ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС
Жаңақорған ауданының «Ардагерлер және жастар ресурстық» орталығында ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өтті.
Шара барысында орталық директоры Әкімбек Мұратбекұлы Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге нөлдік төзімділікті қалыптастыру, кез келген ұсақ құқық бұзушылықтардың жазасыз қалмауына, мәдениетсіздік пен бассыздыққа жол бермеуге баса мән берілетінін, осы орайда құқық қорғау органының қызметкерлеріне жауапты міндет жүктелетінін айтып өтті. Сондай-ақ Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің ЖПҚб-нің полиция инспекторы Асылжан Төребеков студенттердің арасында және жалпы қоғамдық орындарда жиі орын алатын құқық бұзушылық түрлері жайында және жауапкершілікке тарту, оның алдын-алу жолдары туралы ақпарат берді. Кездесу соңында «Рухани жаңару» қоғамдық қорының үйлестірушісі Нариман Жахудаев: «Біз ең ұсақ құқық бұзушылық, бұзақылық, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам екенін үнемі атап көрсеткен жөн» деп, жастардың пікіріне құлақ түруге шақырды. Ал Әшірбай Бекжан аталмыш шараның жастарға берер пайдасы зор екенін, осындай игі кездесулер алдағы уақытта жиі ұйымдастырылуын сұрады. Кездесуге 200-ден аса жас қатысып, ұсақ қылмыстардың алдын алу жайында маңызды ақпарат алды.
Нариман ҮСЕНҰЛЫ,
Жаңақорған ауданы