Балалар тату болсын десеңіз...
Бала бойындағы қызғаныш түрлі дәрежеде болады. Бүгінгі таңда балалар «ерке», «тәкаппар» мінезге ие. Олар басқалардың өзінен жақсы болуын, өзінен асып кетуін қаламайды, тіпті үнемі басқаларды жазғырып жүретін болады. Бұл баланың өсу барысына өте зиянды. Ең бастысы6 баланың өсіп-жетілу барысындағы өзгеріске бей-жай қарамаған жөн. Себебі, бұл өзгеріс оның болашақта толық адам болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Өмірде өзінің туған бауырына жылуы жоқ адамдар бар. Мұның негізінде «анам маған қарағанда сені артық көрді» деген өкпе-наз жатыр. Ата-ана оларды іштей алаламауы мүмкін. Десе де, кейбір әрекеттерімен баланың жанына жара салады. Балаларын тату-тәтті өсіруді қалайтын ата-ана нені ескергені дұрыс?
«Ақылды бол» тәрбиелеу әдісі
Көбінесе ата-ана әр баланың қалауын табуға тырысады. Дау мен ұрыс үшін жауапкершілікті үлкен балаға аудара салу шектен шығу тәрізді. Маған тәрбиелеудің басқа жүйесі ұнайды, балаға алдымен өзін қалай ұстау керектігін үйрету, кейін тәртібін бақылау және «тәртіпті» бұзғаны үшін жазалау қажет. Бұл тәсіл баланың жанына батса да, нәтижелі екені рас. Балаларыңызға достық, мейірімділік, адамгершілік туралы ертегі кітаптар оқып беріңіз. Оны ауызша түсіндіріңіз. Достық болған жерде қандай қиын жағдай болсын, бір-біріне көмектессе, жеңіп шығатынын айтыңыз. Жай ғана ойыншық пен кітапшаға таласу соншалықты үлкен проблема деуге болмайды. Нағыз проблема ата-ананың барлық балаға бірдей көңіл бөлмеуінен туындайды. Егер бір балаңызды екінші балаңызбен өне бойы салыстырар болсаңыз, балалар арасында қызғаныш сезімі туатынын есіңізден шығармаңыз. Бір балаңызды екіншісіне үлгі етіп көрсету арқылы сіз ауыр қателік жасап отырсыз. Бұдан бала арасында бәсеке мен араздық туады. Әрине, жақсы ниеттегі бәсекелестік, үлгі тұту дұрыс. Дегенмен, мұның балалар арасында пайда болуына жол беру тек қана ұрысқа апарады. Ата-аналар ашуға бой алдырмас бұрын,ұрыстың себебін біліп алыңыз.
Әр баламен жеке қарым-қатынас жасау
Бауырларды тату етіп өсіру үшін барлығын бір жерге жинау міндетті емес. Арасында болса да, олармен оңаша қалып, сырласуыңыз маңызды. Олардың жеке ойын, арманын біліп, әрқайсына жеке тұлға ретінде қарап, бағалайтыныңызды білдіріңіз. Әр баламен жеке істеуге болатын қызық дүниелер ойлап табыңыз. Тәттілерді ұнатасыз ба? Онда қызыңызбен жексенбілік торт пісіріңіз. Ер балаларды ерлердің ісімен айналысуға сырттағы әкесінің қасына жіберіңіз.
Баланың мүліктік құқығын құрметтеу
«Ағаңа шоколадтың жартысын тез бөліп бер», «Ойыншығыңды әпкеңе бергеннен кеміп қалмайсың» деген сөздермен ата-ана баланың сараңдық сезімін тудырады. Бала да ересектер тәрізді өзіне тиесілі затты иеленуге құқылы. Өйткені бұл заттар арнайы оған сатып алынған. Сондықтан мүліктік құқығын құрметтеу қажет. Баланың қарсылықтарын елемей, заттарын бөлісуге мәжбүрлеу – жақсы емес. Мұндай кезде бала жеке заттарын ешкімге көрсетпей, тығып ұстап, тіпті оны күзетіп жүретін жаман әдетке үйреніп кетуі мүмкін. Баланы мақтау жомарттыққа жетелейді. Шоколадты ағасымен бөліскенін қалайсыз ба? Онда балаға «бауырыңа тәтті бөліп бердің бе? Қандай жақсы баласың!» деп айтыңыз. Әпкесіне ойыншығын бергенін қаласаңыз, «менің балам ақылды, жомарт өзі» деп мақтап қойыңыз. Сонда олардың жадырған жүзін көресіз. Әр балада анасының боянатын заттары секілді өз рұқсатынсыз ұстауға болмайтын жеке дүниесі болады. Бұл кішкентай сандықша немесе сөредегі белгілі бір орын болуы мүмкін. Мұнда «рұқсатсыз ұстамау» ережесі қатаң сақталуы маңызды. Сонда балалар арасындағы шиеленіс азаяды.
Балаларды мақтап жүру
Балалар тату-тәтті ойнап жатса, спортпен айналысса, әке-шешесіне көмектесіп жүрсе, оларды мақтау керек. Әр түрлі жақсы сөзді, теңеуді пайдаланып: «менің балаларым алтын ғой!» «Сендердің бірге ойнағандарың қандай жақсы! Сендерге қарап рахаттанып тұрмын» деп, жүректен шыққан қуаныш пен махаббатты сездіру әрқашанда жақсы әсер қалдырады. Балалар да сізді түсініп, сіздің қуанышты екеніңізді көріп, өзара тату болуға тырысады.
Өзара келісімге келуін қадағалау
Балалардың арасында дау-дамайлар, қақтығыстар орын алмай тұрмайтыны сөзсіз. Әсіресе, тетелес бауырлар арасында жиі кездеседі. Мұндайда сабыр сақтау керек. Ата-ана өзі ғана шешім қабылдамай, балаларды мәселені ортақтасып шешуге үйрету маңызды. Балалардың біреуін кінәлап, шешім шығарып тастаудан аулақ болу керек. Керісінше, оларға сол мәселеге қатысты қызықты сұрақтар қойып, ойын бөліп жіберіңіз. Сонда өздері-ақ кикілжіңді ұмытып кетеді немесе өзара татуласып алады. Оларға сондай мүмкіндік сыйлаған дұрыс.
Оларжайлытекжақсысөзайту
Бала анасының күні бойы әкесіне, әжесіне, атасына, құрбысына, көршісіне өзі немесе бауырлары туралы айтқан әңгімелерін міндетті түрде тыңдап жүреді. Бұл әңгімелер бауырлардың өзара қарым-қатынасына әсер етеді. Сондықтан олардың көзінше ағасының қарындасын қорғағаны, кішісінің үлкеніне жоғалған қарындашын тауып беруі секілді жақсы әрекеттерін ғана айту керек. Олардың не істегені емес, сіздің қалай жеткізгеніңіз рөл атқарады. «Анам солай айтты, демек мен сондай жақсымын» деп ойлап, бір-біріне одан сайын қамқор бола түседі.
Нұргүл Рахимова,
психолог