Микрокредит
Жақында қызық бір жайттың куәсі болдым. Даланың жұмысын бітіріп үйге кірсем, бір туысымыз көкемнен көмек сұрай келіпті. Сондағысы микрокредит беретін ұйымдардан азын-аулақ ақша алған. Қажетіне жаратқан соң уақытында төлей алмай бірнеше ай жүріп қалыпты. Міне, осынау азғантай уақытта әлгі ұйым өсім пұлымен қосып қарызға алған ақшасын 5-6 есеге көбейтіп жіберіпті.
Бұл бір ғана мәселе. Бүгінде осындай алаяқ ұйымдардың арбауына түскен халық опық жеп отыр. Өйтпейін десе тұрмыстағы тапшылық тағы да алқымнан алады дейді көпшілік. Жалпы, бұл мәселеге селқостық танытуға болмайтынын бірі білсе, бірі білмейді. Ендеше алысқа бармай-ақ өткен жылдың статистикасын қарайықшы. Өткен жылы қазақстандықтар микрокредиттік ұйымдардан 500 миллиард теңге қарыз алған. Пайыздық мөлшерлемесі аспандап тұрған компаниялардан ақшаны алуын алып, кейін қайтара алмай, айыппұлымен қоса есептегенде миллиондап берешек болып қалған. Әлгінде айтқан менің туысым секілді.
Қарызды күліп беріп, уақытында төлемесең, пайызымен жылатып тұрып алатын микрокредит ұйымдарын қалада тұратын азаматтардың көпшілігі біледі. Бұрын басына тигендер немесе ірі кәсіпкерлер мұндай мекемелерді өз пайдасына жарата алады. Яғни тәжірибе бар. Олар келесі жолы қаражат қажет болса пайызы төмен, шарты ыңғайлы мекемеге барады. Ал, елдің басым бөлігі бұдан бейхабар екені белгілі. Ай сайын жұмысынан алатын жалақысы азық-түлігі мен пәтерақыдан артылса қәнеки. Алайда тапқан-таянғаны жетпей, тарыққандар амал жоқ барады, алады.
Тағы бір статистика. Осыдан 5 жыл бұрын микрокредиттік компаниялардың саны 1838 болған екен. Бұл күнде 824-ке азайған. Дегенмен бұл мәселенің түбегейлі шешілгенін білдірмейді. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай азғантай ақша алып, аузы күйгендер ел ішінде жетерлік. Интернет желісін ақтарсаңыз да соттасып, ақыр аяғы түрмеге отырып немесе ортақ келісімге келген жайттар жетіп артылады.
P.S: Ендігі мәселе – бақылауда. Осындай микрокредиттік ұйымдардың жұмысы бақылауға алынса, халыққа да көмегі тиер еді. Өйткені бірінші кезекте өз пайдасын ойлайтын осындай ұйымдар миға сыйымсыз пайыз қойып қара халықтың қалтасын қағып жатыр, қағып жатыр. Ал тұрғындарға қарызға ақша аларда бірінші келісім-шартпен толық танысуға, төлей алмаған жағдайда оның соңы неге соқтыратынын біліп алған да жөн секілді. Себебі, қаражат береді екен деп шартты оқымау берешегіңізді көбейтіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруы мүмкін.
Айбек Жақсылық