ТОҒАНАС БАТЫР
Қаламыздағы Тоғанас батыр көшесінің бұрынғы атауы Пионерская деп аталған. Осы ретте оқырманға елдің есінде, тарихтың тереңінде сақталған тұлға жайлы ақпарат беруді жөн көрдік.
Тоғанас Бәйтікұлы (1812 – 1864) − халық арасында әділ билігімен көзге түскен даңқы батыр. Кіші жүз құрамындағы Шөмекей руынан шыққан ол Сырдарияның төменгі ағысы бойында туып-өскен. Хиуа және Қоқан хандықтарының жергілікті халыққа жасаған озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған Тоғанас қарақалпақ, түрікмен бектерімен де соғысып,олардың Сыр бойынан ауа көшуіне ықпал еткен. Батыр хиуалықтармен бірнеше рет Қуаңдария бойындағы Аққыр тауы маңындағы «Қарақ» деген жерде айқасып, Қожанияз бекті ойсырата жеңіп, «Қожанияз» бекінісін жойып жіберді. Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, Шөмекей жасағын басқарады. 1845 – 1852 жылдары қоқандықтар мен хиуалықтардың бірнеше шабуылын тойтарып, халықтың барымталанған малдарын қайтарады. Тоғанастың өзінің арнайы мөрі, әкесі Бәйтік батырдан қалған ақ туы болған. Тоғанас ерліктері ауызша, жазбаша деректерде, тарихшылар Е.Бекмаханов пен Ж. Қасымбаевтың еңбектерінде, зерттеушілер Қ.Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр» (1992), Тоғанас Дайрабайдың «Тоғанас батыр» (1992) кітаптарында және «Келмембет батыр» (1998) жинағында көрініс тапқан.