Жастар есірткіге қарсы
Есірткіге қарсы көптеген жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі де жемісін беруде. Себебі қазіргі таңда есірткіге қарсы қылмыстар біршама азайған. Біз көбіне-көп біреудің жұмысына көңіліміз толмайды. "Неге ештеңе істемей отыр" деп жиі айтамыз. Дегенмен ол істің басы-қасында жүріп, анық-қанығын білмейміз. Сөйтіп, сырттан тон піше саламыз. Айтпағым Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мүмкіндігінше жұмыс істеуде. Оған дәлел жақында өткен спорттық эстафеталық жарыс.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен облыс көлеміндегі оқу орындарының білім алушылары арасында «Жастар есірткіге қарсы!» ұранымен өткізілген спорттық – эстафеталық жарыстың мақсаты – жасөспірім мен жастардың бойында есірткі тарату мен тұтынуға қарсы тұруын дамыту, саламатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты бағалау.
Жарыста бұқара қауым арасында психикалық белсенді заттарды тұтынудың алдын алу бойынша жұмысты күшейту, бұқара қауымды белсенді де саламатты өмір сүруге ынталандыруға негізделген алдын алу жұмыстарын жетілдіру, отбасылық құндылықтарды, отбасылық тәрбие мен саламатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілді.
Аталмыш жарысқа облыс көлемінде 45 оқу орны, оның ішінде 270 оқушылар мен студенттер қатысты. Сайыстар нәтижесі бойынша жарысқа қатысқан 24 оқу орындары дипломдармен, сыйлықтармен марапатталса, 21 оқу орнына алғыс хаттар табыс етілді.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА