АЛҒАШҚЫ ДӘРІС
Қоңыраудың соғылуына 7 минут шамасындай уақыт бар. Дәліз у-шу. Бірі ұзыннан қатарластырып қойылған орындықтарға отырып сабақтарына дайындалуда. Енді бірі қолдарына қымбат телефондарын ұстап басқаларға мақтанып тұр, оған топ бала таңырқап үңілуде. Кейбірі дәліздің дәл ортасына тұрып «ей, сен әрі тұр, сен бері тұр»-деп бұйыра сөйлеп, жұрттың мазасын алып былай өткен қызға бір сөз айтып, олай өткен қызға екі сөз айтып, сүзе қарап, жан-жағын дүрліктіруде. Араларында аң-таң болып аспаннан түскендей аңқиып тұрғандары да бар. Мен сол дәліздің бойымен түсініксіз сезіммен келемін. Бойымда қорқыныш сезім басымырақ, бір жағынан қуанып та тұрмын. «Не нәрсені де алғаш бастау қиын ғой. Қорықпа!»-деп өзімді жұбатып қоям. Өзімді бірінші рет қалай ұстасам, солай қалыптасып кетермін деп бойымды тіктеп қоямын. Ұзын дәліздің екі жағына кезек-кезек қарап №6 аудиторияны іздеп келемін. Қолымда топ журналы мен төрайымы бекіткен №1 сабақ жоспары салынған қызыл папкам бар.
Аудиторияға кірдім. Іші жап-жарық, тып-тыныш, ортада 30 оқушыға арналған парта-орындықтар. Жан-жағына амперметр, вольтметр, трансформатор, электр жүйесінің жабдықтары қойылған. Орындығыма кеп жайғасып өзімді қатал ұстауға бел будым. Оқушылар да біртіндеп кіре бастады. Кіре бере, «Сіз, Айда апайдың орнына келгенсіз бе?»-деп әр-әр жерден сұрай бастады. Мен үнсіз, еш жауапсыз қоңыраудың соғылуын күттім. Бойымдағы қорқыныш сезім әлі де басылар емес. Жан-жағыма сүзіле қарап, әйтеуір өзімді бір қалыпқа келтірдім. Әне-міне дегенше, қоңырауда соғылды. Менің ұстаздық өмірімдегі алғашқы дәрісім басталды.
Оқушылармен танысып, өзімді таныстырып, сабақты бастап та кеттім. Өз ойымды жинақтап, жылы қабақ танытып, тез аудиторияға сіңіп, жоспарда көрсетілгендей оқушыларға сабақ түсіндірдім. Оқушылардың қызықтап сұрақ қойып, тыңдап, түсініп, отырғанына қуанып, мен де бар білгенімді айтуға тырыстым. Бастапқы қорқыныш сиіліп, шабыттана бастадым. Қойылған сұрақтарына білгенімше жауап беріп түсіндірдім. Осылайша уақыттың қалай өткенін де білмей қалдым. Кенет, соңғы жақтан ер жігіт орнынан тұрып «Апай, осы өрт сөндіргіш көпіршіктің ішінде мұнай бола ма? »- деп сұрақ қойды. Жүрегім дүрсілдеп, не барын, не жоғын айта алмай тұрып қалдым, «бар» дейін десем, мұнайдың құрамындағы 82-87 пайыз шамасында болатын жанғыш көміртегі ғой, қайта өртті қоздырып, өршітіп жіберер ме екен деп, «жоқ»- дейін десем, қазіргі уақытта ғылымның дамып шарықтаған кезінде химиялық өңдеу арқылы мұнайды да пайдалана ма екен деп ойладым. Әйтеуір бір Алла өзі жар болып, сол сәтте қоңырау соғылды. Мен әлгі оқушыға осы сұрақ арнайы қосымша үйге тапсырма, ізденіп келіңдер деп қуанып кеттім.
Адамзат баласы жер бетіне келгеннен бастап ізденіп, оқу оқумен қатар жер бетінің құпия сырларын ашумен келеді. Ұзтаздық жолды өзім таңдап, осы қадамға барған соң ізденіс мен үшін жұмысымның негізгі бағыты. Бар мақсатым мен міндетім осы сұрақтың жауабын іздеу болды. «Білгенге маржан» - демекші сіздерге өрт сөндіргіш көпіршіктің химиялық құрамын ұсынамын: көмірқышқылды сода, күкірт қышқылы, өңделген қызылмия өсімдігі немесе сабын қоспадан тұрады. Көріп отырғандарыңыздай мұнай болмайды екен.
Оқытушы оқушының бар сұрағына жауап бере алатындай, аянбай еңбек етіп, тәрбиелік және дамытушылық маңызы бар әрекет ұйымдастыра алатын ерекше тұлға болу керек. Осы мақсатта аянбай еңбек етіп келемін. Менің алғашқы дәрісім осылай есте қалды.
Гүлдана ТҰРҒАНОВА,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы