ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТАЛАП!
Жүрегін балауса жырларына желкен еткен жас талап ақындар облыс өңірінде аз емес. Солардың бірі – 2002 жылы 21 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген Дана Палуанбекқызы Темірхан.
Дана өлең жазумен төртінші сыныптан бастап шұғылданады. Қабілетті, сабағына зейінді қыз жақсы үлгірімі үшін алғыс заттармен, мақтау қағаздарымен әлденеше рет марапатталған. Денсаулығына байланысты үйден күнделікті дәріс алуына лицейдегі ұстаздары мен анасы Сәулеш, әкесі Палуанбек қамқорлық жасаса, шығармашылық шыңдалуына әдебиет пәнінен дәріс беретін ағайлары мен апайлары сеп. Республикалық балаларды оңалту орталықтарындағы мәдени іс-шараларға үзбей қатысып, мақтау қағаздарына талай рет ие болған жас талап ақынға жыр жолындағы сапарың сәтті болсын демекпіз.
Ізгі ниетпен
Толыбай АБЫЛАЕВ, ақын
Қызылорда
Қызылорда, киелі топырағым,
Ақ күрішпен әйгілі атырабың.
Екі жүз жыл жасаған бәйтерексің,
Ал мен сенің бір түйір жапырағың.
Ғашық сенің Ай мен Күн ажарыңа,
Болдың бір кез астана қазағыма.
Айнала бер, туған жер Қызылордам,
Ынтымақ пен ырыстың базарына!
Оюлар
Анам ою ояды,
Әжем сырмақ сырады.
Алақаны аялы,
Ою салып құрады.
Мұқият бір қарасам,
Қыздар бейне билеп тұр.
Келесі ою орасан,
Қошқар мүйіз имек бір.
Ою-өрнек біз жақта,
Айшықты өнер ғажап тым.
Құрақ көрпе, сырмақта,
Қол өнері қазақтың.
Кеш келген қуаныш
Нағашы атам, Қазақстан Республикасының
Халық артисі Әнуар Боранбаевтың
рухына арнаймын
Қыран тектес болады екен текті шын,
... Ақ қар жапқан құлап қалай кетті шың?!
Өзің туған топырағында Торғайдың,
Тойлануда кештеу жеткен жетпісің.
Сахнаның сал-серісі атанған,
Жүйрік едің оза шапқан қатардан.
Алды орнын Боранбаев мектебі,
Сол Торғайдың төріндегі шаһардан.
Сенің үнің келетіндей жырақтан,
Сенім туын маған артқан құлатпан.
Жиендеріңді желеп-жебеп жата бер,
Жайың болсын мәңгі-бақи жұмақтан.
Төл тілім
Ана тілім – ардағым,
Ата-баба арманын.
Жас ұрпаққа жеткіздің,
Білім дәнін еккіздің.
Туған тілім – төл тілім,
Самал болып желпідің.
Жасай берші халқыммен,
Қымбатсың сен бар тілден.
Дана ТЕМІРХАН,
№5 мектеп-лицейдің
10 сынып оқушысы