Адамның кейбір кездері
Бала күнімде ата-әжем «ешқашан өтірік айтпа, өліп бара жатсаң да шындығыңды айт» деп үйретті. Сол сөзбен ержеттік. Бірақ есейе келе осы қасиеттің бойымнан жоғала бастағанын сездім. Жыл санап өзгеріске ұшырадым. Осы жылы 12 рет өтірік айтсам, келер жылы 24 рет деген секілді. Тіпті осыны ішім сезіп, енді ешқашан өтірік сөйлемеймін деп те бекініп көрдім. Жоқ. Қолымнан келмеді. Кейде еркімнен тыс айтып қоя беретінімді байқадым. Жаплы, ел арасында «ешқашан ешқашан деп айтпа» деген сөз бар ғой. Сол рас секілді. Соған қарағанда, адам баласы өскен сайын ешнәрсені кесіп айта алмайтын секілді көрінеді маған.
Мынадай сөз бар: «біреудің шындығы өзгеге өтірік, ал біреудің өтірігі өзгенің шындығы». Рас. Жақында интернет желісінен мынадай ақпарат оқыдым. Мамандардың зерттеуінше, ең шыншыл деген адамның өзі күніне төрт өтіріктен елу өтірікке дейін, ал бұл этапқа жатпайтын адам бір күнде екі жүз өтірікке дейін айтады екен. Тіпті онысын өзі де байқамай қалады. Жаңағы мен секілді. Сонда есептеңіз, бір адамның өзі өмірінің соңына дейін қанша өтірікке дейін айтуы мүмкін?
Тағы бір тың дүние. Бұл – балаларға қатысты. Психологтар балалар жақсы мен жаманды дұрыс айыра алмағасын олардың өтірігі күнәсіз деп есептейтінін айтқан. Сонымен қатар балаға сұрақ қойғанда да ол өтірікке сұранып тұратындай болмауын қадағалауды ескертіпті. Мысалы «ойыншықтарыңды жинадың ба?» деген сұрақ қоймай, «ойыншықтарыңды жинамағаныңды байқадым» деген секілді болуын талап еткен.
Жалпы, қазақта өтірікшіні суайт, бөспе, судыр, алдампаз, сужұқпас деп атайды ғой. Сондай-ақ «өтірік өрге жүзбес», «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай», «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» секілді мақал-мәтелдер де жетерлік. Біз жыл санап қоғам болып осы дүниелерге үйреніп бара жатқан секілдіміз. Мына ақпарат сөзіме дәлел бола алады. Өткен жылы белгілі бір халықаралық компания әлемнің 19 елінде жүргізген сауалнама нәтижесін ұсыныпты. Сондағы нәтиже бойынша, адамдар өткен онжылдықтарға қарағанда қазір өтірікті көп айтатын болып шыққан.
Әжем өтірікті «біреуді татуластыру үшін, жақсыны қорғау үшін немесе әулет ішіндегі татулықты ұстап қалу үшін ғана айтуға болады» дейтін. Ал бізде солай ма? Көпшілік дәл осындай ұстаныммен жүрмейді. Біз шындықты мойындаудан қорыққанда немесе істің ыңғайында қажет деп таппағанда, сөзімізді өткізу үшін, жауапкершіліктен бас тартқанда, жазадан құтылу үшін өтірік айтамыз. Ақын Мұхамеджан Тазабеков «Есіріп есі кеткен жас буындар, Ертең ұлық болғанда ұлтты алдайды. Жастарында тәрбие тәлім болмай, жұлдызы жанып тұрған жұрт болмайды» дейді. Шынымен, күнделікті айтып жүрген өтірігіміз жас буынға індет боп жабысып, ізімізден келе жатқан ұрпақтың қанына сіңіп кетпей ме? Олай болмасына кім кепіл?
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ