» » 95 ЖАСТАҒЫ МАЙДАНГЕР

95 ЖАСТАҒЫ МАЙДАНГЕР

Еркін даланың төсінде алаңсыз ержеткендіктен соғыс салған сойқанды аса бір сезінбейтініміз рас. Алайда арттағы елдің амандығы үшін желкедегі жауға жан берген кешегі майдангерлер ерлігі елдің есінде, тарихтың тереңінде қалары анық. Бүгінде Сыр өңірінде ерлік пен өрліктің белгісіндей санаулы ғана Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Соның бірі – Әбжан Бәйтіков. Мереке қарсаңында оң қолын Отан үшін оққа қиған Әбжан атамен өткен күннің естелігі турасында әңгіме өрбіттік. Майдангер қария 95 жасқа келсе де, соғыс тарихын санасынан өшірмепті.  
Әбжан ата 1924 жылы қараша айында Сырдария ауданында қарасты Телікөл деген жерде дүниеге келген. 1924 жылы «Кооператор» жетіжылдық мектебін үздік бітіріп, 17 жасқа толар шағында жауынгер қатарына қосылып, Ашхабад қаласындағы кіші командирлер даярлайтын оқу полкіне алынады. Осы жерде бес ай соғыс жаттығуларын меңгеріп, майдан даласындағы қиындыққа бой үйрете бастайды. 1943 жылдың ақпан айында батыстағы соғыс шекарасына бет түзеп, атқыштар полкінің танктерді жоюшы батальонына қосылады. Полк командирі подполковник И.Борисов, батальон командирі капитан Д.Ионин және рота командирі Г.Бегоуский сынды мықтылардан құралған топқа Әбжан ата танкіге қарсы қарудың наводчигі болып қосылады.
− 1943 жылы бесінші шілдеде немістер майданға жақын Курск және Арал қаласына екі бағытта шабуыл жасады. Біз сол жерде жауға қарсы соғыстық, бірақ біраз күннен кейін немістің «Тигрінен» атылған снаряд  қолыма тиді. Бір айдай госпитальда болып, Козелск, Иваново, Барнаул қалаларына тексеруге жіберді. Сондағы бір профессор қолыма тиген жарықшақтың бұлшық етті тесіп өтіп, тамырды қиып кеткенін айтты, содан  қолыма операция жасалып, ем-дом бес айға созылды.  1944 жылдың басында туған жерге оралған соң колхоз жұмысына  араласып, халыққа еңбек еттік. 1961 жылы комсомол совхозы болды, сол жерде 1985 жылға дейін жұмыс жасап зейнеткерлікке шықтым.
Алты жасымда әкеме дәулет бітіп, ақтылы қой, алалы жылқы айдағынымен отызыншы жылы бар дүниесін кәмпескелеп, өзін қамауға алды. Содан ағайындармен бірге Өзбекстанға кеттік, одан Қоқан астық. Қырғызстанның шекарасында Арыстан баб деген жер бар екен, сол маңда үш-төрт жыл тұрақтап, 1935 жылы осы араға қайта келдік. Екі жарым жыл соғыста болғаным болмаса, содан қайтып туған жерден табан аударған емеспін. Жастықта бейнет көргеніммен, бүгінде соның зейнетін сезінген бақытты ақсақалмын, балаларым абыроймен ержетті. Елдің төңірегі тыныш, аспаны ашық, халық арасы тату, осы күнді көрсеткені үшін Тәңірге шүкірлік айтамын! – дейді майдангер ата.
         Сөз соңында соғыс қиындығын еңсеріп, елдің бейбіт күндегі қуанышымен барақатқа жеткен Әбжан ата азат елдің ұрпағына батасын берді.
− Соғысқа қатысқан қарттардың, сол жылдары еңбек еткен халықтың жағдайын елге қайтып бермесін. Соғыстың аты жаман, ал майдан даласы одан да қауіпті. Елімізде тыныштық болсын!
Бейбіт күннің әрбір сәті қымбат. Тәуелсіздіктің тәтті ғұмырында аға буынның сенімін ақтау −  бізге серт.
Гүлдана ЖҰМАДИН
13 мамыр 2019 ж. 847 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031