Элизабет Тұрсынбаева жастармен кездесті
Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева қызылордалық жастармен кездесті.
«Мұз ханшайымы» үшін биылғы жыл табысты болды. Наурыз айында Сайтама қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды және әлемдік тарихта бірінші рет төрт айналымдық сальховты қатесіз орындады. Әрине, мұндай жетістікке спортшы жанкүйерлердің қолдауының, мемлекеттің спортқа деген қамқорлығының арқасында жеткендігін тілге тиек етті.
– Елімізде спортқа айрықша көңіл бөлінеді. Әсіресе, соңғы жылдары қысқы спорт түрлері дамуда. Өздеріңіз білесіздер, Қызылордада «Мұз айдыны» спорт кешені салынды. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік. Мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының жемісі, – деді мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева.
Ел мақтанышына айналған Элизабет Тұрсынбаеваға облыстық "Jas Otan" ЖҚ төрағасы Т.Тілес Сыр жастары атынан алғыс білдіріп, алдағы додаларға толағай табыстар тіледі.