Трактористің әңгімесі
Кез келген қоғамда өз заманының заңғар шыңына шығып, өз аттарын тарих беттерінде алтын әріппен қалдырған тау тұлғалы еңбек адамдары болған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштен тау тұрғызған тұлға Ыбырай Жақаев, өзі әйел заты бола тұрса да замана талабынан қашпай трактор тізгінін ұстаған Жадыра Таспанбетова, Шырынкүл Қазантаева сынды апаларымыз аз болмаған.
«Еңбек – ер атандырады» демекші, жастайымнан еңбек майданының қазанында қайнап, ауылдың топырағына аунап, балалық шақтың бал шақтарын артта қалдырдым. Мен Темірбек Сарекеевпін. Туған ауылым – Шиелі ауданы, Жансейіт ауылы. Ынтымағы жарасқан ауылымда еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін еңбек етіп, өз несібесін жерден тапқан жандар аз емес. Таң азанымен әуелі әтеш, одан соң әкемнің «тұр, тұр» деген дауысы маған «Несібеңнен құр қалма, ырыздығыңды Алла шашты, өз үлесіңді алып қал» деп меңзегендей болатын.
Өзім отбасылы жанмын. Екі баланың әкесімін. Жан жарымның есімі – Ақжайық. Ұлдарымның анасы, аяулы жжарым Ақжайық отбасымыздың «отымен кіріп, күлімен шығуда». Мен өзім трактор жүргіземін. Биыл әулетіміздің атынан құрылған «Атамұра» ШҚ-да көктемгі науқан кезінен еңбекке араласып, 250 гектар жер айдап, күрішке дайындадым. Егін жұмысы біткен бе?! Көктемде еккен егісті күзде жинау бар. Қырманды астыққа толтырып, ел игілігі жолында еңбек ете бермекпін.
Әрине, «Армансыз адам ормансыз құспен тең» емес пе?! Менің де бала шақтан аңсаған арманым болатын, өнер жолының соқпағына түсіп, үлкен сахналарда ғана өзімді елестететінмін. Дегенмен, "Адамның емес, Алланың дегені болады" демекші, өмірдің ағысы мені трактормен тоғыстырды. Тракторды айдаудан емес, жөндеуден бастадым. Уақыт өте келе, бұл салаға да жақындығымның бар екенін, ебімнің мықты екенін байқадым. Кез келген нәрсені көп зерттесең, тиімділігін де көп көресің емес пе?! Ал дәл осы күні мен өзіме де, ауылыма да зор көмегін тигізіп жүрген ауыр трактор тізгінін осы бір бала армандарыма да айырбастамас еді. Осылайша, бала-шағамды асырап, ауылымның гүлденуі жолында өз үлесімді қосып келем!
Ынтымақ БОРАНБАЙҰЛЫ,
Шиелі аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің кеңесшісі