Ғасырдан да ұзақ күн
Қызылорда қаласына гастрольдік қойылымдарымен келген Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Ш. Айтматовтың шеберлік талантына бас идіріп, жазылу құпиясын білуге асықтыратын «Боранды Бекет» романындағы ең өзекті мәселесі- адамзат баласының сана-сезімінің рухани катаклизмі. Яғни, адамның рухани мәңгүртке айналуы. Аңыздық деректегі жарық дүниеге алып келген өз анасын атып өлтіру мәңгүрттенудің жеке адами трагедиясы болса керек. Ал бүтіндей бір халық, ұлт өзінің тегін, тілін, ділін, дінін ұмыта бастау-мәңгүрттіктің қоғамдық, ұлттық трагедиясы. Осы романының желісі бойынша құрылған "Ғасырдан да ұзақ күн атты" спектакль Қызылорда облыстық драма театрында көрініс тапты.
Көрініс күрделі образ, романның бас кейіпкері Едігенің адал досы, бауырына айналған Қазаңғаптың өлімінен хабар алуынан басталады. Кезінде соғыстан миы шайқалып, мүгедек болып қайтқан оған Қазанғап қол ұшын созып, жәрдемдесіп, дос жолына малын садақа етіп, Едігенің босағасына Қара нарды байлаған болатын. Шама шарқының жеткенінше көмегін көрсетсе, енді қазақ этнографиясының дәстүрлі жосығы бойынша, Қазанғап жолына досының жаны садақа болар күн туғаның сахнада айқын көрсетті. Қу тізесін құшақтап, ұрпағы жоқ сияқты,жапанда қалған үйде жалғыз өзі өліммен арпалысқаны жайлы ойлар бас кейіпкердің мазасын алып, адамдардың мәңгүрттеніп бара жатқанына жаңы ашитын образды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ыбыраев сомдады. Бұл рөл арнайы Болат Ыбыраевқа арналып жазылғандай әсер қалдырды. Едігені өз ісіне адал, нағыз патриот, гуманист, биік адамгершілік иесі ретінде көрермендерге таныстыра алды. Ашып берді.
Қойылымның режиссері Әзірбайжан Мәмбетов «сөз атасын» түсінген халқыққа адамзат тағдырындағы ұлы мәселені «Дүниедегі жаза біткеннің сұмдығы адамды ақыл-есінен айыру да, ақыл-ой адам өле-өлгенше өзімен бірге болатын жалғыз қазына» екенін көзі қарақты көрерменге жеткізе білді.
Айсара Дәуіт