ҚАМБАШТА ЖАТҚАН ҚАМБАРДЫҢ ҚОРЫМЫ МА?!
Әңгіменің әлқиссасын бастамай тұрып Қамбар батырдың кім екенін еске түсірсек. Көбімізге мектеп оқулығынан белгілі қазақ халқының қаһармандық жырын сүйсіне оқығанымыз есімде. Сондағы «Қамбар батыр» жырының басты тақырыбы – жер мен ел намысын қорғау. Оқиға Әзімбайдың байлығы мен сұлу қызын суреттеуден, 18 жасқа толған Назымның жар іздеген назынан басталады. Батырдың өмір кезеңіне келсек, күш қуаты кемеліне келген, нағыз жігіттік шағы бейнеленеді. Қамбар батыр кедей отбасында дүниеге келген. Өзі кедей болса да, елін аң-құс аулап асырап, сыртқы жаулардан қорғап, пана болады. Оны Қамбар батырдың жыр желісінен байқауға болады. Мәселен,
Алпыс үйлі арық бар,
Жетпіс үйлі жебір бар,
Сексен үйлі себір бар,
Тоқсан үйлі тобыр бар,
Ортасында солардың
Өзі кедей болса да,
Тобырды аңмен асырап,
Жібермеген намыс, ар, – деген жолдардан байқауға болады.
Қамбар батыр Сыр бойында туған ба?! Кезінде жырдағы ономастикалық атауларға қарап, белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев жырдың кейбір нұсқалары Сыр бойында туған деген тұжырым айтқан. Ғалым пікірі құлаққа қонымды. Себебі, Сырдағы Нұртуған, Еспембет, Жаңаберген сияқты жыраулар «Қамбар батыр», «Қобылады», «Едіге-Мамай» жырларын көп жырлаған. Қамбар батыр жайлы «Арал аймағында болып еді» деген сөздің шығу тетігі де осында болуы ғажап емес. Батырлар жайлы қисса-дастандардың бірнеше нұсқалары болатыны бұрыннан белгілі. Ал енді құлақ естіген осы батыр жайлы қиссаның «теңіз маңайын мекендеген» дегеніне келетін болсақ, шығармада былайша жырланған жолдар кездеседі:
…Садаққа салған оқтай боп,
Тұлпарға тола мінеді.
Қаршығасын көтеріп,
Көліне нудың жөнеді.
Түскен жолы Қамбардың,
Шұбырған малдың ізі еді.
Жағалай құлын байлаған,
Теңіздің бойын жайлаған,
Қыз Назымның ауылының
Үстіне түсті көздері… Бұл жерде көлдегі «нудың» және «теңіздің» сөздеріне қарап, ел аузында айтылған әңгіме желісіне сәйкес келетін тұстары бар сияқты. Аралдың оңтүстігінде Қамыстыбас көлі бар. Тұзды көлдің оңтүстігі жырдағы кейіпкер, бай Әзімбайдың алты баласының жайлауы болғанға ұқсайды. Суы тұзды көлді теңіз деп ұғынатыны және бар. Сол көлдің теріскейінде «Шулыған» деген түбек бүгінде бар. Сол түбекті тоқсан үйлі тобыр жайлаған. Яғни, кедейлер. Сол кедей халқын көл жағасына біткен қалың арасын паналаған аңмен аулап, көлдің құсы мен балығын ұстап асыраған «қара қасқа атты Қамбар» деп айтады мұндағы жұрт.
Тақырыпқа оралсақ. Ауыл қарияларының айтуы бойынша, бұрынғы Қамыстыбас (Қосжар көлі деп те айтылады-авт.) көлі өте үлкен болған деседі. Көл арнасына cыймай, ашық жерлердің барлығын алып кеткенде Назымға кездесу үшін Қамбар атымен жүзіп өтетін болған.
– Бұрынғы аталарымыз айтқан қиссалардан білетініміз бар. Бұл жерде Қамбар батырдың өмір сүргені жайлы көп айтылады. Қарамағындағы елді аң аулап асырап, жау келсе қорған бола білген. Жырда айтылғандай, алты ұлы бар Әзімбайдың, сол ұлдардың арасындағы жалғыз, бұла болып өскен Назым сұлуға ғашық болады. Осы Қосжар ауылының жағалай орап жаткан Қамбаш көлін кесіп өтіп, Қамбар батыр түнделетіп Назым сұлумен кездесетінге ұқсайды. Белгі ретінде Назым су толқынымен ығып кетпес үшін бұтаға жіппен байлап, су бетіне қалқытып, шырақ жағып қояды екен. Ғашықтардың бұл айласын білген қыздың ағалары «кедейге берер қыз жоқ» деп батырдың алдына әдейі шырақ жағады. Арнайы белгіні көрген батыр қасқа тұлпарымен әдеттегідей көлге түседі. Ал ағалары әдейі қойылған қалқыма шамды байлаған жіптің ұшын қиып жібіргенге ұқсайды. Маяк ретіндегі шам су бетінде қалқып, майда толқынмен тереңге қарай жылжиды емеспе?! Шам белгісімен қара қасқа атты Қамбар ұшы-қиыры жоқ терең сумен ізінен жүзе береді. Самал желдің толқынымен жіптен босаған шырақ Қамбар батырды ажал аузына осылай тарта бергенге ұқсайды. Міне, аңыз соңында шырақ та жеткізбейді, соңынан жүре берген Қамбардың аты шаршап, өзі суға кетіп өледі. Батырдың өлімін естіген халық қайғырып, артынан шулап қалған екен деседі. Содан кейін ол жерді “Шулаған” деп атаған. Қазіргі атауы “Шулыған”. Қамбар батырдың бейіті сол “Шулығанның” басында тұр, – дейді қосжарлық ақсақал Қарасай Тәжімбетов.
Расы керек, аңыз-әңгіменің шын-өтірігін ешкім тап басып айта алмайды. Ілкі заманның көнекөз қарттарынан қалған осы әңгіме желісі бүгінге дейін талай бұрмаланып келген шығар-ау. Анығы Аллаға аян. Кей деректер «Қамбар қорғаны» деген жердің барын, оның Жаңадария өзені бойында орналасқанын айтады. Жаңадария Сыр өзенінің бір арнасы екені белгілі. Бұл атауды 1856 жылы өлкені зерттеген орыс әскери маманы, әрі зерттеуші Л. Мейер жазып қалдырған. Облыстағы Қарақұм мен Қызылқұм жерінде Қамбар қорғаны атты жерлер туралы да арагідік айтылып келеді. Бұдан кейін, шынымен, жырдағы батыр Сыр бойында мекен еткен бе деген ой келеді.
Ержан ҚОЖАСОВ