"Жиһаз есептелмейді": Сапарбаев әлеуметтік көмек төңірегіндегі шуға нүкте қойды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде кіріс ретінде не саналып-саналмайтынын түсіндіріп берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, адамдардың үйіндегі жиһаз кіріс көзі болып табылмайды.
"Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты түсінбеушілік табысты есептеуден болды. Әсіресе, отбасының малына, егіні мен жиһазына байланысты. Жиһазды есептемеу керек. Біз үй-үйді араламаңдар деген тапсырма бердік, себебі ауылдан бастап әр қалада әрбір отбасының кірісі мен шығысына қатысты мәліметтер бар.Егер сұрақ туындаған жағдайда ғана, комиссияға сол отбасының үйіне барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтуына болады", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жиһаздан бөлек тауық пен жұмыртқа да кіріс ретінде есептелмейді.
"Үйіне барып, ешкім тоңазытқышын аша алмайды. Алмасы, шиесі, құлпынайы, басқасы бар, жеміс-жидек, көкөніс – мұның барлығы есептелмейді", - деді министр.
Сапарбаев халықты масылдыққа емес, еңбек етуге үйрету керек екенін атап өтті.
"Кейбіреулер мына алып жатқан табыстың ешқайсысын есептемеу керек деген ұсыныс айтады. Олай болмайды, масылдық болмауы керек. Табысты біз міндетті түрде есептеуіміз керек...Біз кішкентай баладан бастап үлкен кісіге дейін еңбек етуге үйретуіміз керек. Әйтпесе болмайды", - деген ведомство басшысы биліктің міндеті азаматтарға жұмыс істеуге жағдай жасау екенін айтты.