Өтірік
Қазіргі таңда балалардың өтірік сөйлеуі жиілеп кетті. Оған басты себеп ата-ананың балаға өтірік сөйлеуі. Мысалы, тойға баратын болсаңыз, балаңыз "мен де барайыншы" дейді. Оны жылатпас үшін "дәрігерге барып, укол салдырамын" дейсіз. Дегенмен сіз оны жалған сөйлеуге осы бастан-ақ үйретіп жатырсыз.
Үйде ағамның баласы бар. Оның "ұшақ әкеп беріңізші" деп жүргеніне көп уақыт болды. Жұмыстан келген сәтте "әкелдіңіз бе" деп алдымнан жүгіріп шығады. "Ертең әкелемін" десем "күнде ертен, күнде ертен деп ренжіп қалады. Бұл әр отбасында кездесетін қарапайым ғана мысалдың бірі. Ағамның ұл-қызына телефон көрсетпейміз. Қазіргі таңда телефоннан көзі көрмей қалатын сәттер көп қой. Әр жағдайды естіп, қорқатынымыз жасырын емес. Соның алдын-алу үшін жасалған әрекеттің бірі. Олар былтыр мектеп табалдырығын аттады. Алғашқы ұстазын жақсы көреді, апайының айтқан сөздерін екі етпей орындайды. Біз де "апай үйге камера орнатып қойған, сендердің істеген істеріңнің бәрін көріп отырады" дейміз. Олар соған сеніп, телефонға мүлде жоламайды. Тиімді әдіс екені белгілі, десе де бұл да өтірік.
Баланың болашағы үшін деп еңбек етіп, ақша жинаймыз. Болашақ деп жүргенде оның балалық шағының қалай өтіп кеткенін, тіпті ержеткенін аңғармай қаламыз. Бала нені ұнатты, қайда барғысы келеді санаспаймыз. Себебі бәрін демалысқа ысырамыз. Демалыс келген сәтте үйдің бітпейтін қауыт тіршілігі қолбайлау болады тағы да өтірік айтамыз. Ата-ананың жұмысбасты екенін айттық. Ата-ана балаға жеткілікті түрде көңіл бөлмесе бала да өтірік айта бастайды. Ол ата-ананың назарын өзіне қарату үшін кез келген әрекетке барады. Тіпті бестік баға алмаса да, алдым дей салады. Өйткені ата-анасы оны мақтап, маңдайынан сипайды. Балаға да керегі осы еді.
5-7 жас аралығында бала өтірік айту мен шындықтың арасында таңдау жасайды екен. Сондықтан баламыз беске толмастан бұрын өтіріктің алдын алуға тырысу қажет-ақ.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА