Балаларды автобаспалдақпен түсірді: Петропавлда бес қабатты тұрғын үй өртенді (видео)
Петропавлда бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Интернациональная көшесіндегі өрт туралы хабар 5 мамыр күні таңғы сағат 9 шамасында келіп түсті.
«Өрт төртінші қабатта орналасқан, аумағы 10 шаршы метр болатын пәтерде шықты. Қызыл жалын 09:26-да ауыздықталды. Өрт сөндіру қызметкерлерінің күшімен 7 адам құтқарылды, соның ішінде 3-еуі балалар. Сондай-ақ, тағы 25 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Төртінші қабаттағы екі бала автобаспалдақтың көмегімен құтқарылды», - деді ТЖК өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет.
Өртті сөндіру үшін жеке құрамнан 16 адам және 6 бірлік техника жұмылдырылды.