» » ТАРАЗДАҒЫ ФУТБОЛ ТОЙЫ

ТАРАЗДАҒЫ ФУТБОЛ ТОЙЫ

  Жанкүйер 12 ойыншы деген тәмсіл футбол терминінде  қалыптасқан қағида. Командасы алға ұмтылуға фанаттардың үлесі зор. Сондықтан сырт алаңға шыққанда да команда ойыншылары «фанат» жанкүйерлерінің барғанын қалап тұрады. Өткен жексенбіде қызылордалық жанкүйерлер Таразға баруға мүмкіндік алды. Мақсат – "Қайсарды" қолдап, командаға демеу болу.
Жанкүйерлерді Таразға баратынын команда басшылығы ерте ескерді. Спорт десе өзегін жұлып берер өр азамат Серік Құттыбайұлы арнайы автобус бөлгізді. Шынын айту керек, жанашыр жанкүйерлер автобусқа да сияр емес. Сондықтан қалған фанаттар ғаламтордың көмегімен түздегі ойынды тамашалауға мәжбүр. Фанат демекші арамыздағы Мүсілім Ишанқұл ес білгелі "Қайсардың" ойынын қалт жібермепті. Реті келсе, түздегі ойындарға да өз қаражатымен барған кездері болған екен. Бүгінде Мүсілім "Жастар Фан клубының" жетекшісі.
– Мен үшін "Қайсардың" орны бөлек. Ойынды былай қойғанда команданың жаттығу дайындығын да қалт жібермеймін. Футболшылардың бабын сол жерде-ақ байыптап отырамын. Клуб басшылығы арқасында түздегі матчтарға да баруға мүмкіндік алудамыз. Басшылық құрам  жанкүйерлермен жұмыс істейтін арнайы маманды да қарастырыпты. Руслан Тоғызбаев есімді азаматпен бірлесіп, дала қасқырларына жанкүйерлік етіп келеміз. Русланның қолдауымен жаңа жейделермен қамтамасыз етілдік. Бірдей формамен стадионда болсақ, үйлесімді емес пе? Осындай мүмкіндік бар да сүйікті клубымызды неге қолдамасқа! Бір сөзбен айтсам, "Қайсарды" қолдауға  Қазақстанның қалалары мен үшін алыс емес.
Автобус Қызылордадан шыққаннан әңгіме тақырыбы жалғыз "Қайсар". Алдын ала болжам жасағандарға келіспей, қызыл кеңірдек болып, тартысып жатты. Біреуі тең түседі деді, біреуі ұтылып, ұпай жоғалтып алмасақ деп әбігерге түсті. Әйтеуір әңгіме бір толастар емес, осылай Түркістаннан өттік, Шымкенттен шықтық. Түс ауа сағат төрттер шамасында Таразға табан тіредік. Стадионға беттеген сәтте қатарымызға бейтаныс жанкүйерлер келіп қосылды. Қара торы жүзінен жерлестеріміз екенін аңғарып қоямын. Бірі-бірімен әлденеге санасып, арасында «біз ұтамыз» дегендей емеурін танытады. Айта кетейік, орталық стадионның күзетін тосып, біршама уақыт жоғалды. Не керек ойынның алғашқы минутын алаңнан тамашалай алмадық.
Сағат тілі 16:00 бола салысымен футбол тойы басталды. «Тараздың» жанкүйері дыбыс күшейткіштен жалпы қауымды желпіндіріп, жігерлендірер сөз сөйледі. Ол футбол командасы есебінен «ақылы қызметкер» екен. Қызылордадан арнайы келгендерді оңтүстік секторға орналастырған еді, алайда жанкүйер жанайқайы алаңның төрт бұрышынан да «Қайсар!», «Алға, Қайсар» деп ұрандаған сөзінен құлақ тұна бастады. Осынша жанкүйер жиналған ойында «дала қасқырларының» делебесі қозуы тиіс. Орындыққа сыймай, тағат таппай біз тұрмыз. Тәуекел! Уақыт көрсетер!
МАТЧ МАНОМЕТРІ
Бұған дейін «Тараз» бен «Қайсар» командалары арасында 43 ойын өткізілді. Олардың ара жігі былай: 22-сінде қарсыласымыз басым түссе, 16 кездесуде жерлестеріміздің мерейі үстем болған. Ал, 5 матчта екі ұжым өзара үпай бөліскен.
ТАРАЗДАҒЫ ТАРТЫС
Тараздың көкмайса алаңында тартысты ойын Айдын Рахымбаевтың ысқырығынан кейін басталды. Допты бағамдап көрген қызылордалықтар алғашқы шабуылды ұйымдастырып, "Тараз" жанкүйерлерінің зәре құтын қашырды. Асхат Тағыбергеннің бұрыштамадан асырған добын Куле Мбомбо қақпаға енгізе алмады. Мұнан кейін алаң иелері ес жиып, атойлап шабуылға шықты. Кездесудің 23-минутында алаң қожайындары діттеген мақсатына жетті. Алма-кезек доп алмасу сәтінде қос қорғаушы Граф пен Морочкин қателікке бой алдырып, Серж Ньюадзиге гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Әдетте көп командалар өз қақпасына гол жіберсе, футбол ойнауға мүмкіндігі болмай, аяқдопшылардың жүйкесі сыр беретін. Біздің ойлағанымыз да «Қайсар» футболшылары сол күйге түспесе екен деп жабырқаулымыз. Бірақ... алаңда жерлестеріміз жасындай жарқылдады. Тіпті тараздықтар өз қақпа маңында жастана жатып, шабуылға шығуды ұмытқандай күй танытты. Ойынның 42-минутында Иван Граф Асхаттың асырған пасын сәтті орындап, «Тараз» жанкүйерлерін қапы қалдырды. Ойынның екінші бөлігі бір ғана команданың басымдығымен өтті деуге толық негіз бар. Шынайы көгалға бойын үйреткен Младенов шәкірттері қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Кездесудің 76-минутында қарсыластар Карлитосқа қарсы тәртіп бұзып, төреші айып добын белгіледі. Асхат нүктеден допты әріптестеріне асырды. Бұл сәтті Братислав Пуношевац голға айналдырып, кездесудің нүктесін қойды. Есеп 1-2.
ОЙЫННЫҢ ҮЗДІГІ
Жанкүйерлердің пайымынша, "Қайсар" сапынан  Асхат Тағыберген кездесудің үздік ойыншысы атанды. Расымен Асхаттың ойыны көңілден шықты. Оның тактикалық ойын шеберлігінен шаң тимес үздік екені көрінді. Оның үстіне қарсылас қақпасына салынған екі голға да Асхаттың тікелей қатысы бар. Яғни, екі мәрте нәтижелі пас берді. Мұнан бөлек, Асхат "Sports.kz" ұсынған символикалық құрамға да ілікті. Сондықтан  Кездесуден кейін Асхаттың пікірін тыңдауға асықтық.
– Түздегі ойындар қашанда қиын. Кім болмасын өз жанкүйерлері алдында жеңілгісі келмейді. "Таразбен" өткен ойын қиын ойындардың бірі болды. Оның үстіне алаңдағы көгалға алғашқы минуттарда үйренісе алмай жүрдік. Осының салдарынан "Тараз" ойыншылары қақпамызға гол соқты. Бұл гол біз үшін сабақ болды. Намысқа тырысып, екі гол салдық. Барлық әріптестер мен жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын. Қызылордадан келген жанкүйерлерге алғыс айтамын. Командаға үлкен күш сыйлады.
САПАР СОҢЫ
Көтеріңкі көңіл күймен туған жерге бет алдық. Автобус ішінде жанкүйерлердің пікірі тағы да қыза түсті. Келер қарсыласымыз "Астанадан" опық жепті. Әңгіме 20 сәуірде "Ордабасымен" өтетін кездесуге бағыт алды. Егер Стойчо шәкірттері жеңіске жетер болса, үздіктер қатарына бір-ақ көтеріледі екен. Ендігі үміт – келер кездесуде «Ордабасыны» ұту. Бұл міндетті дала қасқырлары жүзеге асырарына сенім мол. Жеңісті күндерде жолыққанша.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Қызылорда-Тараз-Қызылорда
21 сәуір 2019 ж. 468 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031