» » Ел болашағы үшін сайлауға қатысуға шақырды

Ел болашағы үшін сайлауға қатысуға шақырды

9 маусым – Қазақстан Республикасының Президентін Сайлау күні

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Мерзімінен бұрын өткелі жатқан Президент сайлауына қолдау білдіруге шақырылған шарада қоғам қайраткерлері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, ғалымдар мен ұлт жанашырлары ел бірлігі, ел мүддесі барлық мүддеден жоғары екенін айтты. Олар сайлауға белсенді қатысып, бір ауыздан ел болашағы үшін дауыс беруге шақырды. Мезгілінен бұрын өткізілетін сайлау жайында өз пікірлерін ортаға салып, бұл сайлаудың мемлекеттің тарихи дамуы мен тұрақтылығына қосатын үлесі жайлы кеңінен сөз қозғады.
Мемлекет тарихындағы маңызды оқиға
Өздеріңізге белгілі, еліміз үлкен бір науқанды өткізгелі жатыр. Бұл – мемлекет тарихындағы маңызды оқиға. Жалпы бұл шешімді әлемдік сарапшылар, қоғамтанушылар саяси тұрғыда дұрыс шешім деп қабылдап жатқанынан хабардар шығарсыздар. Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, еңбек ұжымдары – барлығы бұл жаңалықты қолдап отыр.
Елбасы Н.Назарбаев "Nur Otan" партиясынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған-ды. Бұдан бөлек елдегі жеті партия конституциялық заңға сәйкес өз үміткерлерін алдағы уақытта ұсына алады. Бүгінгі бас қосу тек ғана "Nur Otan" партиясынан ұсынылған кандидатты ғана қолдау, соны дәріптеу емес. Біз барлық үміткерлерге қолдау білдіруіміз қажет. Түптеп келгенде, бірігу идеясын насихаттауымыз керек. Жастарға соны үлгі етуіміз шарт. Этносқа, жерге, жүз бен руға бөлінетін болсақ, болашақта қазақтың қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Өйткені қазіргі жаһандану кезеңіндегі саяси ахуал өте ауыр. Мұндай шақта елдің бірлігі, біртұтастығы алғы шепке шығатынын жақсы білесіздер. Сондықтан осы кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сайлауды жақсы өткізуіміз керек.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры

Абырой бәрімізге ортақ
Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасы тарихи шешім қабылдап, өзінің өкілеттілігін тоқтатты. Конституцияның заңдылықтарына сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Жарлықпен уақытша Президент етіп тағайындады. Іле-шала Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөнінде шешім қабылдап, халыққа жариялады. Тағайындалған және сайланған Президенттің айырмашылығы көп. Президент бес жылға сайланады. Соған сай өкілеттілігі де тұрақты болады. Бұл сайлаудың ішкі және сыртқы саясатқа әсері мол. Сондықтан Сыр елінің халқы бір ауыздан қатысып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен алып шығады деген сенімдемін. Барлығыңызды 9 маусымда болатын сайлауға түгел атсалысуға шақырамыз.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер қоғамы
ҚБ төрағасы
Басты ұстаным – бірлік
Мен Сенат қабырғасында 12 жыл жүргенімде Қасым-Жомарт Тоқаевпен қызметтес болдым. Сол себепті ол кісі туралы біреуден естігенімді емес, көргенімді айтып берейін. Жалпы, көпшіліктің көкейінде неліктен "Nur Otan" партиясының атынан Тоқаев ұсынылды деген сұрақ жүр. Айтайын, Қазақстанды отыз жыл бойы Н.Назарбаев басқарып келді. Сол кезгі қатарлас республикалармен салыстырып қарайтын болсақ, біздің көшіміз әлдеқайда ілгері. Соның барлығы Елбасының арқасы, соның сарабдал саясатының арқасы. Басты принцип: татулық, бірлік, қуатты экономика, шет елдермен бейбіт қарым-қатынас. Өзі сьезде үш жыл бойы осы орынды кімге қалдырарын ойланып жүргенін айтты. Ал осы мезетте Тоқаевтың үміткер ретінде ұсынылуы кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ол кісі Қазақстанның премьер-министрі болды. Одан соң сыртқы істер министрі, БҰҰ-да бас хатшының орынбасары ретінде қызмет істеді. Ол өте мәдениетті адам. 12 жылда бір ұрысып немесе қабақ шытып, шыдамсыздық білдірген кезін көргенім жоқ. Сол жылдар аралығында іссапармен Еуропаға 4 рет бардық. Сондағы өзін ұстауы, іскерлігі бөлек-тін. Сондықтан Елбасының таңдауы көрегендік деп ойлаймын.
Әрине бүгінгі таңдағы басты мәселе – ел бірлігі, ірге бүтіндігі. Әрбіріміздің сайлауға қатысып, дауыс бергеніміз – елдің болашағын ойлағанымыз. Мұндай елдік мәселеде ауызбіршілікке, сайлауға баруда белсенді болуға шақырамын.
Бақберген ДОСМАМБЕТОВ,
қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі

Уақыт мүмкіндігін бағалайық
Жолдың басында тұрған соң сайлауды қалай ұйымшылдықпен өткіземіз деген сауалдың шешімін табуға атсалысу – әрбір қоғамдық іске сергек азаматтың айнымас парызы. Бұл – ешкімнің бетіне жел болып тимей, шідерімізге сүрінбей, тілімізді тұсауламай, барымызды ортаға салатын сәт.
Қазақ халқы үшін биылғы көктем ерте келген көктем болды. Қазақтың биылғы көші де бөлек сияқты. Айдың амандығы, күннің күмәнсіздігі қалай болса, осы уақыттың келетінін, жасыратыны жоқ, бәріміз білдік. Сездік. Жаңарып, жасару керек. Алдыңғы буын өзінен кейінгі толқынға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуі тиіс. Сол сәт келді. Біздің мақсатымыз – барлық демократиялық партиялардың үміткерлеріне кедергі келтірмей, өз ойымызды ғана ортаға тастап, дұрыс жұмыс істеу. Ертең бір партияның сойылын соққан деген әңгіме болмау керек. "Болды да партия, ел іші жарылды" деген Абайдың сөзі бар. Оны Абай жетіскеннен айтқан жоқ. Алаштың бір тудың астына жиналып, маңызды шешім қабылдайтын кезде алауыздық танытқанын көзімен көргесін айтты. Талай сайлауды өткердік. Қазір уақыттың өзі бізге жаңа мүмкіндік сыйлап тұр. Өз басым мынандай өзгеріс кезеңінің куәсі болғаныма қуанып отырмын. Жаңа Қазақстанның байрағын көздің ұшынан көргендей әсердемін. Енді осы науқанда болар елдің ісін істеуіміз қажет. Сөз соңында айтарым:
Дүние дүр-дүр қайнауда,
Қалмасын көңіл қарайып.
Аяқпен емес сайлауға,
Жүрекпен жүріп барайық.
Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ, облыстық мәслихат депутаты

Ғылым игілігі – ел игілігі
Қазір мемлекетіміз даму үстінде. Оның күн тәртібіне кіретін саланың бірі – ғылым. Елде ғылым мен инновацияны дамыту – өткір мәселелердің қатарында.
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында ішкі өнімнің ғылымға бөлініп отырған көлемін арттыру жолға қойылған. Осы дүниелер орындалса, халық үшін атқарылған маңызды істің бірі болмақ. Алдағы сайлауда бұл да маңызды рөл атқарады. Өйткені мұның барлығы елді басқаратын адамның нұсқауымен, бақылауымен шешілетін дүние.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
ҚМУ жанындағы "Қорқыттану және өлке тарихы" ҒЗИ директоры

Бетті дайындаған Ақтілек БІТІМБАЙ
25 сәуір 2019 ж. 893 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031