Жастар жат қылықтан аулақ
1987 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының кезекті ассамблеясында 26 маусым - «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп бекітілді. Дегенмен есірткімен күрес жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Мысалы, облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы жастардың жаман жолға түсуінің алдын-алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Солардың бірі облыс көлемінде орта және арнаулы орта, жоғары оқу орындары арасында есірткіге қарсы үгіт-бригадалар сайысы.
Шараны Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Оған 40 үгіт бригадасы қатысып, есірткі мәселесіне байланысты ой-пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар, үгіт шаралары мен театр қойылымдары арқылы зиянды әдеттен аулақ болуға шақырды.
Шара барысында есірткіге 18 – 29 жас аралығындағы жастар тәуелді екені баса айтылды. Ал есірткі салдарынан қылмыстар көбейіп, ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны өсуде. Мұны дер кезінде қолға алмасақ, істің қиынға соғары анық. Сайысқа қатысушылар өмірлерінің мәнді де мағыналы болуы үшін, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын жеткізді.
Сайыс нәтижесі бойынша Сырдария ауданы №35 орта мектебі жеңімпаз атанса, ІІ орынды Шиелі ауданы №252 орта мектебі иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орын Жаңақорған ауданы №52 орта мектебіне бұйырды.
Сондай-ақ белсенділігімен көзге түскен 18 оқу орнының командаларына бағалы сыйлық табысталып, 22 оқу орнының командалары алғыс хаттармен марапатталды.
Айгүл Әлішерова