» » АВТОКӨЛІКПЕН ӨЗБЕКСТАНҒА САПАР ШЕГУГЕ БОЛА МА?

АВТОКӨЛІКПЕН ӨЗБЕКСТАНҒА САПАР ШЕГУГЕ БОЛА МА?

  Мамыражай мамыр аяқталысымен көпшілігі еңбек демалысына шығып саяхаттауды жөн санайды. Ішкі туризмді есептемегенде шекара асып, демалатын туристердің саны күрт көбейді. Бірі ұшақпен Түркияға бет алса, бірі көршілес елдерді шолып шығады. Соңғы жылдары Өзбекстанға саяхаттайтын отандастарымыздың қатары көбейген. Іргелес орналасқан соң біршамасы өз көліктерімен барғанды қалайды екен. Дегенмен өзге елдің заңын білмеген соң тәуекелге бармайтын көрінеді. Сондықтан "Ақмешіт жастары" газеті Өзбекстанға автокөлікпен сапар шегу үшін не білу керек? деген сұрақтың жауабын іздеп көрді. Алдымен көрші елге сапар шеккен бірнеше адаммен тілдесіп, арасынан Темір Енікеевтен мән жайды сұрастырдық.

Шекарадан өту барысында мұны білген жөн


Мереке күндері қарсаңында шекарада ұзын-сонар кезек пайда болады және ондағы өз орныңды мұқият қадағалаған жөн. Себебі еш қымсынбастан кезексіз өтіп кетуге тырысатындар тым көп. Әдетте Қазақстан жаққа кеден мен шекаралық бақылаудан өту жылдамырақ жүзеге асады. Өзбекстанның кедендік бекетінде жүргізуші елге кіргізілетін автокөлікті декларацияда көрсетуі тиіс, сондықтан тіпті кезекте тұрмасаңыз да бланкілерді (екі дана) алып, толтырып қойыңыз, осылай уақыт үнемдейсіз. Егер қалтаңыздағы ақшаңыз 2000 доллардан аспаса, оны көрсетудің қажеті жоқ. Ал одан көп қаражатты көрсетуге міндеттелесіз. Жүксалғыш пен салондағы заттарды пакетке не сөмкеге салып қойыңыз, оларды сканерден өткізу керек болады. Шекарада ішінара смартфоныңызды, ноутбук пен фотоаппараттағы флеш-жинақтауышты тексеруі мүмкін, ондағы галерея мен чаттардың мазмұны да тексеріледі. Олардың іздегені – экстремистік мазмұндағы контент пен бейәдеп фото және бейнежазбалар. Жолаушылар бекеттен жүктерімен бірге бөлек дәліз арқылы жаяу өтеді. Сапарға аттанбас бұрын ұсақ доллар алғаныңыз жөн, себебі шекарада сізге уақытша кіргізуге арналған сақтандыру полисі мен АҚЖМС полисі ($5 + $5) үшін ақы төлеу қажет болады.
Жол ережелері қауіпті ме?
Өзбекстанда жол қауіпсіздік ережелері кеңестік ережелерге негізделген, оның үстіне Өзбекстан Веналық конвенцияға қол қойған қатысушы елдердің қатарына кіреді. Дегенмен әр елдің салты басқа демекші, мұнда да өзіндік ерекшеліктер бар.  Елді мекендерде жеңіл көліктер үшін рұқсат етілген ең жоғарғы жылдамдық 70 км/сағатты құрайды, яғни Қазақстанмен салыстырғанда сағатына 10 шақырымға жоғары.  Қала сырты мен ауылдарда сағатына 100 шақырым жылдамдықпен қозғалуға рұқсат берілген, оның үстіне біздегідей бөлу жоқ. Бір ауылдан кейін екіншісі. Тас жолда кейде аяқты бақылауда ұстауға тура келеді, себебі камераға не радарға түсіп қалуыңыз әбден мүмкін
Айналмадағы көліктер үнемі басты жолда. Айналма жолға түсер алдында «Жол бер» деген белгіні көрмесеңіз де, айналма бойынша қозғалып бара жатқан көліктерге жол беруге міндеттісіз. Көліктерді тек жүргін бөліктің шетіне қатарластырып қоюға рұқсат етілген. Жол жиегіне бейберекет қойылған көліктер көп болса да, бұл деректі біле жүрген дұрыс болады. Қауіпсіздік белдіктерін міндетті түрде тағу керек. Дегенмен оны бірлі-жарым жүргізушілер ғана ескереді. Себебі белдік тақпағандарға айыппұл салынбайды.
Жарық шамдарын күндіз қосудың қажеті бар ма?
Иә, қаланың ішінде де, сыртында да жақынға түсетін жарықты қосып қою керек. Ал егер автокөлікте стандартты күндізгі жүріс шамдары қосулы болса, жарық шамдарын қоспауға да болады.
Өзбекстанда жүргізуші өзімен бірге жүргізуші куәлігін, техникалық төлқұжатты, сақтандыру полисін алып жүруге міндетті. Қазақстандық жүргізуші куәлігі де жарайды. Егер сіз автокөліктің иесі болмасаңыз және көлік иесі жаныңызда жоқ болса, нотариуспен расталған сенімхат қажет болады. Егер автокөлік заңды тұлғаға рәсімделген болса, онда директордың қолы қойылып, мөр басылған бланкіге жазылған сенімхат жеткілікті.
Жылдамдық өлшегіштер Өзбекстанда да бар ма?
Мұндай құрылғылар жетерлік. Оның үстіне тек қалаларда ғана емес, тас жолда да. Олар бағаналардың төбесіне қойылған және қозғалыс кезінде байқалмай қалуы мүмкін. Жартысы тіпті арқадан атады. Бір айта кетерлігі, жылдамдық өлшеуіштен жүз метр бұрын ақпараттық белгі орнатылған. Ташкент пен өзге де ірі қалалардағы қиылыстардың жоғарғы тұсында тоқтау сызықтарын бақылайтын фотофиксаторлар кездесті. Біздегі «Крис-П» сынды ауыспалы түрлері қала сыртындағы жолдарға қойылады. Олардың көзіне түсіп қалмауға қарапайым радар-детектор көмектеседі. Оны ала жүрген артық етпейді. Сонымен қатар  радарды да қолданады, бірақ тек күндізгі уақытта ғана. Айтпақшы, мұнда қарсы бетте келе жатқан көліктер де біздегідей белгі беріп, тұтқиылдан шыға келуі мүмкін жау туралы ескертеді.
Көлікпен түнгі уақытта жүрмеген жөн. Не себепті?
         Криминалды жағдайдың бұған еш қатысы жоқ. Бұл жағынан бәрі жақсы. Мәселе басқада. Өзбекстандағы жол таңбаларының жағдайы өте нашар. Ташкентте ештеңе емес, ал оның сыртында … Оларды тіпті күндіз көру оңай емес, ал түнде тіпті байқалмайды. Көліктің шамы түскенде әрең-әрең көрінетін белгілердің қойылғанына 30 жыл болған шығар, тіпті бояуы да кебірсіп, ішінара кетіп қалыпты. Белгілердің басым бөлігі қолдан жасалса керек, жарыққа шағылысатын жабыны жоқ әрі нашар оқылады. Соның кесірінен жылдамдықты шектейтін немесе тыйым салатын белгілерді аңғармай қалу қаупі жоғары. Таңбалар да дәл сондай. Оларды анда-санда жаңартатын сияқты, бірақ жарыққа шағылысатын қасиеті жоқ әрі тым жылдам оңып кетеді, сондықтан тек күндіз ғана көзге түседі. Салдарынан түнгі уақытта жолдың қарсы бетіне шығып кету қаупі артады.
Темірдің сапар барысында бөліскен ақпараттары оқырмандарымыз үшін кәдеге жарайтынына сенімдіміз. Астыңыздағы темір тұлпармен бөгелмей Өзбекстанға бет алуыңызға болады. Ендеше сәт сапар!
Ерасыл ШӘРІБЕК
02 маусым 2019 ж. 554 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031