Қала ма, мола ма?
Қызылордадан Қазалыға қатынайтын автобуспен сырғып келеміз. Жол жақсы болған соң ба, анау-мынау білінбейді. Бұрынғы жол шіркін оқыра ұялаған сиырдың арқасындай ойдым-ойдым еді гой. Қаладан шыққалы бар бітіргенім, екі құлақты құлаққаппен тас қып бітеп, қазақша өлеңді есін тандыра тыңдап келгем. Ұйқының да жоспарын артығымен орындаған сияқтымын. Төрт-бес сағаттық жолсапар осымен кетті. Бір көзімді ашқанымда Қазалының шетіне ілігіппіз.
– Әне, қала көрінді,-деді менің алдымда отырған 5-6 жасар кішкентай.
– Қайдағы қала? Ол мола ғой.
Сірә, ағасы болу керек, жас шамасы бастауыш мектептің оқушысына келеді. Автобус терезесінен сыртқа көз салсам, шынымен қала сыртындағы үлкен қорым екен. Қорым болғанда да, кәдімгі төрт құлақ там емес, зәулім-зәулім күмбезделген бейіттер. Апыр-ай, адамдардың мәңгілік жатар жері бәсекеге айналған ба? деп ойлағанымша болмады, Қазалы-Арал, қалды Сыр бойы мен Ақтөбе облысының мұсылман қауымына белгілі Базарқожа әулиенің қайтпас сапарға кетіп, артындағы ұрпағына аманат еткен әңгімесі еске оралды.
Базарқожа атамыз ел арасында көріпкелдігімен қоса, Алла берген қасиетінің арқасында ем-дом жүргізген әулие кісі. Ел ішінде бұл жайлы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Соның бірі – әулие атамыз дүниеден озғанда өз ұлдарына аян беруі. Оған себеп, атамыздың басын қарайтуға ұлдары атақты өзбек ұстасын алдырып, көкпен таластыра күмбез орнатпақшы болған дейді. Қауырт жұмыс басталып, «ертең күмбезін көтереміз» деп отырған уақытында, таң ата көк қошқар кеп, бір жақ қабырғасын мүйізімен сүзгілеп құлатып кетіпті. Таңертең тұрса, тұрғызған моланың бір қабырғасы құлап, бүлінген. Ұлдары түсінбей, болған іс болдыға санап, қайта тұрғызуға кіріседі. Бірақ ертесімен таң ата сол баяғы көк қошқар тұрғызған тамды тағы мүйіздеп кеткен. Не керек үшінші күні де осы жағдай қайталанады-мыс. Ұлдары «не істейміз» күйге түсіп дағдарып, жатар орынға ұйқыға кетісімен, Базарқожа бабамыз сол түн аян беріпті. Сондағы әулиенің айтқаны, «Алла ысырапшылықты сүймеген, елге әспеттеп, дарақылықпен мал шашып, күмбез орнатудың да қажеті жоқ. Маған төрт құлақ етіп там орнатсаңдар да жетіп жатыр, ары қарайғысын Алла өзі қорғайды» деген көрінеді. Содан бері екі ғасыр өтсе де, баба бейіті әлі сол орнында.Қазалы ауданына қарасты, Қотанкөл жағасында орын тепкен. Аңыз бізге осылай дейді.
Шынымен, бір замандары ислам дінінің үстемдігін, мерейін арттыру үшін белгілі ұлы адамдардың басына биік қып кесене сап, күмбез орнатуәманда болған. Мысалы, Ақсақ Темір салдырған Ахмет Яассауи кесенесі, Тараз жеріндегі тарихи ескерткіштер, өзіміздің Сыр бойындағы Қорқыт Ата... Көөөп.
Ала шапқын боп, ақыретке кеткен адамның басына алтынмен аптап, күміспен күптеп, заңғар көкпен таластырып, күмбез тұрғызудың не жөні бар? Мынауың не көкіп отыр, бар ма артында жетерлік дүние, салсын, қалай салса да, сенің шаруаң қанша дейтін пенделер де табылатын шығар. Бірақ менің айтқым келгені, ысырапшылдық турасында. Қайтқан марқұмның артын той сияқты мол дастарқанмен күтпей-ақ, сәулетті етіп басына бейіт тұрғызбай, сол қаражатқа жағдайы жоқ қанша көңілі жамау жұртқа қол ұшын берсе деген тілек біздікі. Кембағалға көмек беріп, көсегесін көгертіп, көптің алғысын алса, Алла алдында да, адам алдында да жүзі жарық болмай ма? Сіз не дейсіз?
Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ,
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы