Зират сыры

  Соңғы кезде жерлеу рәсімінде астамшылық  көп байқалады дегенді жиі естиміз. Айтылатын сынның дені хан сарайындай мазар тұрғызу мен көктасқа сурет салу мәселесі және жерленетін жерін алдын ала сатып алу турасында. Жаназада мөлшерден тыс көп шығын шығармаған дұрыс екенін, ысырапшылдыққа апармау керегін жұртшылық білсе де, әулеттің «абыройына сай» жерлеу деген түсінік белең алды. Ал бұл ісіміз сан ғасыр бойы уақыт сүзгісінен өткен ата-баба жолы мен асыл дініміздің  заңдылығына тура келе ме?..
***
Алдымен бейіт басына қойылатын көктасқа келейік. Қазір алды оқыған молда, соңы ел ағаларына дейін  «шариғат бойынша бейіттің басына ешқандай сурет, тірі жануардың бейнесі болмауы керек» дегенді айтып жүр. Алайда осы ескертпеге құлақ аспай, кейбір ағайын зиратқа қойылған ескерткішке марқұмның сұлбасын қашап салуды тыймай келеді. Көктасқа марқұмның аты-жөні, әкесінің аты, туған, өлген жылымен қатар белгіні қойған адамдардың аты жазылады. Қазақтағы қойылатын көктастың өзіндік ерекшелігі марқұмның руы көрсетіледі. Сонымен қатар кейде мұсылман адамды иманға, тәубеге шақыратын Құран сүрелері мен хадистер, ғибратты сөздер де кездеседі. Сондықтан, о дүниенің қамына амал еткен, ниет білдірген пенде тура жолдан таймай, шариғат белгілеген межеден аспағаны ләзім.
Ал енді көктас жасатуға ел қанша қаржы жұмсайды? Бірі көктастың сапасына мән беріп, барынша қымбатын көрсе, бірі шама-шарқынша қарапайымын таңдайды. Осы орайда мәселенің анық-қанығын білу үшін нәсібін көктас жасау арқылы тауып жүрген шебермен тілдесудің сәті түсті. «Халық көбіне қандай сападағы тастарға тапсырыс береді? сауал қойдық.
Қанат Ізбасаров, көктас жасаушы:
­– Елдің талғамы әртүрлі. Қазақта төртқұлақ өреді ғой. Соған сәйкес, көбіне 40/60 см өлшемінде болады. Тастар да әрқилы. Ел «Қаратас» деп атайтын, гранит деген тас бар. Сапасы да жақсы, бағасы да қолайлы. Әрі жазған жазу, сурет анық басылады.Сондықтан көбіне сол гранитпен жұмыс жасаймыз. Бір көктас жасау 40-60 мың теңге шамасында. Тапсырысты бір апта, он күн көлемінде бітіруге тырысамыз. Басқа да тастардан жасауға болады. Қымбат тастың түрлері де жетерлік. Шамасы жеткендер бағалы мәрмәрдан  қашатады. Ол тапсырыс берушінің қалауына байланысты. Ал, тастардың қайдан келетінінен хабарым жоқ. Өзіміз Алматы, Шымкент қаласынан алдырамыз. Сонымен бірге бұрын белгіге сурет салдыру да болды. Соңғы жылдарды бұл әдет азайып келе жатыр. Имамдар мен ақсақалдар насихаты арқасында ел түсіне бастады деп ойлаймын,- дейді шебер.
Көктас –  марқұмның кім екенінен хабар беретін белгі ғана. Оны бақталастық пен «атақ» жарысына айналдырмаған жөн.
Ендігі сөз ауанын күні бұрын жер сатып алу, үлкен мазар тұрғызу жайына бұрайық. Заң бойынша жерлеуге 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Бірақ, тірі адамға емес. Қазақ бұл амалды «ырымға жаман» дейді. Ал, ел аузында тірілерге “сатылып” жүрген ол қандай жер? Көкейдегі сауалдарға жауап алмақ оймен қаладағы орталық бейітке жол тарттық.
Аңғарғанымыз, Иса мәсіхтің үмметі саналатын қауымның зиратымен мұсылман мазары жаппарлас салынған екен. Қос діннің ажал турасындағы дүниетанымы екі бөлек әлемнің көрінісіндей әсер қалдырды. Христиан қорымында біркелкі көктас пен темір қоршаулар салынған болса, мұсылман зиратында биік қабырғалы, күмбезделген мазарлар тұрғызылған. Алдымыздан орталық қорымның шырақшысы кезікті. Келген мақсатымызды жеткізгенде шырақшы мәселенің мән-жайын түсіндірді. Әңгіме барысында аңғарғанымыз, ешқандай жер сатылмайды, халыққа жерлеу рәсімі кезінде ол жер тегін беріледі екен. Әрі жерлеуге берілетін орындар сатылады деп айтылып жүрген пікір орынсыз дейді шырақшы.
Көптеген қалада, ауылдық мекендегі қарт кісілер жерлеу орнын жақын адамының қасынанда болғанын қалайды. Бұл мәселеге шариғи үкім қандай, дін не дейді?
Бақтияр Оспанов, дінтанушы:
­ – Егер жерді алып қойған адамның ниеті дұрыс болса, онда ол теріс амал емес. Мысалы, қарт кісі өзінің хал-жағдайының оңалмасын, соңғы сәтінің таяғанын сезді делік. Ондай жағдайда балалары мен жақын туысының не жарының жанынан жер алып қоюды тапсырады. Бұл қатты сыналатын жағдай емес. Мұсылман Жаратқан құзырына қайтатынына иман келтіріп, кісіге сауап жазылады.Бірақ, жерді белгілеген соң алдын ала зәулім қылып мазар тұрғызу шығын болып есептеледі. Алайда қада қағып, сым жүргізіп, іргетас құйылмаған кірпішпен бір-екі қатар қоршап, белгі қалдырып қойса, оны құптауға болады. Бастысы – ысырапшылдыққа бармау.
Тағы айта кететін жайт бар. Әрбір мұсылманда қажылық – парыз. Егер қажылық сапар кезінде дүние салған жан болса, ол адамға Меккеден топырақ бұйырады. Пайғамбарымыз (с.а.с) өкшесі тиген жерге, киелі Меккеде жантәсілім ету пеннің арманы ғой . Өлуді ниет қылып бармайды, әрине. Бірақ, Алланың әмірі солай болса ше?Алдын ала жасатып қойған үлкен мазар тек бос шығын күйінде қалады. Осы жағын да ескеру қажет.
Cөз соңында қазақтың мазар тұрғызу әдебін еске түсірейікші. Негізінен қазақ мазарды төртқұлақ қылып салады. Бұрындары ел арасына ілім таратқан, жөн сілтеген, медресе ашып, құран үйреткен, дем салған, қысқасы, еліне пайда келтірген ғұлама, әулиелердің мазарын кейде ерекшелеп, биік, күмбез қылып тұрғызатын болған. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші, адасқан жанның жол табуына септесу. Алыстан көрінген биік мазар арқылы жолаушы өз жолының бағдарын бағамдайтын, адаспайтын болған. Қай бағытқа бұрылу керегін, қай межеге келгенін болжай алады. Екінші, биік мазарлар адасқан жолаушының түнеу үшін тұрғызылған. Ауа райы жауын-шашынды күні адасқан жан сақтайтын орын болған. Жолаушылар күн қаһарынан қорғанып, от жағып, таң атқан соң сапарын жалғастырған. Үшінші,жердің егесін білдіру. Қазақ ата-баба зиратын киелі санап, ерекше қастерлеген. Өйткені, бабасы, арғы атасы, алпыс алты бабасы жатуы мүмкін. Руын жазатыны да сол мазарда қай рудың адамдары жатқанын әрі сол жердің тұрғындары туралы мәлімет болған. Жалғас ұрпағы ретінде балаларына сол жерді даулай алатын құқық тиеді. Жер дауының ушықпай, тез шешілуіне мазарлардың көп пайдасын тигізгенін осыдан аңғаруға болады. Сондықтан, мазарлар шекара қызметін атқарады десек те қателеспейміз.
                                                                Ерсін ШАМШАДИН
25 мамыр 2019 ж. 1 469 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031