УАҚЫТТЫҢ ҚАЛАЙ ӨТКЕНІН БАЙҚАМАЙМЫН
– Сауалымыздың басын тәрбиеші ұстануға тиісті қағидалардан бастасақ...
– Негізі тәрбиеші баланы жақсы көрмесе жұмысы алға баспайды. Жүзіңнен жылулық сезінбесе, бала да өзін жайлы сезінбейді. Оның үстіне ойын ашық жеткізе алмауы мүмкін. Өйткені әрбір іс баланың пихологиясына әсер етеді. Мысалы, мен жайлы мінезімнің арқасында тәрбиеші болдым дер едім. Негізінде М.Мәметова атындағы педогогикалық колледжінде «Бастауыш білім беру» мамандығын бітіргенмін. Мектепте жұмыс істеу қажет болғанымен балабақшада жұмыс істеп жүргеніме еш өкінбеймін. Қазір «Жауқазын» атты ортаңғы топтың тәрбиешісімін. Бұл мен үшін баспалдақ іспетті. Баланың жанын ұғыну табысты жұмыстың кілті деп ойлаймын. Мен «мұғалім бола алам ба» деген сауалдың жауабын осы жерден таптым десем болады.
– Нақтырақ айта кетсеңіз... Бала тәрбиелеуде ең бірінші неге назар аударасыз?
– Бала тәрбиесімен айналысатын әрбір педагогтың алға қойған мақсат-міндеті мен педгогикалық ұстанымы болуы шарт. Жеке басым бастаған ісімді аяғына дейін жеткізем және жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Жас өскіннің бойына өзіңде бар жақсы қасиеттерді сіңіре алудың өзі – өнер. Қараңызшы. Жауған қар көзімізге бірдей боп көрінгенмен, шын мәнінде, олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сол секілді балалардың әртүрлі мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өзін ортада ұстауы өзгеше болып келеді. Сондықтан оның темпераментіне, ішкі жан дүниесіне үңілу бәрінен маңызды. Жалпы тәрбиеші психолог та бола білу керек.
– Психолог та бола білу керек деп қалдыңыз. Ендеше баланың ерте жастан қандай салаға икемі барын және оның ерекше қасиеттерін қалай дамытуға болады? Осы бағытта жұмыс жасап көрдіңіз бе?
– Әрине. Бұл – мен күнделікті шаруам. Әйтседе жас маман болғандықтан айтарлықтай нәтиже шығардым дей алмаймын. Бірі сурет салуға, келесісі ән шырқап, би билеуге икемді. Мен оларға «сен осындай маман боласың» деп қызығушылығын арттыра түсем. Қабілеттеріне қарай тапсырмалар жүктеймін. Мұның өзі баланың армандауына үлкен септігін тигізеді.
– Тәрбиешіні баланың екінші анасы деуге болатын шығар. Кішкентайларды балабақшада тәрбиелеудің қызығы мен қиыншылығы туралы айта кетсеңіз...
– Балаға тәрбие беру үшін өзің үлгілі болуың керек. Өйткені ол сенен көргенін істейді. Жалпы, баланы дегеніңе көндірудің, тәрбиелеудің қиыншылығы өте көп. Қанша дегенмен әр үйдің ерке баласы бір ортаға түскенде өзара тіл табысуы қиындау. Сондықтан мұнда әрқайсысының тілін таба білу бірінші орынға шығады. Қателік жасаса да бәрінің көзінше бетіне баспай, ақылға салып, жеке шығарып түсіндіру сені жақсы көруге итермелейді. Олар да жақсы мен жаманды айыра алады. Мәселен олардың кіршіксіз сөйлеуі, шынайлығы, адалдығы менің жұмысқа деген құлшынысымды арттырады. Тіпті кейде уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын.
– Қазіргі жастар шетінен алғыр әрі жан-жақты. Балаларды немен қызықтырасыз, яғни, сабақ өтуде қандай тәсілдерді қолданасыз?
– Ең әуелі назарын аударуға тырысамын. Оларды қызықтырмасаңыз, сабағыңызды тыңдауы екіталай. Себебі қазіргі балаларға таптаурынды баяғы әдістемелер қызық емес. Оларды барынша заманауи түрде дамытуға күш салған дұрыс. Өз басым жұмысты көбіне түрлі суреттер, кейіпкерлер, аудио және видео жазбалар арқылы бастап, содан кейін сабақ өтемін.
– Өзіңіз айтқандай бала тәрбиесінде жаңашылдық маңызды. Ал ашық сабақтар бала зейінін ашуға көмектсе ме? Тиімділігі неде?
– ХХІ ғасыр – ізденіс кезеңі. Онсыз көштің соңында қаласың. Әр кітаптан не жүрген жерімнен үйретуге болатын жаңа дүниелерді іздеп жүремін. Кейде интернет желісін ақтарып, бала тәрбиесіне байланысты әлемдік тәжірибелерді балабақшада жасап көремін. Әр сабақты солай ерекше өткізгім келеді. Бұл бүлдіршіндерге жаттанды әдістемелерден гөрі жақсы әсер етеді. Бұрын соңды тәрбиешілер қолданбаған нәрселерді қолдануға тырысамын. Жиі ашық сабақ өткізуімнің де себебі сонда. Тағы бір пайдасы жан-жақтан келген әдіскерлер кемшін тұстарыңды айтады. Талқыланған жерде алға жылжу болатынын білесіз. Кем-кетікті жөндеп, артықшылығымды одан әрі дамытуға күш саламын. Ал балаларға тиімді тұсы – көпшіліктің ортасында сөйлеуді, өзін ұстауды, өз ойын айта білуді үйренеді.
– Баланың сауаттылығын арттыру үшін басқа не қажет?
– Менің тобым ортаншы топ болғасын әріпке әлі келген жоқпыз. Бірақ сызу, сурет салу, дәптерді таза әрі ұқыпты ұстауды үйретем. Тәрбиенің басы осында. Дұрыс жазуына, көркем сөйлеуіне назар аударам. Мәселен, балаға оң қолмен жазу керек дейміз ғой. Меніңше, ол қате ұстаным. Балаға еркіндік керек. Сол кезде ешнәрседен қорықпай жұмыс істей алады. Сонда ғана бойындағы бар мүмкіндігін қолданады.
– Ал енді алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
– Болашақта білікті мұғалім болғым келеді. Сол үшін қазіргі уақытта «Отырар» университетінде сырттай оқып, білімімді жалғастырып жатырмын. Мен еңбек өтілімнің көп болуына немесе қызметте өсу дегенге қызықпаймын. Оқушылар мені жақсы көрсе, берген білімімді өз қажетіне жаратып жатса, менің жеңісім сол болмақ. Әр балаға керемет тәрбиеші, сауатты мұғалім еді деген ой қалыптастырып кетсем, сол да жетеді.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ