» » МЕН – БАҚЫТПЫН, АНАШЫМ!

МЕН – БАҚЫТПЫН, АНАШЫМ!

“ −Анашым, мен – бақытпын!−деді бүлдіршін қыз
− Олай емес қызым, дұрысы мен бақыттымын ғой, − деп күлімсіреді жас ана.
− Жооқ, мама, менің өзім бақытпын ғой...”
«Chicken Soup for the Soul» кітабынан 
Бала десе қолқа-жүрегін қоса суырып беретін қазақпыз, еміренгенде есіміз кететіні тағы бар. Осы бір күнәдан ада, арамдықтан алыс бүлдіршіндер болмаса, мына қоғамды жақсылықпен елестетудің өзі қиын. Әдетте көз алдымыздағы бөбектен болашақты көреміз, бірақ олар өздері армандаған қоғамда өмір сүріп жатыр ма?! Бақытымыздың бүгініне зер салып көрелікші...

Ол бірінші, Адам
Жақында Үкіметке Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылдан бастап барлық өңірде тегін «Балалардың туристік пойызын» іске қосу жөнінде ұсынысын айтты. Оған қоса әуе сапарына шыққан 15 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жүру мүмкіндігі қарастырылатыны жайында хабардар еткен болатын. Егер бұл жоба қолданысқа енсе, халық үшін керемет жаңалық болмақ. Одан өзге биыл әлеуметтік салаға ерекше бөлініп, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемі өсті. Білім саласында 2016 жылы алынып тасталған «Әліппе» келер жылдан бастап ел бүлдіршіндерімен қайта табысатын болды. Балалар үшін мемлекет жасап жатқан қамқорлықтың бұл бір парасы ғана. Енді ел ертеңінің материалдық тұрғыда қамтамасыз етілуін қоя тұрып, рухани тәрбиесіне үңілейік...  
Бала ойының іргетасын қоғам қалайды. Екі жыл Бостонда білім алған Шыңғыс Мұқан баласының Алаштың Америкадағы қарапайым мемлекеттік мектепке барғанын айтып, мынадай қызықты оқиғаны баяндапты: «Алашты таңғы сағат сегізге 5-10 минут қалғанда мектепке апарып тастаймын. Бойы екі метрге таяу, шашын ақ шалған жігіт ағасы,  мектеп директоры Урен Бляр оқушыларды мектептің алдында қарсы алып тұрады. Бәрімен жапа-тармағай амандасып жатады. Әр оқушының атын атап, түсін түстеп жағдай сұрасады. Осы арада алып келген ата-аналарымен де бірер ауыз пікір алмасып үлгереді.


Оқушылардың өзіне деген құрметін есік алдынан қарсы алу арқылы қалыптастыратын директор, өзімен тең көретін мұғалім, қайда қарасаң да, оқушының өз аты мен суреті көзге шалынатын сынып – Америка мектептеріндегі оқушыларды өз-өзін қадірлеуге тәрбиелеу формуласы. Біз балаларымызды жақсы көреміз. Бәріміз де өліп-өшіп тұрамыз. Бірақ біз балалардың адам ретінде орнын біліп, құрметтей алмайды екенбіз. Балалар өздерін бала емес, адам ретінде сезіну үшін оларға жақсы көруден бұрын құрмет керек. Адам ретінде сезінсе ғана олар балалықпен шалалық жасамайды, керісінше үлкен адамдарша жауапкершілігі артады» дейді Гарвард университетінің түлегі. Біздегі жағдай Амеркадағыдан әлдеқайда өзгеше, басты мәселе де осында. Қазір қазақ баласын теледидар мен телефон тәрбиелейді, ал құрмет олар өскен соң ғана көрсетіледі. Өзі  шынайы жылулық пен ерекше назарды сезінбеген жас кейін ұрпағына дәл сол тәрбиені береді. Баланы ойыншықпен, киіммен, тәттімен қуантуға болады, бірақ ол кемел келешекке негіз бола алмайды.

Екінші, Көшбасшы
Адамзатқа пайдалы идеяларды талқылайтын дүниежүзілік TED конференция жыл сайын тың ойлар ұсынады. Соның бірі − балаларға қатысты жас дарын Адора Свитактың «әлем сәбилерше ойлауға мұқтаж екенін» айтқан ойы. «Сіз мынаған мән беріңізші: имперализм мен колониализм, дүниежүзілік соғыс. Өзіңізден сұраңыз, кім кінәлі? Үлкендер. Балалар не істеп қойыпты? Жақсы, Анна Франк Холокост туралы әсерлі әңгімелерімен жүректерді тербеді. Жуырда ғана Чарли Сипсон өзінің кішкентай велосипедімен Гаити үшін 120 мың фунт жинап берді. Бұл мысалдардан жас мөлшерінде тұрған дәнеңе жоқ екенін көруге болады. Ешкім аш болмасын не бәрі тегін болсын деген менің тілегім секілді, балалар да шынайы ойлап, ерекше армандай алады. Қайсыңыз осылай армандап, оған сендіңіз? Балалар үнемі үлкендерден үйреніп келеді және бізге ортақ дүние аз емес. Үлкендер енді балалардан үйрену керек деп ойлаймын. Сіз бүгін бізге қарыз беруге міндеттісіз, себебі біз ертеңгі көшбасшымыз. Басқару мен сәттілікке жету үшін балаларға мүмкіндіктер қажет. Серіктестікке дайынсыздар ма?» дейді қаршадай қыз. Бұл −  адамзатқа қажет идея, ойланатын жайт.
Анығында әлемі әдемі періштелерді «бала» деп төмендетпей, «дана» деп тұлға ету маңызды. Ал сіз соңғы рет қашан балаңызбен немесе кішкентай іні-сіңіліңізбен әлденені ойласып, бірге ақылдастыңыз? Қай сәтте сәбилермен бірге шынайы күле алдыңыз? Бұл қазаққа жат эгоизм емес, жастайынан жауапкершілік артқан соң Абайдың зерек, Бала бидің шешен болғаны анық дәлел емес пе?!
Бақытты бала ғана бақытты қоғамды қалыптастырады. Сынық көңілмен салынған бейне ешқашан ертегідей болмайды. Баланың болашағынан бұрын бүгінгі болмысына сенім артыңыз!
Гүлдана ЖҰМАДИН
31 мамыр 2019 ж. 591 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031