Бүгінгі әлем: трансформация шындығы
Алматыда ХVI Еуразия медиа форумы басталды. Жыл сайын көктемде ғаламдық ақпарат кеңістігінің мамандарын пікірлесуге шақыратын бұл форумның биылғы тақырыбы "Бүгінгі әлем: трансформация шындығы" деп аталды. Форумның бірінші күнінде жақын және алыс шетелдің медиасарапшы мамандары қазіргі уақыттың актуальды тақырыптары жайында шеберлік дәрістерін өткізді. Рейтер агенттігінің журналисі, жастарға арналған "News-Decoder" білім беру тақырыбындағы жаңалықтар қызметінің негізін салушы Нельсон Грейвс өткізген экологиялық журналистика тақырыбы қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бүгінде экология тақырыбы қандай да бір баспа өнімінің бірінші бетінде жарияланады. Бұрынырақта БАҚ-та кеңінен сипат алмаған бұл тақырыптың бүгінгі маңыздылығы неде? Осы күрделі тақырыпты оқырманға не көрерменге түсінікті тілмен жеткізудің жолдары қандай? Ақпарат көздерінің пайдалысы қайсы? Обьективті тұрғыда жазып шығу үшін оны қалай пайдаланған дұрыс? Осы және басқа да сұрақтар төңірегіндегі шеберлік дәрісінің соңы журналистер тарапынан түрлі сұрақтарға ұласты. Әсіресе жер асты байлығын игеруден туындайтын экологиялық мәселеге көзқарас бірнеше сұраққа арқау болды. Қырғызстандағы алтын өндірісі, Қазақстандағы Қарашығанақ, Жезқазған, Арал мәселесі назарға алынды. "Виртуальды шынайылық" тақырыбында әл-Жазира телекомпаниясы "Contrast" медиастудиясының басшысы Захра Расул өткізген екінші шеберлік дәрісі заманауи технологияның жаңа мүмкіндігімен таныстырды. Түсіріп тұрған аумақты 360 градуста қамтитын бейнекамера арқылы виртуальды шынайылыққа қол жеткізу жолдары жан-жақты айтылған бұл дәріс телемамандармен қоса әлеуметтік желілерде әсерлі ақпарат тарату және оның сапасы ойландыратын әрбір журналист үшін пайдалы болды. Бұны бүгінгі Storytelling жанрын жаңа деңгейде ұсыну деп қабылдауға болады.
"Технология жылдам дамуда. Осыдан біраз уақыт бұрын күрделі және ұзақ уақыт алатын процестер қазір жеңілдеді. Әрі олардың бағасы да қымбат емес. Кез келген платформада бұл кері байланысты арттырады. Арнайы көзілдірікпен көретін 360 градуста түсірілген видеолардың әсері мол. Бұл тартымдылықты бағалаудың тиімді әдістерінің бірі", − дейді Захра Расул.
Шеберлік дәрісінің ең қызықты бөлігі "Фрилансер болу не болмау" деп аталды. "Фрилансер журналист бола отырып, қалай ақша табады? Идеяны қалай сатуға болады? Ең алдымен сіздің қай жерде жұмыс істегеніңіз емес, сіздің аты-жөніңіздің танымал болуы маңызды. Белгілі тақырыптық бағытыңыз болса, сізге өніміңізді сату оңайға түседі. Әрқашан өз деңгейіңізді жоғарылату маңызды", − дейді шеберлік дәрісін жүргізген ұлыбританиялық тәуелсіз журналист Дженни Климан.
"Ең әуелі кіммен жұмыс істейтініңізді анықтау керек. Бірақ осы материал арқылы осынша табыс табамын деп алдын-ала уәде бермеу керек. Бұлай айту қиын. Өйткені уәдеңізді орындай алмай қалуыңыз мүмкін", − дейді Дженни Климан. Бұл мәселелер қандай да бір БАҚ-тың штатында жұмыс істемесе, өзін жұмыссыз сезінетін қазақстандық журналистер үшін ақылға сыймайтындай болуы да мүмкін. Өйткені тәуелсіз, штаттан тыс таңғажайып нәтижеге қол жеткізу үшін, ақша табу үшін сөзсіз сапа, ептілік пен табандылық талап етіледі.
"Әрқашан сізге қанша төлейтінін және қаншалықты жылдам төлейтінін білу маңызды", − дейді Дженни Климан. "Әрине тәуелсіз журналист көп ақша таппауы мүмкін. Бай болмауы да мүмкін. Ең бастысы, көп ақша табу емес, ең бастысы бай тәжірибе" − дейді ол. Тәуелсіз журналист ретінде өзіңізді таныту үшін әлеуметтік платформаларды тиімді пайдалану жолдары айтылды. Бұған қоса сіздің бір газетке берген материалыңызды келесі газет көшіріп басқан жағдайда оған да төлену керек екенін білу керек. Фрилансер журналистің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, сақтандырылуы өте маңызды. "Ешқандай репортаж сіздің амандығыңыздың, қауіпсіздігіңіздің қасында түкке тұрмайды" дейді Дженни Климан. Фрилансер журналист ретінде өзіңізді қорғайтын, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ететін журналистік ұйымдармен бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығын да түсіну керек. Цифрлық технология мүмкіндіктерін пайдалану да өте маңызды.
Еуразиялық медиафорум аясында «Орталық Азиядағы аймақтық интеграция" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері мен олардың көршілері арасындағы қарым-қатынас мәселелері, соңғы уақыттағы ғылыми және практикалық қызығушылықтар ортаға салынды.
Түстен кейінгі шеберлік дәрісінің бірі мобильді журналистикаға арналды. Дәрісті мобильді журналистика тақырыбы бойынша тренер, медиадисциплин оқытушысы, австралиялық Иво Бурум жүргізді. Бәсекеге қабілеттілік артып келе жатқан журналистикада кәсібилер де, азаматтық журналистер де түрлі қосымшалар мен құралдарды пайдалана білу керек. "Телевизия саласында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатырмын. Сонда көзім жеткені мобильдік журналистика контент пен сюжет қана емес. Осыдан 6 жыл мобильдік журналистика 0 пайыздан аспаса, қазір 99 пайызға жетті. Егер сен білсең, егер сенің қолыңнан келсе, онда смартфоныңмен мобильді журналистикаға қатыс",− деді Иво Бурум.
Журналист шын мәнінде кез келген жағдайға дайын болу керек. Бұл бүгінгі мобильділікке қойылатын басты талап. "Digital-media және ТВ аудиториясының буын ерекшелігі" деген тақырыптағы шеберлік дәріспен Еуразиялық медиа форумның бірінші күні аяқталды. "Әр буынның әртүрлі талғамы бар. Бүгінгі телеарна мен БАҚ-тағы, ақпараттық медиа мамандары нені ескеру керек?". Бұл туралы және медиафорумның екінші, үшінші күні жайлы келесі бейсенбіде толығырақ жазамыз.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ