Жұдырық ала жүгіре ме деп қорықтым. Көзім жасқа толды.

Актриса оқырмандарымен күні кеше болған оқиғамен бөлісті. Оның сөзінше, ол танымал такси қызметінің дөрекі жүргізушісіне тап болған.
"Қазір айтсам күлкілі сияқты. Бірақ сол сәтте жылағым келді. "Яндекс" таксиін шақырдым. Маған "Комфорт" дәрежесіндегі көлік келетіні хабарланды, алайда мен қарапайым көлікке тапсырыс бергенмін. Кейде солай болады", - деді Динара.
Шақырту бойынша келген көлікке отырған бойжеткенге жүргізуші аз ақша төленетінін айтып, наразылығын білдіре бастаған.
"Жақтырмай маған: "Жолақысы 480 теңге ме? Білсем, келмейтін едім. Ұят бар ма? Телефон соғып, құны қанша екенін айта алмадыңыз ба? Бізден комиссия ұстайды. Бұл күлкілі ақша ғой", - деді", - деп Динара жүргізушінің сөздерін айтып берді.
Бастапқыда актриса мұны қалжың көріп, үндемей отыра берген.
Алайда ер адамның наразылығы артып, жағдай ушыға түскен. Сонда Динара такси жүргізушісіне "Көңіл-күйін бұзбауға" кеңес беріпті.
"500 теңге соншалықты аз ақша емес. Менің қатысым қанша? Бағаны қоятын мен емес, ал наразылықты неге маған білдіріп отырсыз", - депті бойжеткен.
Актриса жүргізушінің мінез-құлқында ауытқушылық бар ма деген болжамға келген. Ер адам оған әртүрлі айып таға бастапты. Кейін Динараға "бәрін ұмытып, шағымданбауға" кеңес берген.
Дегенмен бұл оның ашуын өршіте түседі. Жүргізуші бір кезде аруды көлігінен түсіретінін мәлімдеген.
"Түсінуімше, ол бәрін осыған жеткізгісі келді. Мен ақшаны төлеп қойғанмын. Ол мені ашулы күйде түсіріп тастады. Мен есікті тарс жауып, сол үшін өкініп қалдым", - деп жалғастырды Динара.
Такси жүргізушісі көлігінен түсе салып, бойжеткеннің қасына жетіп, көлігінің қымбат екенін алға тартқан. Тіпті қорғансыз бойжеткенді итеріп, балағаттаған көрінеді.
"Қазір жұдырық ала жүгіре ме деп қорықтым. Сондықтан үндемей тұрып қалдым. Ол мені балағаттап, көлігіне отырып, кетіп қалды. Менің көзім жасқа толды", - деп есіне алды актриса.
Алайда Динара көз жасына ерік бермей, оны өз пайдасына пайдалануды жөн көрді.
"Кейіпкерім жылайтын сахнаны дыбыстауға бара жатқанмын. "Бұл көз жасым қажет болады, шыда" дедім. Ол жалпы есі дұрыс емес деп түсіндім. Абай болыңыздар, мұндай адамдардың арандатушылығына еріп кетпеңіздер", - деп сөзін түйіндеді Бақтыбаева.
Клиенттерді қолдау қызметі актрисаның шағымын қарап, қызметкерлерінің дөрекілігі үшін кешірім сұраған.
Сондай-ақ, ол жүргізушімен ынтымақтастық жүргізу мәселесі қаралатынын жеткізген.