» » Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік

Қазақстан және АҚШ: XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік

Президент Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті талқылау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Ақүйде қабылдады. Президент Назарбаев Президент Трампқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді және оны келешекте Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Екі көшбасшы Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өркендеу ісін ілгерілетудегі рөлін құптады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын мойындай отырып, көшбасшылар саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыстарды Кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайтуға шешім қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құптады. Олар Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге және өңірдің саяси және экономикалық байланыстарының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге қол жеткіземіз деп шешті. Екі ел көшбасшылары заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді.
Халықаралық көшбасшылық мұрасы
Президент Трамп 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті. Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халықаралық көшбасшы ретіндегі Қазақстанның мұрасын және ядролық қауіпсіздік жөніндегі қазіргі міндеттемелерін күшейтуін, сондай-ақ химиялық қарудың таратылуы мен қолданылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі көшбасшы Корей Халық Демократиялық Республикасының ядролық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жаппай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптады. Екі ел Президенттері ядролық байыту технологияларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.
Өңірлік қауіпсіздік
Президент Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру мен жол ашу, сондай-ақ гуманитарлық көмекті күшейтуге үлес қосу арқылы АҚШ-тың Оңтүстік Азия жөніндегі стратегиясын қолдауға Қазақстанның берік бейілдігі үшін Президент Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Екі көшбасшы ауғандардың өз басшылығымен және күш-жігерімен жүретін бейбіт процес қана Ауғанстанға тұрақтылық пен қауіпсіздік әкелетінін растады. Президент Трамп ауған қауіпсіздік күштерін қолдауға арналған Қазақстанның бұған дейінгі қаржылық жарналарын атап өтті. Президент Назарбаев ауыртпалықтың әділ бөлінуін мақұлдай отырып, Ауғанстанның қауіпсіздік проблемасын шешуге қосымша қолдау көрсетуге әзір екенін тағы да растады. Ол, сондай-ақ, Ауғанстан әйелдерінің жағдайын жақсартуға ерекше назар аудара отырып, АҚШ-пен ынтымақтастық аясында азаматтық және құқық қорғау мамандықтары бойынша Қазақстанда ауғандықтарды даярлау бағдарламасын кеңейтуді ұсынды. Екі көшбасшы Ауғанстанның көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға Қазақстанның қатысуын құптады. Сирияға қатысты, тараптар зорлық-зомбылық шиеленісінің оң шешім табуына қол жеткізуге және БҰҰ қолдауымен Женева бейбіт процесі аясында қақтығысты саяси жолмен реттеу негізін нығайтуға бағытталған дипломатиялық бастамаларды құптады.
Қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық
Екі мемлекеттің көшбасшылары өңірлік қауіпсіздікті қолдау үшін ынтымақтастық, өзара ықпалдастық, қол жеткізу және логистикалық маршруттарды кеңейтуге арналған бірқатар келісім жасасуға ниет білдіре отырып, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Екі көшбасшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери ынтымақтастықтың төртінші бесжылдық жоспарына қол қойылғанын атап өтті. Президенттер интернет арқылы жасалатын электрондық коммерция және қылмыс қаупіне қарсы жаһандық ынтымақтастыққа негіз болатын Киберқылмыстар туралы конвенцияға қосылуға Қазақстанның қызығушылығын зерделеуге дайын екендіктерін айтты. Мұндай көпжақты келісімдерге қатысу халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күресу үшін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды нығайтатын болады.
Экономикалық ынтымақтастықты нығайту
Президент Назарбаев және Президент Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзірліктерін білдірді. Президент Назарбаев Қазақстан экономикасындағы Америка Құрама Штаттарының жетекші инвестор ретіндегі рөлін атап өтті. Президент Трамп келешекте халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысудың бұлжымас шарты болып табылатын, Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы міндеттемелерді орындаудың, әділ еңбек қатынастарды қолдаудың, келісімшарттардың мызғымастығын қамтамасыз етудің және зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Президент Трамп Қазақстанның әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі өршіл жоспарларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму институттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүдделілігін атап өтті. Екі көшбасшы тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мəлімдеді жəне Қазақстанға бұл мəртебені беру екіжақты сауда байланыстарын одан əрі нығайтуға жәрдемдесетінін атап өтті. Екі мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Энергетика саласындағы стратегиялық диалог деңгейін көтеруді белгілеп берді. Көшбасшылар цифрлық экономика, денсаулық сақтау, коммерциялық авиация, қаржы, банк ісі, ауыл шаруашылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Президенттер Орталық Азиядағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімге (TIFA) өздерінің бейілдігін растады және Ауғанстанның болашақта TIFA Кеңесінің кездесулеріне қатысуын құптады. Қазақстан және Құрама Штаттар Қазақстандағы қоршаған ортаға төнетін қауіптерді бағалап, табиғи апаттар қатерін азайту үшін ғарыштық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Көшбасшылар, сондай-ақ, Қазақстан экономикасы үшін қандай-да бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатымен санкциялар мәселелері бойынша кеңесіп отыруға ниетті екендіктерін білдірді. Соңында Президент Трамп Назарбаевты Қазақстанның экономикалық әлеуетін паш еткен, аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын «ЕХРО-2017» көрмесінің табысты өтуімен құттықтады.
Адами өлшем
Президенттер адам капиталын дамытуға деген ұмтылыс екі елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестициялар екенін мойындады. Көшбасшылар екі ел арасындағы дипломатиялық және консулдық байланыстарды кеңейтуді жөн көрді. Президент Трамп Қазақстанның ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеруге бағытталған бастамасын құптап, Қазақстан мектептерінде ағылшын тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру үшін көмектесуге дайын екенін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасын Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.
Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.
17 қаңтар 2018 ж. 774 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031