болмауы, буын мен белдің сырқырауы. Келесі күні лоқсу, құсу, іші өту, ине салған жерлері көгеру, беті ісініп, қызаруы мүмкін. Ауру одан әрі дамыған жағдайда науқастың мұрнынан, қызыл иегінен, ішектен қан кете бастайды, тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, әлсірейді, жүректің соғуы жиілейді. Аурудың бірінші белгілері пайда болған жағдайда өлім-жітімді болдырмау үшін емдеуді мүмкіндігінше тез бастау керек. Қазіргі уақытта ҚКГҚ ауруын емдеу әдістері тиімді нәтиже беруде. Сондықтан егер сізді кене шаққан болса, міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне медициналық көмекке жүгініңіз. Медицина қызметкерлері 14 күн бойы медициналық бақылау жүргізеді. 
Кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медкөмеккке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаңыз! Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен (пинцетпен), немесе резина қолғап киіп, немесе шүберекпен неғұрлым тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек (қажет жағдайда кене зерттеледі) немесе Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.  
Табиғи ошақтарындағы адамдарға кенелердің шабуылынан жеке қорғану үшін арнайы киім кию ұсынылады: қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу және резеңкелі манжетті жеңі бар көйлек кию қажет. Саяхатшылар және балалар табиғатқа демалысқа шыққан кезде кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған киім, аяқ киім, бас киіммен қамтылу керек. Дененің ашық жеріне кенелерді қорқытатын репеленттер (спирттік зат, одеколон) және киімге кенелерді өлтіретін акарицидті құралдарды қолдану керек. Кене малдың үстінде болатынын ескере отырып, малды алдын ала ерте көктемде кенеге қарсы егіп, мал қорада кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу қажет. Мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдаланып, мал қорадан шыққанда оны ауыстыру керек. Қызылорда облысы бойынша ерте көктемде және күзде кенеге қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліледі. Оған облыс бюджетінен тисті қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап бұл жұмыстар Жаңақорған ауданы және Қызылорда қаласында басталды.
 
                                                                  Қызылорда облысы қоғамдық
                                                                  денсаулық сақтау департаменті
            
21 сәуір 2019 ж. 1 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031